Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірді аралап, тұрғындармен диалог құруды жалғастырып жатыр. Бұл жолы аймақ басшысы Нұра, Абай аудандары мен Қарағанды қаласының жұртшылығымен кездесті. Тұрғын үй, су, абаттандыру, жайылымдық жердің жетіспеушілігі – бұл мәселелерді Нұра ауданының тұрғындары облыс әкімімен кездесуде көтерді. Өңір басшысына нұралықтар электр энергиясының тарифі жоғары екенін де айтып шағымданды. Жеңіс Қасымбек бұл мәселе жайлы білетінін және оны шешудің мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Негізінде, ауданда электрмен жабдықтау қызметтерін бірнеше компания ұсынады. Тұтынушылар тобы үшін тарифтерді саралауға өтінім беру тапсырылды. Бұл қызмет құнын төмендетеді. Шұбаркөл кентінің тұрғындары көпқабатты үйлердің шатырын жөндеу туралы өтініш білдірді. Оларға аталмыш мәселені шешуге «Шұбаркөл көмір» жүйе құраушы кәсіпорны жұмылдырылатыны айтылды. Ал бюджет есебінен бұл кентте мектеп ғимаратының шатыры ауыстырылады. Сондай-ақ жылыту жүйесін жөндеу жоспарлануда. Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетовтың айтуынша, әлеуметтік сала мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Нұра кенті мен Шахтерское ауылында жабық хоккей корттары пайда болады – нысандар құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар орталық кітапхана күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ жеті ауылдық мәдениет үйін жөндеу жоспарланған. Жанбөбек ауылында сумен жабдықтау желілері жаңартылады, оларды қайта құру биыл аяқталады. Нұра ауданында төрт балалар алаңы абаттандырылады. – Бұл кездесу жаңа форматта өтуде. Тұрғындар өзекті мәселелерді айтты. Бірқатар сұраққа бірден жауап берілді. Қалған мәселелер шешімін табады деп ойлаймын, – деді «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп. Ал Қарағанды тұрғындарымен өткен кездесуде абаттандыру, ТКШ, жол мен көлік саласына қатысты сауалдар қойылды. Сонымен қатар облыс әкіміне өңірді бөлу туралы, оның әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына қалай әсер ететіні туралы сұрақ қойылды. – «Қазақмыс» бас кеңселерін Жезқазғанға ауыстырғаннан ешқандай проблема болмайды. «Қазақмыс» пен «АрселорМиттал Теміртау» бюджетке түсетін түсімдердің басым бөлігін береді деп есептейтін адамдар кейде қателеседі деп айтқым келеді. Түсімдердің бұл компанияларға тиесілі үлесі 21 пайыз, ал 17 пайызын шағын және орта бизнес береді. Бұл сектор жыл сайын дамып келеді, бізде жақсы резерв бар. Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда ешқандай іркіліс болмайды, – деді Жеңіс Қасымбек. Қарағанды шетіндегі аймақтардың тұрғындарынан көптеген сұрақ түсті. Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев биыл қала маңына көбірек көңіл бөлінетінін айтты. Майқұдықтағы саябақ абаттандырылады. Сұрыптауда Теміржолшылардың мәдениет үйі жөнделеді. Қарағандыда 26 ауланы ретке келтіру, 11 футбол алаңы мен 62 балалар ойын алаңын орнату жоспарлануда. Тұрғындар тарапынан тасымалдаушыларға қатысты көптеген шағым бар. Жыл соңында Қарағандыда 100 жаңа автобус жолға шығуы тиіс. Облыс орталығы үшін үшінші жылу шығару және газбен жабдықтау құрылысы стратегиялық маңызды болып қала береді. Майқұдықта жаңа мектеп пайда болады. Күнгей және Оңтүстік-Батыс шағын аудандарында үш мектеп салу үшін ЖСҚ әзірленуде. Абай ауданында биыл 42 шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отыр. Кеншілердің өтініші бойынша Вольный ауылы арқылы «Абай» шахтасына баратын жол ретке келтірілмек. Сондай-ақ Абай қаласындағы Абай көшесін жөндеу жалғасады, тағы жетеуі орташа жөндеуден өтеді. Ақбастау ауылында екі көшенің жолдары жөнделеді. Сондай-ақ жыл сайын тасқын кезінде су шайып кететін Тасзаимка ауылына баратын жолды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал Қоянды ауылындағы жолға су өткізгіш құбырлар орнатылып, жол жиектерін нығайту жоспарлануда. Құрма ауылында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша бұрынғы мектепті қайта жөндеу жұмыстары аяқталады. Жаңартылған ғимаратта мәдениет үйі ашылады.
Қарағанды облысы