Желісі ескі, тарифі өскен Қазақстан
Желісі ескі, тарифі өскен Қазақстан

Еліміздегі инженерлік желілердің қай-қайсы­сы­ның да жетісіп тұрғаны ша­малы. Барлығы да жар­ты­лай тозған. Соның ішінде ең қатты тозғаны электр же­­­­лілері. Биылғы мәлімет бойынша,  мұндағы ток та­сы­ған бағана-сымдардың ор­таша тозуы 65,4% бол­ған. Ал салыстыру үшін ай­тар болсақ, өзге инф­ра­құры­лымдардан: жылумен жаб­дықтау – 59%, сумен жаб­дықтау – 50%, су бұру 56%-ға ескірген екен. Бұл жағ­дай еліміздегі электр энергиясының тарифіне кері әсер етіп тұр. Өйткені тозған дүниені жаңа­лау үшін монополистер сәті түссе, бағаны өсіруге дайын тұрады. Биыл күзде де кезекті рет баға көтерілмек.

Тозумен қатар тапшылық болжануда

Энергетика министрлігі электр желілерінің тозуын ең бі­рінші кезекте олардың ескілігімен бай­ла­ныстырады. Көп бөлігі 1970 жылдары пайдалануға беріл­ген бұл инфрақұрылымның өндірісте тұрға­нына 50 жылға жуықтаған. Мәселен, тозу үлесі жа­ғынан ауыр жағдай Шығыс Қазақстан (81%), Ба­тыс Қазақстан (80%) және Қостанай (74%) об­лыс­тарын­да қалыптасып отыр. Олар­ды жаңғырту жұ­мыстары жүр­гі­зі­ліп жатқанымен, бұл тым мар­дым­сыз. Бес жылға бекітілетін та­биғи монополиялар субъекті­лері­нің инвестициялық бағдарла­ма­лары тек тозу деңгейін төмен­дету шараларын ғана қарас­тыра­ды екен. Яғни, тек әр-әр жердегі бөл­шектерін ауыс­тырумен шек­теледі. Одан әріге ақшалары жоқ. Өз кезегінде Энергетика ми­нистр­лігі 2017-2021 жыл­дарға ар­налған жылу және электр энер­гетикасын да­мытудың Стра­те­гиялық жоспарында 230,3 млрд тең­ге қарастырған екен. Соның ішін­де 2018 жылға – 82 млрд,  2019 жылға – 61,2 млрд,  2020 жылға – 46 млрд,  2021 жылға 41,1 млрд тең­ге бөлінген. Бірақ бұл страте­гия­ның да дәрменсіздігін уақыт көрсетіп отыр. «Бүгінде қолда бар электр қуаты 19 700 МВт. 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша электр энер­гиясын өндіру 108,1 млрд кВт/сағат болған. Оның ішінде, елде тұтыну – 107,23 млрд, экс­порт – 866,121 млн кВт/сағат. Ал биылғы жеті айда 66,2 млрд кВт/сағат ток өндірілді. Бұл өткен жыл­дың сәй­кес кезеңімен салыс­тырғанда 7,75%-ға артық. Тұтыну көлемі 5,73%-ға, яғни 65,4 млрд кВт/сағатқа дейін өскен. Был­тыр­ғы осы кезеңмен салыстыр­ған­да солтүстік өңірде тұтыну 6%-ға, оңтүстікте 10%-ға және Бат­ыс Қазақстанда 2%-ға артты. Ми­нистр­лік­тің 2021-2027 жыл­дар­ға арналған электр энер­гия­сы­ның бекітілген болжамды тең­геріміне сәйкес, еліміздің Бі­рың­­ғай энергетика жүйесінде 2027 жыл­дан бастап базалық электр қуатының 898 МВт кө­лем ша­масында тапшылығы болжа­нып отыр», – делінген Энерге-тика министрлігінің хабарла­ма­сында. Әйтсе де, мамандар бүгінгі күннің өзінде-ақ 1000 МВт кө­лемінде реттеу қуатының тап­шы­лығы сезіліп отыр­ғанын ай­та­ды. Оның үстіне, электр тұтынудың ор­таша көрсеткіші 2,4%-ға артқан. Мұның барлығы елі­міздегі майнинг фермаларын орналастыру шара­ла­рымен бай­ланысты болуы мүмкін. Өйткені Қазақстан биыл сәуір айында әлемдегі майнинг өндірудегі үлесі 8,2%-ға жетіп, Қытай мен АҚШ-тан кейін үшінші орынға шыққан болатын.

