Мануалды терапия майып етпей ме?
Мануалды терапия майып етпей ме?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
780
оқылды
Қазір екінің бірін бел ауруы, омыртқа жарығы, остеохондроз тәрізді дерттер мазалайтын болған. Жұмыста ала таңнан қара кешке дейін қозғалмай отыратын адамдар оның машақатын әбден тартып жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлем халқының 80 пайызы мұндай мәселеге ұшырамай қоймайды екен. Ем іздеген жұрт түрлі нәрсеге елігеді. Соңғы кезде мануалды терапия кең тарай бастады. Әйткенмен медицина толық құптамайтын осы ем түрінің шынымен пайдасы бар ма? Мамандары шаң жуытпайды Әлеуметтік желіде жарна­масы жүріп тұрған мануалды терапияны жұртшылық жақсы біледі. Өйткені сүйекті, буынды ұрғылап, қайырып, аурудан айықтырамын дейтін бұл емнің жарнамасы өте күшті. Тірек-қимыл аппаратының патологиясын зерттейтін жаңа сала ретінде анықтама беріледі. Бірақ медицинада ойып тұрып орын алған жоқ. Мысалы, медицина мамандықтарының тізімінде «мануалды терапевт» дегенді кездестірмейсіз. Сонда бұл салаға маман­дар қайда дайындалады? Кей жағдайда медицинаның басқа саласын оқығандар келіп жатады, ал басым бөлігі бірнеше айлық арнаулы курстарды бітіреді. Бір жақты пікір ұстанбау үшін аталған саладағы мамандардың өзінен пікір алуды жөн санадық. Мануалды терапевт Гүлшат Есетқызының әуелде негізгі мамандығы педиатр болған. Алты жыл бойы елорда­дағы медициналық универ­ситетте педи­атрия тобында оқып, интер­натурасын бітірген. Маман расымен де медицина саласында оқымай-ақ, мануал­ды терапевт атанатындардың бар екенін айтады. Оның ойынша, әуелі толықтай университетте білім алып, кейін курс­тардан өтіп келген мануал терапевттерге сенуге болады. – Көп адам көзге көрінбейтін ауруды қалай сырттай біледі деп сұрақ қояды. Мысалы, мен әуелі ем алуға келген адам­ның МРТ, КТ-ға түсіп келуін талап етемін. Содан соң тексеру жасап, буындардың қимыл-қоз­ғалысын анықтаймыз. Мануал­ды меди­цина­ның әртүрлі жүйелері бұрын­нан бел­гілі. Оның ішінде кең тарап келе жат­қаны – остеопатия және хиропрактика. Бұл мамандарға да байланысты, бір маман шалт қимылды ұнатса, енді бірі баяу жеңіл қозғалыс әдіс-тәсілдерін пайдаланады. Барлық ауруды жазады деуге келмейді, негізгісі омыртқа аурулары, омыртқа бойы­ның қисаюы, остеохондроз бен омыртқа жарығы (грыжа), – дейді маман. Гүлшат Есетқызынан біз қазір не себепті мануал­ды терапияға сұраныс артып тұрға­нын сұрап көрдік. Әр жерде жарнамасы қаптаған соң көп адам мануалды терапев­ттің біліктілігін біл­местен бара береді. Маман бұл проблемаға адамдардың өздері айыпты деген пікірде. – Көбі остеохондроз бойынша келеді, сосын омыртқа жарығы, кейде көлік апатынан кейін де келіп жатады. Қазір адамдар аз қозғалады. Көбісі таңертең жұмысқа барғаннан бір орында тапжылмай отырады. Аз қозғалған адам ауру болатыны анық. Омыртқа ауырған кезде оның ішіндегі жұлын қысылып, адам денесіне тарайтын қан айналымы әлсірейді. Көп адамның спорт­пен айналысуға, бассейнге барып жүзуге уақыты жетпейді немесе өз денсаулығын күтуге мән бермейтін сияқты, – деді Гүлшат Есетқызы. Егер мануалды терапевттер медицина саласы бойынша білім алып, кейін осы салаға оралған болса, аз да болса сенім артуға болатын тәрізді. Дегенмен қаптаған маманның қайсысына жүгінеріңізді білмейсіз. Ол аз ба, қазір ауылдық жер­лерде де медицина