Тәртіп сақшылары мен еріктілер есірткіге қарсы рейд жүргізді
Тәртіп сақшылары мен еріктілер есірткіге қарсы рейд жүргізді
Фото: Сұлтан Сеитов
Елордада волонтерлер мен тәртіп сақшылары есірткіге қарсы рейд жұмыстарын жүргізді. Аталған науқан барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қала тұрғындары мен қонақтарына психоактивті заттарды қолданудың зиянды жағы, нашақорлықпен күресу және оның алдын алудың алғышарттары жазылған парақшалар мен буклеттер таратты. Өз кезегінде «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитов мұндай рейдтер қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірге тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтты. – Іс-шара Esirtkige jol joq жобасы аясында өтуде. Оның мақсаты – ең алдымен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу. Бұған дейін қаладағы базарларда, жоғары оқу орындарында, аялдамалар мен саябақтарда ақпараттық буклеттер тарататынбыз. Ендігі кезекте біз оны дәстүрлі түрде адамдар көп келетін «Сулы-жасыл желекті бульвар» маңында өткізудеміз және осы акция барысында 500-ге жуық буклетті таратуды жоспарлап отырмыз, - деді Олжас Хамитов. Сондай-ақ «Балаларды қорғау жылы» және «Назар аударыңыз, балалар» республикалық акциясы аясында филиал қызметкерлерімен «Есіл» ауданының кәмелетке толмағандар унитарлық кәсіпорны, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Астана жастары» КММ және полиция жас инспекторлары жасағымен бірлесіп, №66 мектеп-лицейінің оқушыларымен профилактикалық жұмыс жүргізді. Тәртіп сақшылары мен еріктілер азаматтарға жолда жүру ережелерін сақтау қажеттігі туралы 150-ден астам брошюра таратты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жазғы демалыс қарсаңында кәмелетке толмағандар балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көптеп тіркелген. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері барлық жол қозғалысы қатысушыларын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жолда қырағы және мұқият болуға шақырды.