Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы EXPO аумағында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай «Менің елім» атты мерекелік концерт өтті.
Іс-шараға белгілі әншілер қатысып, әннен шашу шашып, елордалықтардың көңіл күйін көтерді. Кешті тамашалауға 20 мыңнан астам көрермен жиылды. Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның солисі Алтыншаш Мұқатаева мерекеге орай тыңдармандарға өзінің авторлық әнін шашу ретінде орындады. «Бұл әнім негізі өзімнің өмір жолым туралы өрбиді. Жалпы, мен қаладағы барлық қоғамдық іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Өйткені мемлекеттің өзгеруі әрбір адамның алға қойған мақсатына байланысты деп ойлаймын. Барлық отандастарды мерекемен құттықтаймын! Еліміздің көк Туы әрқашан желбіреп, Әнұранымыз асқақтай берсін!» – деді Алтыншаш Мұқатаева.
Ол «Біз секілді мүмкіндігі шектеулі адамдардан «мүмкіндігі шектеулі» деген тіркесті алып тастауын қалаймын» деген ойын білдірді. Оның айтуынша, адамның қолынан келмейтін іс жоқ.
Мерекелік концертке қатысу үшін арнайы Алматыдан келген әнші, Қазақстанның Еңбек Ері Роза
Рымбаева да өз құттықтауын жолдады.
«Рәміздер мерекесі – бұл нағыз халықтық мереке деп санаймын. Себебі біздің рәміздеріміз – ол біздің мемлекеттілігіміздің айғағы. Рәміздер күні мерекесін өсіп келе жатқан жас ұрпақ біліп өсуі керек. Оларды әрқашан дәріптеп, қуанышты мереке ретінде атап өтуіміз қажет. Мен де бүгінгі мерекеге әндеріммен үлесімді қосамын. Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығымен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын!», – деді Роза Қуанышқызы.
Сахнаға көтерілген «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов та жиылғандарды мерекемен құттықтап, ақ тілегін арнады.
«Биыл мемлекеттік рәміздерімізге 30 жыл толып жатыр. Жоғары деңгейде атап өтуге тұралық мемлекеттік мереке деп есептеймін. Елдігіміздің айтулы мерекесімен баршаңызды құттықтаймын», – деді «Жігіттер» тобының әншісі.
«AMANAT» партиясы Bizbirgemiz еріктілер қозғалысының төрағасы Перизат Қайраттың айтуынша, бұл мереке мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейді. «Мемлекетіміздің рәміздерін көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек. Бұл – біздің Әнұранымыз, Елтаңбамыз бен көк Туымыз. Сондықтан біз бүгін 20-ға жуық танымал отандық әншіні шақыртып, азаматтардың рухын оятатын әндерді орындап беруін қаладық. Шындығында халық концерттен мерекелік көңіл күйде ғана емес, патриоттық сезіммен қайтуы керек», – деді Перизат Қайрат. Жас әнші Дана Кентай да мерекемен құттықтап, лебізін білдірді.
Жиналған халықтың пікірі де дәл осыған саяды. Егемен еліміздің тұғыры биік, болашағы жарқын болуын тілеген елордалық Азамат Жетігенов «келешек ұрпақ мемлекеттік рәміздеріміздің мерейін өсіретін өр ұл-қыз болып өссе, ата-бабалардың аманатына кір келтірмегеніміз» деген тілегін жеткізді.