бойынша еш білім алмағандар «омыртқа ауруларын жаза­мын» деп шығып жүр. Ал одан жапа шек­кен­дер бар ма? Мысалы, Бекмұрат Зинул­линов есімді азамат емделемін деп жүріп одан әрі дертін асқындырып алғанын айтады. – 2020 жылы мануалды терапия жасат­тым. Білмей барғаным рас. Шалқамнан жатқызып, мойнымды орамалмен орап, тартып қалғанда желке тұсым қатты ауы­рып кетті. Бірақ қалыпты жағдай шығар деп ойлағанмын. Алайда 2 жыл өтті, содан бері мойным ауыра беретінді шығарды, – дейді ол. Дегенмен жұрттың пікірі біржақты емес. Мануалды терапияға ылғи барып тұратынын, содан жақсарып жүргенін айтатындар да көп. Осы бір тұста біздегі кемшіліктерге қарап әлем елдерінің тәжірибесін ескермеске болмас. Мәселен, Еуропа елдері мен АҚШ-та мануалды терапевттер түгілі, массаж мамандарының өзі кемі 2 жыл оқуы тиіс. Осы дүние оларда заң бойынша бекітілген. Анатомияны толық оқиды, бұлшық ет, қай сүйек қай жерде орналасқан, сіңірлердің бәрі қайда бекіген, әр сүйектің ерекшелігі, массаж маманы болу үшін де осының бәрін оқуы қажет. Ал бізде мануал терапевттер бір адамның денсаулығына зиян келтіріп қойса да оны дәлелдеу, жазаға тарту жағы қиындау. Өйткені ем процесін жүргізерде ешқайсысы алдын ала кепілдік бермейді. Өзін дәлелдемеген сала Расында медицина мамандарының басым бөлігі мануалды терапияны құп көрмейді. Талай жыл медицинада оқыған жандардың өзі дәрі-дәрмекпен, тіпті, ота жасау арқылы ғана емдеуге болады дейтін дерттерді арнайы курстан өте салған мануалды терапевттер емдей алады дегенге сену қиын. Мысалы, массаж ма­ма­ны Ұлболсын Омарова мануалды терапияның пайдасынан қаупі көп екенін айтады. Оның ойынша, бұрынғы сынық­шы­ларға ұқсайтын қазіргі мануал- ды терапевттердің бәрі бірдей жақсы емес. – Менің тәжірибемде мануалды терапияға барып, соның кесірінен буыны мен омыртқасы зақымданып, қайтадан массажға келетіндер көп. Негізі, буын мен сүйекті шалт қимылдату дұрыс емес. Мануалды терапияға бармастан бұрын денені жөндеп қыздыру керегін көбі білмейді. Егер нағыз маманы болса одан ем бар. Алайда қазір сену қиын. Өйткені анатомияны толық білмей жатып, бірнеше айлық курс оқып алып маман атанып жүргендер жетерлік. Омыртқаны қозғалт­қанда ми мен жүйке тамырлары қысылып қалу қаупі зор. Ол аз десеңіз ішкі органдар зақымдануы мүмкін. Қарапайым мысал, есік алдын суғарғанда шланганың бір жағы қысылса екінші жағы атқылап кетеді. Мануалды терапияға осы мысал тән, – дейді Омарова. Ал невролог Айда Қалиева мануалды терапияны мүлде сынықшылармен байланыстыруға болмайтынын, жалпы медицина үшін өзін дәлелдемеген сала екенін айтады. Себебі дәрігерлер қажет жерінде сынықшылардың пайдасы бар екенін біледі, яғни сенім артады. Алайда мануалды терапияның мүлде қисынсыз «ем» екенін жеткізді. – Мануалды терапия – әлі дәлелден­беген ем түрі. Өз басым пациенттеріме еш уақытта бұл емге бар деп кеңес бермеймін, тағайындамаймын. Мануалды терапияда жүргендер мойнына көп нәрсені алып алған. Тіпті, жазбайтын ауруы жоқ сияқты көрсетеді. Бірақ еш кепілдік бермейді. Жалпы, медицина саласы мануалды терапияны құптай қоймайтынын білеміз, – деді маман. Қорыта айтқанда, мануалды терапия­ны жоққа шығарып немесе мақтай да алмай­мыз. Дегенмен медицина толыққан­ды құптамайтын салаға сенім аз. Сондық­тан осы емге жүгінгісі келетін әр адам әуелі маманның біліктілігін бағамдап алса керек.