Ғабит Мүсірепов достық сапарымен әлемнің көптеген елін аралаған. Ғабең болған жерлерінде біздің елімізде не жоқ, өзге халықта не бар, соны барлап, қаламгер көзімен қарап, сараптап, барған елдері туралы тамаша дүниелерді әкелді. Шетелдерге жасаған саяхатының нәтижесінде туған әңгімелері, аудармалары, жолжазбалары, ынтымақтастық, достық хақында сөйлеген сөздері жайлы өзінің «Достық сапары» атты кітабында кеңірек баяндаған. Мәселен, «Жапон әсерлері», «Жапон балладасы», «Кездесулер», «Бүкілафрикалық мәдениет фестивалі», «Каирдегі маңызды кездесу», «Әдебиетіміздің ізгі дәстүрі», «Азия-Африка жазушыларының қозғалысы жаңа белесте», «Ұлт әдебиетінің ынтымағы – ұлы күш» (Азия және Африка жазушыларының Делидегі 4-ші конференциясының дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талқылаған комиссиясында сөйлеген сөзі), т.б.
Қаламгер 1965 жылы арнайы сапармен Жапония еліне, Токиоға барады. Жапон тобының жетекшісі, үлкен романист-жазушы Тацудзо Исикаваға барып жолығады. Сол сапарында жазушы 1945 жылы Америка Құрама Штаттары тарапынан Жапонияның екі ірі қаласы Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасының адам айтқысыз зардаптарының күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанына куә болады. Соның әсерінен суреткер қаламынан «Жапон балладасы» атты атақты шығармасы дүниеге келеді. «Арқаның әңгімесі», «Көздің әңгімесі», «Тастың әңгімесі» деп аталатын әңгіме-новеллалары арқылы XX ғасырдың ең сұмдық, ең алапат атом апатын әшкерелеп, бұл соғыстың жапон еліне әкелген қасіреті туралы ашына жазады. Осы шығармасы арқылы жер бетіндегі бейбітшілікті қорғаудан асқан құндылық жоқ екендігін аңғартады. Осындай адам айтқысыз қасірет Қазақстан халқының да басынан өтті. 1949–1989 жылдары, яғни 40 жыл бойына Семей өңірінде КСРО тарапынан жерасты, жерүсті атом жарылыстары жасалып, үлкен бір аумақ сынақ алаңына айналғанын тарихтан білеміз. Осы жылдар ішінде қаншама халық, қаншама ұрпақ, қаншама мал-жан, қаншама табиғат, қаншама тіршілік зардап шекті! Бұл атом полигоны жабылғанымен, залалын халық әлі шегіп келеді. Ғ.Мүсірепов «Жапон балладасын» жазған кезде жүрек түкпірінде «Семей қасіреті» жатқаны күмәнсіз. Ол заманда оны ашық айтуға болмайтын еді. Суреткер соны астарлап, тұспалдап жеткізіп отырғанын зерделі оқырман түйсінері сөзсіз.
Ғ.Мүсірепов 1968 жылы жапон жазушысы, профессор Тоцуо Куродо-санға «Жапон балладасы» әңгімесінің жазылу тарихын баяндап хат жазған. Хат орыс тілінде. Онда жапон жазушыларының, ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің арасында достарының көп екендігін және жапон халқына деген достық сезімін жеткізу, олардың рухани күшін, ерік-жігерін көрсету мақсатында үш шағын әңгіме жазғанын айтады. Туындысының «Қазақ әдебиеті» газетінде, Мәскеуден шығатын «Литературная газетаның» беттерінде жарық көргенін, жапондық жазушы достарының назарын аудартқысы келетінін баяндаған.
Ғ.Мүсірепов – Азия мен Африка елдері жазушыларының әдеби байланыстарын нығайтуға және кеңейтуге, отандық әдебиетімізді насихаттауға көп еңбек сіңірген үлкен қоғам қайраткері. Әлемнің көптеген елдерінде Азия және Африка жазушыларының Ташкент, Бейрут, Дели, Алматы конференцияларын белсенді түрде ұйымдастырушы болды. Бейбітшілік күрескері ретінде Алматы және Мәскеуде ғана емес, Париж, Рим, Джакарта, Токио, Каир, т.б. қалаларда өткен халықаралық конференцияларда сөз сөйлеп, көкейкесті мәселелерді көтерді. Ғ.Мүсірепов 1960 жылдардан – «Европа мәдениеті» қоғамының мүшесі және Азия-Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі кеңестік комитет төрағасының орынбасары болды.
Қаламгер өзінің «Уақыт және әдебиет» (1982) атты зерттеу еңбегінде де шетелдік сапарлары жөнінде жазған: «…Италияда үш рет болдым: көктемде, жазда және қыста», «Алжирде мені қазақ инженерлері іздеп келді. …Шетелде біздің газет-журналдарымыздың қалай тарайтынын білмейді екенмін. Алжирде «Қазақ әдебиеті» газетін жаздырып алады екен». «Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Бірақ солардың бірде бірінде ең алғашқы қадамымды басқан туған жердегі дала жолдарындағыдай жүректі ауыртатын, тебірентетін сезімді бастан кешпедім», – деп жан сырын да ақтарады.
Ғабеңдей ұлы дарынның әлемнің ірі қалаларына сапарынан көптеген ақын-жазушы, қоғам қайраткерлерімен танысып, табысып, араластығы үлкен достыққа айналған. Қазақта «Достықта жоқ шекара» деп бекер айтпағанына көзіңіз тағы бір мәрте жетеді. Қаламгердің достық сапарынан туған шығармалары әдебиетіміз тарихында мәңгі жасай берері хақ!
Назгүл АЛТАЕВА,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің бөлім меңгерушісі,
Алматы қаласы