Түркі мемлекеттері ұйымы атынан келген халықаралық байқаушылар елімізде өткен референдумның ұйымдастырылуы мен азаматтардың белсенділігін жоғары бағалады. Дауыс беру кезінде барлық нормалар қатаң сақталғанын, шетелдік және қазақстандық байқаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
«Референдум кезінде біздің миссия сайлау учаскесінде болды. Барлық жағынан норма қатаң сақталған. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Азаматтардың қатысу белсенділігі де жоғары болды. Сонымен қатар қызметкерлердің барлығы да даярлықтан өткен білікті маман екені көрініп тұрды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дауыс беру процесіне кедергі келтіруі туралы фактілер тіркелген жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қажетті жағдайлар тиісті деңгейде жасалған. Дауыс беруге келген азаматтардың бәрі позитивті көңіл күйде болды. Ел тұрғындары еркін түрде дауыс берді. Халықаралық және қазақстандық бақылаушыларға өз жұмысын еш кедергісіз жүргізуге толық мүмкіндік берілді», – деді Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясының мүшесі Гисмат Гозалов.Миссия мүшелері дауыс беру аяқталған соң дауыстарды санау процесіне де қатысқанын айтты. Олардың сөзінше, барлық процесс Қазақстан заңнамасына және халықаралық стандарттарға сай өткен. Түркі мемлекеттері ұйымы атынан келген байқаушылар қазақстандықтарды референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Елімізде өткен референдум Қазақстанды жаңа белеске шығарып, демократиялық дамуға бастайтын негізгі қадам болатынына сенім білдірді.