Айрықша мақсаттағы құрмет қарауылы
Айрықша мақсаттағы құрмет қарауылы
838
оқылды
Еліміздің мемлекеттік рәміздерінің қорғалуы мен салтанатты іс-шараларда қолданылуы Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік күзет қыз­ме­тімен тығыз байланысты. «Мемлекеттік күзет қыз­меті туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік Туы­ның және Қазақстан Рес­пуб­ликасы мемлекеттік Елтаңбасының эталонда­рын кү­зетуді жүзеге асыру және рәсімдік және хат­тамалық іс-шараларды атқаруға қатысу бұл мем­лекеттік орган міндеттерінің бірі ретінде бел­гіленген. МКҚ құрамындағы Айрықша мақсаттағы күштер тарихында маңызды мемлекеттік міндеттерді орындауға кіріскен бұл кезеңнің орны бөлек. 1993 жылдың ақ­па­нында осы құрылымның жеке құрамы еліміздің мем­лекеттік Туы мен Елтаңбасының эталондарын тәулік бойы күзетуді бастады. 1997 жылы қарашада Мемлекет басшысы Айрықша мақсаттағы күш­терге мемлекеттік рәміздер Елтаңба мен Ту эталондарын Алматыдан жа­ңа астанаға көшіріп әкелуді жүк­теді. Қазақстан Президентінің Ал­маты қаласындағы резиденциясында еліміздің саясат және қоғам қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері қатыс­қан үлкен жиында мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңба эталон­дарын жауынгерлер Ерлан Ғайса, Жарқынбек Қашақбаев, Талғат Омаров салтанатты түрде қабылдап алып, Ақмола қаласына жеткізу үшін жолға шықты. 8 қараша күні Ақмо­ла­ның орталық алаңында мемлекет­тік рәміздер эталондарының жаңа ас­танаға жеткізілуіне арналған сал­танатты митинг пен шеру өтті. Жо­ғарыда аталған әскери қызметшілер рәміздер эталонын алаңға көтеріп кіргізді. «Сол күні Ақмолада қатты жел болған, – деп еске алады Мемлекет­тік күзет қызметі Ай­рықша мақсат­тағы күштерінің 0112 әскери бөлімі командирі Ерлан Ғай­са, – жел мемлекеттік Туды, Президент Штан­дартын құлатпасын деп бар күші­мізбен ұстап тұрдық». Айрықша мақсаттағы күштер же­ке құрамы Мемлекет бас­шы­сының бұл тапсырмасын дәл мер­зімінде, бар сән-салтанатымен орындады. 1998 жылғы 10 маусымда Астана қаласының орталық стадионында Елорда презентациясы болғанда да МКҚ Айрықша мақсаттағы күш­тер жеке құрамы мемлекеттік Ту кір­гізу рәсімін атқарды. Содан бері ел астанасында өткен барлық мемле­кет­тік іс-шараларда МКҚ Айрық­ша мақсаттағы күштері әскери қыз­мет­ші­лері мемлекеттік рәміз­дерді кір­гі­зіп, құрмет қарауылы қорғауына алып, сән-салтанатпен өткізілуін қам­тамасыз етеді. Мұн­дай ауқымды тарихи оқиғалар қа­тарында «Ақорда» резиденциясында өткен Президентті ұлықтау рәсім­дері бар. Осынау сал­танатқа көз тік­кен әлем жұрты мем­лекеттік рә­міздерді Ақорданың ға­жайып за­лына енгізіп, Мемлекет бас­шысына ту ұсынған, сымдай тар­тылған сар­баздарды көреді. Мемлекеттік рәміздерге қатысты әрбір рәсімді атқарар алдында Ай­рықша мақсаттағы күштер және 0112 әскери бөлімінің қолбасшылығы офи­церлер мен сарбаздардың мо­раль­дық-психологиялық тұрғыдан әзір болуына көңіл бөледі. Іс-шара басталмас бұрын жауапты офицер сарбаздардың сырт келбеті мен қаруын тексереді. Олардың киімі кіршіксіз таза, жинақы және бойына шақ, қаруы тазаланған болуы керек. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эта­лон­дарын қорғайтын сақшылардың ауысуының өзі әсерлі, салтанатты көрініс береді. Сақшылар белгіленген интервал мен арақашықтықты сақтай отырып, мінсіз үйлесіммен, син­хрон­ды, нақты, біркелкі қозғалады. Хаттамалық іс-шараларға мем­лекеттік рәміздерді салтанатпен алып шығу, Ту жанында құрмет қарауылы ретінде бірнеше сағат бойы сымдай тартылып тұру секілді маңызды мін­детті атқару әскери қызметшілерден биік жауапкершілік, мықты ден­саулық пен төзімділікті талап етеді.