Жуырда Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ендігі кезде әрбір өңірдегі әкімдердің рейтингісі салынған жолдардың сапасы бойынша анықталатынын мәлімдеді. Бұл бұдан кейін жол жөндеу мен салу жұмыстарын немкетті жүргізетін мердігер компанияларға бақылау күшейетінін аңғартады.
Қызылорда облысында да сапасыз жол, сүреңсіз көшелерге байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Өңірде былтыр салынған жол биыл қайта жөнделіп жатады. Соның салдарынан шет аймақтың жолдарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді.
Десе де қалада әлі де болса жол азабын тартқан аймақтар аз емес. Оны тұрғындардың уәжінен аңғаруға болады. Бір ғана Қызылорда қаласының өзінде жолдары шұрық тесік, тозық жеткен көшелер жеткілікті. Тұрғындар сөзіне құлақ түрсек, қаламыздағы шет аймақ көшелерінің халі тіптен мүшкіл. Әсіресе жаңбыр мен қар суынан иленіп, аяқ алып жүргісіз күйге түсетіні жанға батады. Мәселе рет-ретімен шешімін тауып келеді дегенімізбен, әлі атқарылуы тиіс жұмыстар азаймай тұр.
Қала іргесіндегі Белкөл кенті тұрғындарының айтуынша, ауылда жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Халық саны жыл санап ұлғайған кенттегі бұл мәселенің билік тарапынан ескерусіз қалуының себебі түсініксіз.
– Кентте жолдан өту қауіпті. Бір ғана Бірлік көшесін айтсам жетіп жатыр. Бұл көшеде жергілікті әкімдік ғимараты да орналасқан. Соған қарамастан жолға ешқандай тротуар салынбаған.
Күнделікті балаларымның сабаққа барар, үйге қайтар уақытында олардың қауіпсіздігіне алаңдаймын. Өйткені жеріміз шаңды топырақ болғандықтан балалар көлік жүретін жолмен жүреді, – дейді кент тұрғыны Жадыра Сыздықова.
Тұрғындар ауылда мүлде жаяу жүргіншілер жолы салынбағанын айтады. Олар елді мекенге автомобиль жолы жаңадан төселіп, енді біріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса да жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі назардан тыс қалғанына ашынады.
Қала іргесіндегі Тасбөгет кентінде де жолға қатысты жағдай мәз емес. Кенттің Жанкин көшесінің шет аймағын мекендейтін тұрғындары сапалы жол салынып, жарықтандыру жұмыстарының жүргізілгенін қалайды.
Себебі кедір-бұдыр жолдан көліктердің қатынасы қиындық туғызады. Сондай-ақ шаңды топырақтан жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы мұңға айналған. Одан қалды бұған дейін тартылған электр желісі де ұрланып, жарықтандыру жұмыстары де аяқсыз қалған.
Басқаны былай қойғанда, кент орталығындағы негізгі Есенов көшесінде де жаяу жүргіншілер жолы мүлде салынбапты. Соның салдарынан тұрғындар жаңбыр жауса батпаққа батып, азапты күн кешіп жүр. Бұл мәселені талай мәрте айтқанымен жергілікті биліктен еш қайран болмаған.
«Бұл көшеде ертеректе жаяу жүргіншілер жолы болған. Оны жартылай топыраққа көміліп, әбден тозығы жеткен жол қалдықтарынан байқаймыз. Бірақ егемендік алған жылдан бері бұл көшеге бірде бір тротуар салынбады. Негізінен бұл көше қала мен кенттің арасын жалғайтын негізгі көше саналады. Солай бола тұрса да, жаяу жүргіншілер жолын салу ешбірінің қаперіне кірген емес. Қаланың орталық көшелерін сылап, сипай бергенше шет аймақтың жолдарына бір назар аударғандары дұрыс болар еді», – деп мұңын шақты кент тұрғыны Өмірғали Әбілқасымов.
Сол сияқты қаладағы Ж.Бекхожаев көшесінде де жаяу жүргіншілер жолына қатысты мәселе туындаған. Бұл көшеге жуырда ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Көше тұрғындары бұл игі іске дән риза. Десе де жол жиегіне орнатылған жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай жүргізілмеген.
Негізінен осы Бекхожаев пен Төле би көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының әрқайсысы 2,2 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстарына «Қызылорда жолдары» және «Ақнұр-авто» компаниялары мердігер деп танылған. Мердігерлер өздеріне тиісті жұмыстарды сапалы әрі тиянақты жүргізіп, оны тамыз айында пайдалануға беруді көздеп отыр. Алайда тұрғындар қазірдің өзінде атқарылып жатқан жұмыстардан кемшіліктер көзге ұрып тұрғанын айтады.
Ал қаланың шеткі аймағындағы «Бәйтерек» мөлтек ауданының жол мәселесі көп жылдан бері жырға айналып келеді. Қай кезде де аталмыш аудан халқын толғандырған мәселелері шаш етектен. Соның ішінде сапалы жолға мұқтаж аумақтан халықтың қалаға қатынауы мұң болып тұр.
Бүгінде облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3397 шақырымды құрайды. Оның 1016 шақырымы республикалық, ал қалғаны жергілікті маңызға ие автомобиль жолдары болып табылады екен. Өңірдегі жақсы жолдардың үлесі 75 пайызды құрайды екен. Алдағы уақытта оның үлесін 82 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Облыс әкімдігінің таратқан мәліметіне сәйкес, биыл Қызылорда қаласында жол жөндеу мен салу жұмыстарына 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бюджетті нақтылау кезінде бұл қаржыны екі есеге арттыру жоспарланған. Сол арқылы биыл өңірде ұзындығы 342 шақырым болатын жол жөнделмек.
Қалай дегенде де Үкімет отырысында айтқан министрдің мәлімдемесі ендігі жерде жол салуда саннан гөрі сапаға мән беру қажеттігін аңғартады. Сондықтан бұрынғыдай міндетті межені орындауда мердігер компаниялардың салғырттық танытуына жол берілмегені жөн.