БАӘ-нің Шарджа қаласында таеквондодан «Ханчжоу-2022» Пара Азия ойындарына іріктеу турнирі өтті. Додада қазақстандық таеквондошылар жалпы есепте 1 алтын, 2 күміс пен 2 қола медаль еншіледі.
Әлемнің 12 елінен 70 спортшы қатысқан аламанда 80 келіден артық салмақта Әлішер Ғариполлаев (Атырау) жеңімпаз атанды. Ал 80 келіге дейінгі салмақтың өкілі Жанболат Қазиев (Атырау) пен 47 келіге дейін салмақта өнер көрсететін Милана Красавцева (Қостанай) екінші орынға жайғасты. Осылайша Ә.Ғариполлаев, М.Красавцева мен Ж.Қазиев Пара Азия ойындарына жолдама ұтып алды.
Сонымен қатар ақтөбелік Бауыржан Көшербаев (63 келіге дейін) пен алматылық Нұрбек Жұмахан (70 келіге дейін) үздік үштікті қорытындылады. Осылай параспортшылар 8 жеке жолдамаға қол жеткізді. Бұған дейін Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова, Өмірәлі Нышан, Нысанбек Айдарбеков, Жұмағали Ержанов әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша лицензия еншілеген болатын.