Арпаөзендегі құнды жәдігерлер қашан қорғауға алынады?
Арпаөзендегі құнды жәдігерлер қашан қорғауға алынады?
429
оқылды
Қаратаудың Келіншектау жотасынан бастау алатын Арпаөзен бойындағы тастарда қола дәуірінен сақталған үш мыңнан аса сурет бар. Олар біздің жыл санауымыздан бұрынғы I-II ғасырларда өмір сүрген халықтың танымы мен пайымынан сыр шертеді. Өкініштісі, көне заманның көзіндей болған дүниелер бүгінде қараусыз, ашық-шашық күйі жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, таңбалы тастардың тарихы мен алдағы күндері 30 жылдығын атап өткелі отырған мемлекеттік рәміздеріміздің арасында біз біле бермейтін ұқсастықтар көп.
«Рәміздер тарихы сонау көне дәуірден басталады. Оның көне таңбалар, хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары, жалаулары мен теңгелеріндегі айшықты белгілерімен тығыз байланысы бар. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік рәміздерді мәдениетіміз бен тарихымыздың көркем туындысы деуге болады», – деді Сәкен Амангелдіұлы.
Петроглифтер тарихын бір кісідей зерттеп жүрген белгілі ғалым Бауыржан Байтанаевтың пікірінше, Арпаөзен бойындағы таңбалы тастарды кеңінен насихаттау үшін осы аймақтан туризм кластерін құру қажет.
«Бұл – қола дәуірінен сақталған құнды дүниелер. Біз осы жәдігерді кейінгі ұрпаққа осы қалпында жеткіземіз десек, алдымен оларды осындай құнды дүниелерге көз салатын қаскөйлерден қорғауымыз қажет. Ол үшін аймақты туристік орынға айналдырып, таңбалы тастарды ЮНЕСКО тізіміне енгізуіміз керек», - дейді ғалым.
Ал, белгілі реставратор Қырым Алтынбеков Арпаөзен петроглифтерін ашық аспан астындағы мұражай жасау арқылы қорғауға алуды ұсынса, қазақстандық кинорежиссер, Канн фестивалінің жүлдегері Сергей Дворцевой Арпаөзен тарихына қатысты тағлымы терең туынды түсіретінін тілге тиек етті. Алдағы күндері Созақ ауданындағы тарихи нысандарды туристерге насихаттау мақсатында «Шығыс сақинасы» деген атаумен тұжырымдама қабылданбақ. Сонымен қатар, Түркістан қаласында мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Арпаөзен петроглифтеріне арналған фотокөрме өткізілмек.