Мемлекеттен көмек жоқ

Мамандар еліміздің электр же­лілері кешеніне соңғы 15 жыл­да қажетті инвестиция­лар­дың болмауы олардың техноло­гия­лық жағынан да, жарақтануы жағынан да өте қатты тозуына алып келді деп санайды. Бұл саланың дамуына арнайы мем­лекеттік бағдарламалардың бол­мауы да үлкен кедергі болып отыр. Мәселен, «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасында жекеменшік электр желілері компанияларын реконструк­циялау міндеттері қарастырыл­маған. Сол себептен де, бұл са­лаға мемлекеттен бір тиын да бөлініп отырған жоқ. «Кеңес кезінен қалған ескі инфрақұрылымға өте мұқият қа­рау керек. Бүгінде олар толық­тай алмастыруды қажет етіп тұр. Еліміздегі жиілеп кеткен жа­рықтың сөніп қалу оқиғалары, электрмен жабдықтаудың тұ­рақсыздығы қоғамда үлкен на­разылық тудыратынын ұмытпау керек. Оны жергілікті компа­ния­лар да, атқарушы органдар да дұрыс түсініп отыр. Сон­дық­тан да мен келесідей шараларды қабылдауды ұсынамын: елі­міздегі бірқатар энергоком­па­ниялар бастама көтеріп отыр­ғандай, электр желілерін рекон­с­трукциялауды «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізу керек немесе жаңадан ұлттық бағдар­лама қабылдау қажет. Бүгінгі тығырықтан шығудың одан бас­қа жолы жоқ. Мамандардың есеп­теуінше, тозу деңгейі 80%-ға жетіп тұрған бір өңірдегі электр желілерін толықтай мо­дернизациялау үшін алдағы 5 жылда 80 млрд теңгеден астам қаржы керек екен. Бұл ең аз де­генде қажет етілетін қаражат. Өйт­кені мен мұнда жұмыс­шы­лардың еңбекақысын көтеру, арнайы техникалар паркін жа­ңарту шығындарын қосып отыр­ған жоқпын», – дейді «Қа­зақ­стан энергетика қауымдас­тығының» еңбек сіңірген энер­гетигі Жақып Хайрушев.

Тариф тығырыққа тіреп тұр

Осы уақытқа дейін бұл мә­селенің бір шешімі ретінде та­риф мөлшерін көтеру мүмкін­дігін қарастырып келген бола­тын. Тек пандемия уақытында тыйым салынғаны болмаса, сәуір, қазан – баға саясатын қайта қарайтын айлар. Соңғы рет елімізде биыл қаңтар айында таратушы компаниялар үшін, ал сәуір айында өндіруші компа­ниялар үшін тариф өсті. Бірақ ендігі кезекте жағдайдан шығу үшін тарифтің өзі де көмектес­пейтін сияқты. «Тариф дегеніміз шынды­ғында тұтынушыларды да, өндірушілерді де тұйыққа тіреп тұр. Өйткені тарифті көтеру үшін қондырғылар мен жабдық­тарды қалыпты жағдайға әкеліп, жолда ысырап болатын шығын­дарды азайту керек. Ал оларды жөндеу үшін компанияларға қа­ражат керек. Ондай ақшаны олар тек тарифті көтеру арқылы ғана таба алады. Биылдан бастап көптеген энергокомпаниялар үшін шектік тариф қолданыла бастаған еді. Бірақ өкінішке қарай, негізгі қорды жаңалауға ықпал етіп алып отырған жоқ. Ал тұтынушылар қымбат та­рифті уақытылы төлегенімен, жиі жарық өшіп, электр қуаты айырылып, лайықты қызмет ала алмай отыр. Сондықтан да электр­ желілерін түбегейлі ауыс­тыру керек», – дейді Haırýshev energy Telegram каналының авторы, белгілі энергетик Жа­қып Ғалиұлы. Мамандардың айтуынша, егер тозып тұрған электр желі­леріне тезірек модернизация жа­салмаса, тез істен шығып, салдарынан энергия тапшылығы күрт өсуі мүмкін. Ал апатты құрал-жабдықтардан жолда жоғалатын ресурс шығындары артып, бұл айналып келгенде тарифке қайта мінбек. Бұл – бар салмақ тағы да тұтынушының қалтасына түседі деген сөз.

Нұрлан ҚОСАЙ