«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras аймақтық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде қандастарға қолайлы жағдай жасау, оларға ақпараттық-құқықтық қолдау көрсету, сондай-ақ оқытуға, әлеуметтік бейімделуге және қоғамға кірігуге көмек көрсету туралы мәселе қаралды.
Жиын барысында Қостанай облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Қоғамдық даму басқармасы, Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы және «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері атқарылып жатқан жұмыс туралы ақпарат берді.
Тәуелсіздік жылдарында Қостанай облысына шетелден 34,6 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келді. Қандастардың негізгі ағымы Өзбекстан Республикасынан, Моңғолиядан, Қытайдан және Ресей Федерациясынан келді. Сондай-ақ Түрікменстаннан, Қырғыз Республикасынан, Тәжікстаннан, Молдовадан, Украинадан, Әзербайжаннан, Ауғанстаннан қоныс аударғандар бар.
Биыл көші-қон бағдарламасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жалғасып жатыр. Бағдарламаға қатысушыларға отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (214 410 теңге) мөлшерінде мемлекеттік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ қалалық жерге қоныс аударғандар үшін ай сайын 12 ай ішінде 20-дан 30 АЕК мөлшерінде (61 260 – 91 890 теңге) тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды субсидиялау қарастырылған. Ал ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін отбасы мүшелерінің санына байланысты 15-тен 21 АЕК (45 945 – 64 323 теңге) бөлінеді. Сонымен қатар қоныс аударушылар материалдық көмекті отбасына есептелген сома шегінде (551,3 мың теңгеден 1,1 млн теңгеге дейін) ала алады және оны тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға пайдалануға құқылы.
Қостанай облысы бойынша 2022 жылы қоныс аудару квотасына 150 қандас қосу жоспарланған. Өңірлік кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселені талқылап, өз пікірлерін білдірді және ұсыныстарын айтты.