Қазір оқырмандар рухани азық болатын тарихи-танымдық материал оқуға асығады. Алайда әлеуметтік желілерде көпшіліктің сұранысынан шығатын сапалы контент аз. Біз бүгін бір ғасырға шегініс жасап, осыдан жүз жыл бұрын жарияланған қазақ баспасөзін ақтарып, іліп алар тартымды ойларын оқырманға ұсынып жүрген тарих пәнінің мұғалімі Абай Мырзағалимен сұхбаттастық. – Facebook-тағы жазбаларыңыз оқырмандар арасында сұранысқа ие. Жалпы, архивпен жұмыс істеудің машақаты қандай? Бұл сіздің жұмысыңыз ба, әлде хоббиіңіз бе? – Иә, қазір адамдардың барлығы ақпаратты ең бірінші желіден алады. Менің негізгі мамандығым тарихшы болғандықтан, кездескен тың деректерді оқырмандарыммен бөлісіп отырамын. Қысқа да нұсқа түсіндірме жазып, газеттердің түпнұсқа суреттерін жариялаймын. Көп зерттеуші қолжазбалармен жұмыс істесе де, оны жарияламайды. Өйткені олар басқа адамдар пайдаланып кетеді деп қорқады. Менде ондай позиция жоқ. Қоғамға қызық деген тақырыпты бөлісіп отыруға тырысамын. Сондықтан да желіде пікір білдіретін оқырман саны көп. Ал архивпен, қолжазбалармен жұмыс істеу – менің хоббиім. Өйткені мұндай ізденістеріме қаржы жағынан қолдау білдіріп отырған ешкім жоқ. Жеке өзім ізденіп жүрмін. Кейбір жазбаларыма қызығушылық танытып, тақырыптарға тапсырыс беретін адамдар да бар. Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорымен, ескі журналдармен жұмыс істеймін. Архив ақтару оңай деп айта алмаймын. Бізде қаншама мұрағат бар, оның ішінен өз тақырыбыңды табу өте қиын. Бірақ мен көп жағдайда баспасөз беттеріне жарияланған құжаттарды зерттеймін. Бұл жеке архивтерді тақырыптық деңгейде қараудан жеңіл. Кейбір мәліметті бір апта, кейде бір ай іздеуім мүмкін. Ал кейде бірнеше ай іздеген деректерім бір папкадан табылып жатады. Сондықтан қолжазбамен жұмыс істеу табандылықты, тиянақтылық пен мұқияттылықты талап етеді. Кейде салғырттық танытып бірнеше бетін оқымай кетсеңіз, ішінде ең құнды ақпараттар қалып кетуі мүмкін. Сол себепті қолжазбамен екінің бірі айналыспайды. Жұмыстың қиындығына көнген, өзіне сенген адамдар ғана ұзақ уақыт ізденудің нәтижесінде тың ақпараттар табады. Тек деректерді тауып қана қоймау керек. Оны ары қарай басқа мәліметтермен салыстырып, деректік маңызын беру қажет. Сонда ғана ізденген жұмыс ғылыми айналымға енеді. – Көптің қолына түспейтін тың деректерді қайдан табасыз? – Тың деректер көп кездеспейді. Егер іздену барысында кездесіп жатса, оқырмандарыммен бөлісуге тырысамын. Себебі көп адам ХІХ-ХХ ғасырлардағы деректерді, Алашорда жайлы ақпараттарды біле бермейді. Себебі ағарту саласында жұмыс істеген, алашордашылардың айналасында жүрген кейбір азаматтардың іздейтін ұрпағы жоқ. Уақыт өткен сайын олардың да еңбектері ұмыт қалып жатыр. Олардың сол кездегі баспасөзге жазған мақалаларын жарияласам, халыққа тың дерек сияқты көрінеді. Шын мәнінде, бұл ақпараттар тың деректер емес. Неге? Себебі Алаш зиялылары қуғын-сүргінге ұшырағанда олардың өздерімен бірге қалдырған мұрасы, жазған кітаптары мен мақалалары да жойылып кетті. Қоғамда олардың көтерген мәселелері айтылмады да, зерттелмеді де. Араға ғасыр салып сол азаматтардың мақалаларын қайта ұсынған кезде олар көтерген мәселелердің әлі де өзекті екенін байқадық. Өйткені уақыт таразысы олардың жазған еңбектеріне енді баға беріп жатыр. Ұлттық кітапханада ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газеті, «Айқап» журналымен