Университетте намазхана ашқан дұрыс па?
Университетте намазхана ашқан дұрыс па?
© коллаж: Әсел Балтақызы
816
оқылды
Қазақстан – зайырлы мемлекет! Бұл – тәуелсіздік таңында таңдап алған сара жолымыз. Сол себептен де мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек қарастырылады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша елімізде кез келген діни қызметті діни ғимараттардан басқа жерде, соның ішінде білім беру ұйымдарында да атқаруға тыйым салынған. Дұға жасау рұқсат етілсе... Демократиялық құндылықтарға негізделген азаматтық ұстанымымызда дінді ұстану әркімнің жеке шаруасы саналады. Әйтсе де, дін жолындағы жерлестеріміздің мезгіл-мезгіл өз мүдделерін зайырлы ортаға тықпалап жататын кездері аз емес. Бұл жолы ондай ұсынысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану пәнінің оқытушысы Елнар Берікбаев айтты. Ол діни экстремизммен күрес аясында заңға бағынышты дін жолындағы адамдардың құқын шектеуді қоюы керек деп санайды. Заңнаманы бұзған заңды тұлғаларға 200 АЕК, жеке тұлғаларға 50 АЕК айыппұл салу жазасы қарастырылған. «Мемлекет жастардың діни бостандығын тым асыра сілтеп, жаппай шектеуден бас тартқаны жөн. Бәрінен бұрын университет қабырғаларында дұға жасауға салынған тыйымды алып тастау керек. Мұсылмандарға бес уақыт намазын қаза қылуға болмайтыны белгілі. Олардың әрқайсы­сының міндетті уақыты бар. Осы ретте универ­ситеттегі жастар намазын қаза қылмау үшін және де заңды бұзып, айыппұл арқаламау үшін бес уақыт парызын қашып-пысып баспалдақтардың астында немесе қосалқы орынжайларда оқуға мәжбүр. Бұл оқшаулану болмаса секемдену сезімдерін тудырып, ЖОО әкімшілігімен және мемлекеттік органдармен жанжал тудыруы мүмкін. Ал экстремистік ұйымдардың адам тар­тушылары бұл жағдайды өз мүдделеріне пайда­ланып кетуі ықтимал. Олар біздің елді Исламға жау мемлекет етіп көрсетіп, билікке қарсы күрес­ке үндейді. Сол себепті де университеттерде қа­жеттілігі бар жерлерде мүліктермен жабдықталған дұға ету бөлмелерін (намазханалар) ашу қажет. Бұдан оқу орындары діни экстремизмнің оша­ғына айналып кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Ал діни жиындар, уағыз айту, діни әдебиеттер тарату, діни мұқтаждықтарға садақа жинау деген сияқты діни қызметтердің басқа түрлеріне тыйым сақталып қалу керек», – дейді Елнар Берікбаев. Еліміздегі жоғары білімнің қара шаңыра­ғы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қабыр­ғасынан мұндай әңгіменің айтылуы ойды сан-саққа жетелейді. Әйтсе де, заңнамамен салынған тыйым шараларының кезінде қанша жерден сынға ұшыраған болса да ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте қажетті шешім болға­нын, ең бірінші кезекте жастарды деструктивті діни ағымдарға түсіп кетуінен сақтау үшін керек болғанын, еліміздегі діни жағдайды тұрақтандыру бойынша өз функциясын атқарып шыға алғанын оқытушы қызметкер мойындап отыр. Жастарға ие болғанымыз жөн Бұл бастамадан ешқандай сөкеттік көрмей, қолдау білдіруге дайынмын деушілер де баршы­лық. Сондай замандастарымыздың бірі – белгілі дінтанушы, тарих ғылымдарының докторы Асыл­бек Ізбайыров. Ол бұл тақырыпқа бару үшін бірінші кезекте Исламға деген позициямызды анықтауымыз керек деп санайды. Өйткені әр­қилы пікір айтқанымызбен, қазіргі қоғам оны тарихи санамыз ретінде әлі толық мойындаған жоқ. Этногенез процесінде Исламның үлкен рөлі болғанын, халықтың мәдениетін, әдебін, дүние­танымын қалыптастырудағы орнын толық тұжырымдаған жоқ. «Ислам – біздің халықтың санасындағы басты дүниетанымдық конструкция. Егер біз өзімізді-өзіміз танығымыз келсе, біріншіден ис­ламдық процестерге жол ашуымыз керек. Екін­шіден, жастар қазір дінге өте қатты қызығушылық танытып отыр. Егер біз дінді мемлекет тарапынан дұрыс бір бағытқа бағыттамасақ, онда басқа бір ағымдар пайда болып, бастаманы солар иеленіп кетеді. Осы потенциалды өздерінің мүдделеріне пайдаланып, мемлекеттік саясатты бұрмалап алады. Жастарға өзіміз ие болып қалмасақ, басқалар өз мүдделеріне пайдаланып кетеді. Сондықтан да олардың радикалды идео­логияға кетіп қалуына жол бермеу керек. Жас­тарда дінге қызығушылық бар ма, оларға біз дұ­рыс нәрсе ұсына білуіміз қажет. Қазір геосаясатта дін қақ­тығыс құралына айналып кетті, соның да салқыны бізге қатты тиіп жатыр. Осының барлығын алдын алып, мемлекет