Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас ғимаратында «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішевтің жетекшілігімен жиын өтті. Онда «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы және 2021 жылғы қызметінің қорытындылары туралы есебі тыңдалды. Отырыста «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және Ұлттық компанияның жауапты қызметкерлері сөз сөйлеп, сарапшылар қауымдастығының өкілдері мен өзге де мүдделі тараптар онлайн форматта қатысып, өз сұрақтарына жан-жақты жауап алды.Реформалық сесті байқатқан жиын
Бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан серпінді өзгерістердің дүмпуін қай саладан да байқауға болады. Ұлттық компанияда бұл жолы болып өткен жиыннан оның ішкі тынысын қоғаммен ашық бөлісудегі реформалық сесті байқадық. Өйткені портфельдік компаниясындағы мәселелерді орталықтандырылған жүйеде ашық талқылау жасауы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында да іргелі қозғалыстар барын білдіреді. Естеріңізде болса, кеше жиыны өткен Қоғамдық кеңес кандидаттарды ашық конкурстық іріктеу жолымен 2021 жылдың желтоқсан айында құрылған болатын. 10 мүшеден тұратын ұйымның 7 өкілі азаматтық қоғамнан, 3 өкілі қордан таңдап алынған. Сонымен, Қоғамдық бақылаудың жария талқылауы барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еліміздегі және саладағы жүйеқұрушы кәсіпорын ретіндегі рөлі атап өтіліп, ұлттық тасымалдың проблемалары мен перспективалары сөз болды. Республикадағы жүк айналымының жартысынан астамы теміржол көлігіне тиесілі болса, ал жолаушылар айналымының 75%-ы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншісінде. Осы уақытқа дейін Үкіметтің қолдауымен Ұлттық компания тарапынан келісімшарттардың Offtake тетігі арқылы қолдау көрсетілетін жаңа кәсіпорындардың тұтас жүйесі құрылды. Соңғы жылдары отандық өндірушілерден 500-ге жуық локомотив, 3 000-нан астам вагон мен платформа, 500 мың тоннаға жуық рельстер және өзге де теміржол өнімдері сатып алынды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ еліміздің транзиттік саясатын табысты түрде жүзеге асырып отыр. Соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы транзиттік ағын бірнеше есе өскен.
«2021 жылды ҚТЖ компаниялар тобы оң көрсеткішпен аяқтады. Тарифтік жүк айналымы 233 млрд ткм құрады. Контейнерлік тасымал артты. Қазақстан аумағы арқылы контейнерлік транзит 1 миллион ЖФЭ-ден асты. Компанияның қаржылық нәтижесі шамамен 120 млрд теңгеге жетті. Корпоративтік басқару жақсарды. S&P рейтинг агенттігі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ұзақмерзімді рейтингін «ВВ» деңгейіне дейін көтерді.
Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, компанияда қомақты қарыз мәселесі өткір тұр. ҚТЖ міндеттемелерінің үлесін «тұрақты» валютада соңғы үш жылда 57%-дан 36%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның шоғырландырылған борышы 1,9 триллион теңгені (номинал бойынша) құрады, оның ішінде 36%-ы «тұрлаулы» валютада», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының Стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов.
Тариф бәсекеге қабілетті болуы тиіс
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның қаржылық жағдайы, сондай-ақ теміржол активтерін ағымдағы ұстап тұру және жаңарту мәселелерін шешу тарифтерге тікелей байланысты. Әйтсе де, бүгінде қолданыстағы тарифтік жүйе бәсекелі нарық талаптарына жауап бермейді. Өйткені ол нарықта жеке тасымалдаушылар болмаған кезде қалыптасқан болатын. Қазір компанияда 109 мың адам қызмет етеді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ бәсекелестікке қарсы емес. Алайда теміржол жүк тасымалдарында бәсекелі тетіктерді әзірлеу бойынша жүйелі шаралар қажет. Оның үстіне, компания қызметкерлерінің жалақысын көтеруге арналған шығыстар тарифпен қамтылмаған. Соған қарамастан Ұлттық компания елдегі ең ірі жұмыс беруші бола отырып, өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына және кадр әлеуетін дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. 2021 жылы өндірістік персонал жалақысы 20%-ға, биылғы қаңтар айынан бастап 30%-ға артты. Жалпы, компаниялар тобы бойынша жалақының өсуіне 2 жыл ішінде 130 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. 2022 жылдың 4 айында теміржолшылар жалақысы ел бойынша орташа деңгейден асып түсті», – деді басқарма төрағасының орынбасары.