бірге әр облыста шыққан қазақ баспасөздері сақталған. – Халықтың қай тақырыптарға қызығушылығы басым? – Оқырмандардың қызығушылығы әртүрлі. Бірақ барлығына біртұтас ұлттық идеяның қалай жүзеге асқаны, Алаш қозғалысының қалай пайда болғаны, құрамына кімдердің кіргені, кімдердің қарсы тұрғаны, ұлттық мектептердің негізі қалай қаланғаны, ашаршылық жылдары жайлы деректер қызық. Айталық, алғашқы аштықта халықтың басым бөлігі отбасын асырай алмай, балаларын үкімет қарауына, яғни балалар үйіне өткізіп жіберген. Бірнеше жылдан кейін ата-аналар жаппай баспасөз бетіне жазып, балаларын іздейді. Оқырмандар арасында қазақ халқының тарихындағы қайғылы оқиғалар мен қызықты дерек көп оқылады. Сол кездегі халықтың қызға қанша қалыңмал бергені де қазіргі оқырманға қызық. Олар бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақтың тұрмыс деңгейін, таным-түсінігін оқып қана қоймай, салыстырады. – Алаш туралы жиі жазасыз. Сол кездегі баспасөзде көтерілген кей мәселелер арада жүз жыл өтсе де, өзектілігін жоймапты. Не себепті? – Алашордалықтардың ұлттық мемлекет құру идеясы, оқулықтарды дайындау, тіл және терминология, жер мәселелері де қазір өзектілігін жойған жоқ. Телжан Шонанұлы мен Мырзағазы Есболұлы Түркістан аумағындағы жер мәселесін шешу жолдарын ұсынды. Шаруашылықты да сол кездегі баспасөз барынша дәріптеді. Мысалы, авторлар: «Біздің үш сиырымыз беретін сүтті Бельгияның бір сиыры береді. Сондықтан өсіріп отырған малымыздың тұқымын асылдандыруымыз керек»,– деп жазды. Яғни, алаштықтар жазған барлық саладағы мәселелер арада ғасыр өтсе де әлі өзектілігін жойған жоқ. Әйел теңдігі де ең бірінші «Қазақ» газетінде жазылған. – Алашорданың АҚШ-пен, Жапониямен байланысы болғаны рас па? – 1918 жылдардың соңына қарай Семейдегі Алашорда үкіметі Владивостокқа өз өкілдерін жібереді. Сол кезде олар америкалықтармен кездесіп, қажетті шикізат алатын кәсіпкерлермен келісімге келген. Сонымен қатар Жапонияның кәсіпкерлерімен де жолығып, киім тігетін маталарға тапсырыс береді. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі 75-санында жазылған. Райымжан Мәрсековтің келісімге 2 рет барып келіссөз жүргізіп, аман қайтып келгені туралы хабар жарияланған. «Владивостокқа земства мен алаш шаруасын ұлғайтып көркейтетін ұйымның атынан уәкіл болып кеткен Райымжан мырза Мәрсеков жақында саламат қайтты. Өзімізде бар шикізатты өңдеу үшін америкалық кәсіпкерлермен келісімге келдік. Енді олар Семейге келмекші» деп жазылған «Сарыарқа» газетінде. Демек, Алашорда үкіметі қазақ даласында тері өңдеу, киім шығару өндірісін дамыту үшін екі алпауыт елмен келісімге келген. Жақында ғана жапондық ғалымдар мұны растады. Жапон тарихшылары Рёсукэ Оно мен Уяма Томохико Райымжан Мәрсековтің 1919 жылдың қаңтарында Жапония үкіметіне жолдаған үндеуіне талдау жүргізген екен. Ол үндеуде алаш қайраткері Жапониядан Алашорданы мойындап, көмек көрсетуін сұраған. Ғалымның айтуынша, Жапония сыртқы істер министрлігінің архивінде осы үндеумен байланысты өзге де құжаттар бар. Ол құжаттарда Мәрсеков қазақтардың келешекте іргелес мұсылман халықтарымен бірге тәуелсіз мемлекет құруға ниетті екенін айтып, Алашорданың Париж бейбітшілік конференциясына қатысу жоспары бар екенін жеткізген. Зерттеушінің пайымынша, Алашорданың сол кездегі ресми ұстанымы Ресей федералдық мемлекетінің құрамында бола жүріп, елдегі