Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның алдын ала қорытындысын жариялады.
Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны 11 734 642 адам болды. Дауыс беруге қатысқандар саны – 7 986 293 адам, яғни 68,06 пайызы қатысты.
Референдумда қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – барлық өңірде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызы, яғни 6 163 863 адам. Бұл – 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көрсеткіш.
Осылайша, өңірлердің кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адам болды.
Жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны 2,58% немесе 206 096 бюллетень болды.
Республикалық референдумның қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында белгілі болады.