Бүгінде волонтерлік бағыт елімізде ерекше екпін алып, өңір-өңірлерде қарқынды дамып келеді. Алайда осы еріктілердің еңбегі әділ бағаланып жатыр ма? Олардың құқығы қаншалықты қорғалады? Сондай-ақ бұл тек жастарға тиесілі жұмыс ретінде неге бағаланады? Жалпы, ерікті болу тұрғындар арасында жаппай көрініс табуы үшін не істемек керек?
Аймақта волонтерлер қозғалысы қандай?
Жамбыл облыстық волонтерлік фронт-офисінің берген ақпаратына сүйенсек, өңірде құрамында 10 мыңнан аса волонтері бар 13 ұйым, 36 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі және Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған топтар жұмыс істейді екен.
– Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 9,0 миллион теңгеге «Волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған жобаларды ұйымдастыру» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар облыста 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 13 дүкен жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 14 мың отбасына 45 мың тонна киім-кешек үлестірілді.
Өңірдегі жастар ресурстық орталығы мен волонтерлік жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқор», «Таза әлем», «Үміт» және өзге де бағыттар бойынша 10 528 адамды қамтыған 694 іс-шара өткізілді.
Қаңтар оқиғасы кезінде «Әулиеата жастары» еріктілер штабы құрылып, онда 50 ерікті жұмыс істеді. Олар жалғызілікті қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті азық-түліктермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.
Сонымен қатар қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Қоғам сақшысы» топтары ықшамаудандарда, саябақтарда арнайы жадынамалар мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс әкімінің үндеуін таратты.
Облысымызда қан қорының жетіспеуіне байланысты штаб Қан орталығына еріктілерді тарта отырып, 100-ге жуық азамат қан тапсырды, – дейді облыстық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Арайлым Әбдуалиева.
Бұдан бөлек, «Әулиеата жастары» облыстық волонтерлер штабы Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы кеңсесінің қоқыстарын шығарып, ғимараттың қалпына келуіне өз үлесін қосқан. Ал Алғыс айту күніне орай «Тегін такси» қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, жобаға көлік жүргізетін волонтерлер атсалысқан. Тағы бір айта кетерлігі, еріктілер түнгі рейдтерге де қатысып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 16 хаттама толтырған.
Еріктілерге қоқан-лоқы көрсететіндер көп
Байқап тұрсаңыздар, еріктілердің еңбегі ұшан-теңіз. Өңірдегі түрлі оқиғаның басы-қасынан табылып қана қоймай, көліктерімен тұрғындарды тегін тасып, қала қауіпсіздігіне де үн қосып жүр. Енді осы еріктілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланып, еленіп жатыр ма?
– Тараз қаласындағы еріктілер бүгінде 11 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алайда волонтерлердің қауіпсіздігі бізді көп алаңдатады. Олай дейтініміз – еріктілер тұрғын үйлерге барғанда халықтың бірі «Неге келе бересіздер?» деп ақпарат беруден бас тартса, екіншілері қоқан-лоқы көрсетіп жатады. Тіпті, итін босатып жіберетіндер бар. Сондықтан біз волонтерлерге тәртіп сақшылары тарапынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрағанбыз. Бірақ толықтай қанағаттандырылмады. Бір сөзбен айтқанда, еріктілердің қауіпсіздігіне өзіміз жауаптымыз.
P.S. Иә, еріктілердің еңбегі ерен. Әрі жастар қозғалысы өз өміршеңдігін бүгінде дәлелдеді. Әттеген-ай дейтін тұсы – қолдаудың аздығы. Егер еріктілер үшін еңбек кітапшасын жасап беретін болса, көптеген кедергіні еңсерер едік. Мәселен, келе жатқан референдум науқанында өңірлер заң бойынша еріктілердің күшін қолдана алмай отыр. Ол үшін волонтерлердің құқығы мен беделін айқындайтын жүйе қажет. Сондықтан саяси науқанға қатысты үгіт-насихат, шақыру қағаздарын тарату сияқты жұмыстарға тек жастар ресурстық орталығының мамандары жұмылдырылады. Ал олардың саны аз болғандықтан, тірлік баяу жүруде. Осындай сәтте еріктілерге еңбек кітапшасын ашып беріп, қызметкер ретінде қарайтын болсақ, заңға да қайшы әрекет етпейтін едік. Алда әлі талай саяси һәм қоғамдық науқандар болатыны анық. Сондықтан Үкімет үйінде отырғандар осы мәселені зердеден өткізіп, ұтымды шешім шығарады деп сенеміз.
Жамбыл облысы