өзге де саяси күштермен бірге автономия құру болған. Сөйте тұрып, Жапония арқылы өздерін халықаралық деңгейде мойындауды сұрап, келешекте тәуелсіз ел құрудан үмітті екенін білдіргенін дәлелдейтін құжаттардың табылуы Алашорда тарихының принципиалды тұрғыда жаңа қыры болмақ. – «Мамания» мектебі Мысырда оқыған жігіттерді жұмысқа шақырған. Қазіргі Назарбаев университетінің моделі сол кезде болған ғой...» деп жазыпсыз. Нақты кімдер болды арасында? – «Мамания» мектебі – Жетісудағы алғашқы Жәдиттік мектептердің бірі. Мектептің негізін қалаушы Сейітбаттал қажы Ыстанбұл арқылы Меккеге барады. Сол Ыстанбұлда мысырда оқыған Файзрахман Жаһандаровпен кездесіп, ауылына алып келеді. Мысырда білім алып, Оралда жүрген Ғабдолғазиз Мұсағалиевты да Жетісуға шақырады. Осылайша, шетелде білім алған ғалымдарды «Мамания» мектебіне оқытушы ретінде шақырып, мектептің іргелі оқу орнына айналуына алғышарт жасайды. Қазір Назарбаев университеті шетелдік ғалымдар мен профессорларды шақырып жатыр. Бұл модельді сол кезде Мамания мектебі өте жақсы қолданған. Алайда баспасөзде оларды мақтап немесе жарнамалап жазылған бірде-бір материал кездеспеді. Тек татар баспасөзінде, «Уақыт» газетінде Мамания мектебін қазақ-қырғыз ішіндегі жаңаша білім беретін мектеп деп арнайы жазған. – Қазіргі баспасөз бен осыдан жүз жыл бұрынғы баспасөзді салыстыруға бола ма? – Ол кезде бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын тек газет пен журнал ғана атқарған. Сол себепті Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді. Ал қазір халықтың көзі – телевизия, құлағы – радио, тілі әлеуметтік желі мен сайттар. Ол заманда барлық миссияны бір ғана газет орындады. Халыққа ақпарат жеткізіп қана қоймай, талқыға салған. Патша үкіметі берген құзыретті пайдалана отырып ұлттың тілі, жері, ағарту мәселесі мен тарихын көтеріп, шешімін халықтан сұраған. Қазақ оқығандары мен зиялыларын газет төңірегіне жинаған. Осылайша, «Қазақ» газеті ұйысқан ортаға айналды. Ал қазір газеттер әртүрлі бағытта шығып жатыр. Бірі діни бағытта, бірі оппозициялық, енді бірі тек мемлекеттік тапсырыстарды ғана жазып жүр. Шын мәнінде, қазір оқырман талғамынан шығатын газет аз. Сол себепті де қазір газет ұлтты ұйыстыратын, ортақ қазынаға айнала алмай отыр. Ал кезінде бір ғана «Қазақ» газеті баспасөздің барлық жүгін көтеріп, тілді де бір жүйеге келтіріп, өз миссиясын жоғары дәрежеде орындаған. Зерттеп қарасақ, «Қазақ» газеті бүгінгі 2-3 министрліктің, 4-5 институттың жұмысын атқарған. – Сіз жазып жүрген тақырыптарды бұрын зерттеп, баспасөзге жазғандар болған ба? – Әрине, болды. Бірақ ұрпақтар сабақтастығы аштық, репрессия кездерінде үзіліп қалып, Алаш зиялылары жазған еңбектер де ескерусіз қалды. Әдебиетшілер қазақ баспасөзін әдеби тұрғыдан сараптаса, тарихшылар тарихи жағынан, журналистер журналистік қырынан сараптайды. Сондықтан «мен ғана жарияладым» деп айта алмаймын. Әркім өз деңгейінде ізденіп жүр. Болашақта да зерттей береміз. Өйткені өткенге деген қызығушылық, ұлттың өз болмысын іздеуі уақыт өткен сайын арта түседі. Мысалы, өткенде медресе салған қазақтар, алғашқы шетелде оқыған шәкірттер, 20-жылдардың соңында құрылған «Құдайсыздар одағының» қазақша кітаптары, Қажымұқанның «Қазақ» газетіне көмегі жайлы жазбалар жарияладым. Ұсынған тақырыптарымның барлығы өз оқырманын тауып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!