қол қусырып отырмауы керек. Тек қана тыйым салумен мәселе шешілмейді. Өйткені тыйым салғаннан дінге деген құштарлық тоқ­тамайды. Ол керісінше күшейе түседі. Сондықтан да біз дінге деген сұранысқа сәйкес қадамдарға баруымыз керек. Біз діннен қашпауымыз керек, одан қашқаннан ол жоқ болып кетпейді. Кері­сінше, біз енді одан құтылмаймыз. Өйткені ол – біздің тарихи сана­мыз, дүниетанымдық бол­мы­сымыз!», – дейді дінтанушы. Асылбек Ізбайыровтың айтуынша, қазір әлемдік діни аренада үлкен идеологиялық тай­талас жүріп жатыр. Оның Қазақстан үшін де әсері орасан. Мұндай такфирлік құбылыстың кең көрінісін мешіттерден көруге болады. Сондықтан да жастар мешіттердегі радикализмге ұрынып қалмауы үшін оларға мешіттен тыс та қолдау көрсетіп, қолайлы ахуал жасап, университеттерде намазхана ашқан дұрыс. Бірақ, дәл қазір емес. Әуелі мешіттердегі тайталасты бір жөнге келтіріп алу керек. Сосын барып зайырлы орындарға көшуге болады. Бұл – кешенді шараны талап ететін жауапты шаруа. Университет сапалы маман даярлауы керек Зайырлы жолды таңдап, дінді мемлекеттен бөлек қарастырған биліктің бұл шешімі өте орынды және дер кезіндегі шара болғанын уақыт көрсетіп отыр. Ендеше, осы бағыттан бас тартпау қажет деп санаушылар да аз емес. Бізге тео­логиялық емес, демократиялық құндылықтарды биік ұстап қалу қажет дейді олар. «Жоғары оқу орындарында, жалпы оқу орын­дарында, мемлекеттік кәсіпорындарда на­мазхана ашу біздің Ата заңымызға қарсы. Өйткені біз – зайырлы мемлекетпіз. Бұл мәселені әу бастан жан-жақты қарастырып, осындай шешім­ге келген болатынбыз. Ал енді оған несіне рұқсат береміз? Бүгін намазхана ашты делік, универ­си­тетте басқа дінді де ұстанатын студенттер көп қой, олар да ертең мінәжат ету орнын, ғибадат ету орнын, ең ақыры діни ғұрып бұрышын ашуды талап етіп шықпасына кім кепіл? Сонда олардың барлығына бірдей ашып бере береміз бе? Бұл деген Қазақстан азаматының құқығын бұзу боп танылады ғой! Сондықтан жалпы бұл сұрақты қоюдың өзі дұрыс емес! Жоғары оқу орындарының жұмысы, ол – сапалы білім беру, біліктілігі жоғары мамандар дайындау, жұмысқа тұрғызу. Тіпті, ЖОО-лардың өзінің шешілмей жатқан мәселесі жеткілікті», – дейді ҚР Білім беру жүйесінің құрметті қызметкері Қа­дырбек Бөрібеков. Қадырбек Қозыбайұлының айтуынша, Қа­зақстандағы қазіргі білім сапасы тоқсаныншы жылдардағы білім сапасымен салыстыруға кел­мейді. Елімізде білім беру мәселесінде жетіспей жат­қан үлкен проблеманың бірі – студенттердің практикалық тәжірибеден өту мүмкіндігінің жоқ­тығы. Мәселен, бұрындары әрбір оқу орны­ның қа­сында тәжірибеден өтетін кішігірім за­уытта­ры, ша­ғын цехтары болатын. Ал қазіргі ауыз толтырып тех­нопарк деп жүргендері кішігірім ғана ғима­рат­тағы өндірістер. Сондықтан да рухани-діни мәсе­ле­лерден бұрын осындай маңызды мәселені көтеру қажет. Мектептен мешіт көп емес пе? Қасиетті ата дініміз Ислам болғанымен, оның радикалданып кеткен жаңа үлгісі мен жетпіс жылдық атеистік идеологияның нәтижесі бүгінгі буынды екіұдай күйге салып отырғаны рас. Кішкене ғана оқу орнының аясындағы айтылған бір пікір, қоғамдық резонансқа айналып отыр­ғаны сондықтан. Оны жақтаушылар да, қарсы уәж айтушылар да бола бермек. «Университеттерде намазхана ашу дұрыс емес! Өйткені, бізде бұған дейін реттеліп қой­ғандай, діни ғұрыптар діни орындарда атқарылуы керек. Бұл сонда әрбір азаматтың құқына құр­метпен қарау дегенді білдіреді. Енді келіп оны ЖОО-ларға тықпалауы тым асқынғандық. Ал намазхана ашты делік. Бір топ студент намаз оқиды. Бір-бірін танымаса да, бір тілектестік әңгіме болатыны анық. Олардың бірі радикалды пиғылда болса, ол осы қарым-қатынас барысында қалғандарын улайды. Қатарларына мешітке көп бара бермейтін жаңа адамдар тарта бастайды. Осылайша, біз университет қабырғасында жүр­ген көңілі таза студентті бұзып аламыз. Сондық­тан бұл мәселенің көтерілуі орын­сыз деп санай­мын. Елімізде мәселен мектептерден мешіт көп емес пе? Дін жолындағыларға сол да аз болып отыр ма?» – дейді Жоғары оқу орындары қа­уымдастығының президенті Рахман Алшанов. Бұл мәселе күн тәртібінде тұрмаса да, ұсы­ныс қылаң бере бастады. Әйтсе де, бұл пікірге тікелей қатысты Білім және ғылым министр­лігінің по­зи­циясы белгісіз болып қалып отыр. Ендеше бұл сұ­рақ соларға: «Университетте на­мазхана ашқан дұрыс па?».