Алматы облысының орталығы мен Алматы қаласы маңында орналасқан аудандар аумағында мыңдаған адам саяжайларды паналап отыр. Заманында қалада тұратындардың жаз айларында демалыстарын өткізіп, бау-бақша егуі үшін мемлекеттен тегін берілген саяжайлардағы үйлердің көбі уақытша баспана ретінде салынған. Сәйкесінше, бүгінде олардың мәселесі қордалана түсті.
Рас, қазір саяжайда аласа үйлер азайып, екі-үш қабатты коттедждер көбейген. Сонымен бірге ондағы тұрмыстық, әлеуметтік қажеттіліктерді өтеуде және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде көптеген мәселе туындап отыр.
Еліміздің әр түкпірінен мегаполиске келіп, саяжайға қоныстанғандар ондағы тұрмысты жайлы етуге байланысты әлеуметтік қолдау шараларын талап ете бастады. Әлеуметтік нысандардың жоқтығы, жолдың нашарлығы, ауызсу сапасының төмендігі, электр қуатының жиі сөнуі саяжайлықтардың жанына батады. Талдықорған қаласының төңірегіндегі және Алматы қаласы маңындағы Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының аумақтарындағы осындай қоныстардағы тұрмыстық теңсіздік, әлеуметтік әділетсіздікке қатысты мәселелер бақылаудан шығып, ірілі-ұсақты дау-дамайға себепші болып тұр.
Талдықорған қаласы маңындағы саяжай тұрғындарының да жанайқайы биліктің мазасын қашырғалы біраз жыл болды. Жарықтың жиі сөнуі, электр желілерінің талапқа сай келмеуі, жолдың жүруге де жарамайтындығы, көпір мен жолаушылар тасымалының түйткілдері тұрғындарды мезі етті. Билік қарап отырмай, мәселені заң аясында шешіп-ақ жатыр. Дегенмен сайжай тұрғындарын мазалаған мәселенің бірі реттелсе, енді бірі алдан шығады.
Талдықорған қаласының әкімі де осыдан біраз бұрын саяжайларға өзі барып, тұрғындар уәжінің негізсіз еместігіне көз жеткізіп қайтты. Біраз уәде берді. Оның қай деңгейде орындаларын уақыт көрсетеді.
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың халықпен кездесулерінде де бұл мәселелер жиі көтеріледі. Өңір басшысы саяжайлар мәселесін кешенді түрде қарастыру қажеттігін айтқан. Қазір барлығы дерлік Алматы агломерациясында орналасқан саяжайларда 214 мың адам тұрады. Облыс әкімі бюджет қаржысы мен жеке инвестицияны тарта отырып, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында жаңа тұрғын үй салу мен инфрақұрылым жүргізу арқылы сол тұрғындарды қоныстандыру немесе саяжайларға елді мекен мәртебесін беру мәселесіне баса назар аударған еді. Бұл мәселені шешудің арнайы жоспары әзірленіп, оған тиісті ұсыныстар енгізіледі.
Жақында Еңбекшіқазақ ауданында болған облыс әкімінің жұртшылықпен кездесуінде жылдар бойы қозғалып келе жатқан саяжайлар мәселесі тағы да көтерілді. Сол жиын барысында айтылғандай, қазіргі кезде облыста 705 саяжайлық алап бар екен. 189 саяжайда 200 мыңға жуық адам қысы-жазы тұрады. Десе де, бұл деректің өзін де нақты деп айту қиын.
Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданының өзінде халқының саны 300 мыңнан асатын 135 саяжай бар. Талғар ауданында да жағдай осы. Олар саяжайларға ауыл мәртебесінің берілгенін қалайды. Солар арқылы саяжай тұрғындарының көңілін күпті еткен мәселелерді оңай шешуге болады. Қолданысындағы заңнамасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қазынаның қаражаты тек ауылдық және қалалық аумақтарды дамытуға жұмсай алады. Ал саяжай кооперативтерінде ондай мәртебе жоқ. Демек, саяжайларға елді мекен мәртебесін беру көп мәселенің түйінін тарқатқалы тұр.
– Мен бұл мәселелерді Президент пен Үкімет басшысына баяндадым. Ұсыныстар қолдау тауып, мақұлдауға ие болды. Бүгінде әр ауданға бас жоспарларға түзетулер енгізіп, одан ары егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстарын жүзеге асыру үшін 500-700 миллион теңгеден бөлмекпіз. Жыл соңына дейін бас жоспарларға қатысты ауқымды әрі күрделі жұмыстарды аяқтаймыз деп жорамалдаймын. Келесі жылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қолға аламыз. Одан кейін республикалық бюджеттен қаражат алуға бюджеттік тапсырыс береміз және жергілікті қазынадан да қажетті қаражат қарастырамыз. Ойға алғандар ретімен орындалса, екі-үш жылда облыстағы саяжайлардың барлығы елді мекен мәртебесін алады. Оған дейін шыдай тұруға тура келеді. Жылдар бойы шешімін күткен проблемалар үшін бірер жыл күте тұруға болады ойлаймын, – деген Қанат Бозымбаев жиынға келгендердің басқа да сұрақтарына жауап қайтарды.
Тоқетерін айтқанда, Алматы облысындағы саяжай қауымдастықтары мен бау-бақша серіктестіктеріне елді мекен мәртебесін беру арқылы облыс бойынша 200 мыңнан астам тұрғынның әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің шешімін табудың жолы қарастырылып, тетіктері ойластырылып, нақты қадамдар жасала бастады. Егер саяжайлардағы тұрғындардың саны 200 мыңнан асатынын, олардың 183 мыңы Алматы сынды алып мегаполистің айналасындағы аудандарда тұратындығын ескерсек, олардың елді мекен статусын алуы, оңтүстік астананың жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, облыстың да өркендеуіне өзіндік серпін берері сөзсіз.