Компания өз қызметкерлеріне әртүрлі жеңілдіктерді қамтитын кепілдендірілген әлеуметтік пакетін ұсынады. Кәсіби және жеке дамуына жағдай жасап, жастар саясатына, саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі және ауқымды қайырымдылық науқанын жүргізеді. Компаниядағы еңбек қатынастары әлеуметтік әріптестік қағидаты бойынша реттеледі. Қызметкерлердің 92,5% ұжымдық шарттармен қамтылған. Компанияда еңбек жағдайларын жақсартуға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінген. 2021 жылы еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларға шамамен 14 млрд теңге бағытталды.
Ірі жобалар тасымалдың екінші тынысын ашады
Қоғамдық кеңес мүшелері компанияның ірі инфрақұрылымдық жобалары туралы құлағдар етілді. Бұл «Достық –Мойынты» теміржол дәлізін жаңғыртуға қатысты. Жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілген. Оны іске асыру жүктерді тасымалдау жылдамдығын және «Қытай – Еуропа – Қытай» транзиттік дәлізі бойынша теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілетін бес есе арттырады. Бұдан басқа, компания Алматы стансасын айналып өтетін Дарбаза – Мақтаарал мен Жетіген – Қазыбек Бек айналма теміржолдары желісін салуды жоспарлап отыр. Дарбаза – Мақтаарал желісі Сарыағаш МАТП және Ташкент тораптарындағы инфрақұрылымдық шектеулерді «кеңейтуге» мүмкіндік береді. Жетіген – Қазыбек – -Бек айналма жолы жүк ағынын қайта бағдарлау есебінен Алматы торабының жүгін жеңілдетуді қамтамасыз етеді және жүк жеткізу уақытын қысқартады.
Жолымыз – темір, адамдарымыз – алтын
Қоғамдық кеңес отырысы кешенді мәселелерге арналды деуге болады. Мұнда тасымалдан бөлек, корпоративтік те, қаржылық та, қауіпсіздік те, комплаенс мәселелері де қаралды. Мәселен, компанияның комплаенс-қызметі бойынша 2021 жылы «жедел желі» арқылы 220-дан астам өтініш келіп түскен. 8 қызметтік тексеріс жүргізіліпті, одан бөлек басшы лауазымға 26 үміткер үлестестігі мен мүдделестігінің болуы/болмауы тұрғысынан тексерілген. «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымдарының 52 мыңнан астам қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, этика және мінез-құлық бойынша оқытудан өтті. Ал қауіпсіздік мәселесінде жол қозғалысынан бөлек, қызметкерлердің жұмыс орнындағы жайлылығына да баса мән беріледі. 2021 жылы еңбек қорғауға 14 млрд теңге бөлінген. Компанияда қызметкерлерге егер жұмыс барысында өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын көрсе, одан бас тартуға немесе тоқтатуға құқық берілген. Бұл мүмкіндікті былтыр 600 адам пайдаланған. Қалай болғанда да «Біздің жолымыз – темір болғанымен, адамдарымыз – алтын» деген тәмсілді ұстанатын Ұлттық компанияның жұмысында осы жиында сөз болған жаңа мұрат пен мақсаттың жайлылық, жылдамдыққа бағытталғаны анық.