Халық Президент бастамаларын қолдап отыр
Қазақстан Тәуелсіз тарихындағы жаңа белеске қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуын саяси жаңа бағытқа бұруы оның өзге экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық саладағы екінші тынысын ашарына сенім мол. Ендеше егемен мемлекетімізде екінші рет өткен жалпыхалықтық референдумға дайындық жұмыстарына тоқталмай өтуге болмайды. Осы мақсатта ең бірінші кезекте «AMANAT» партиясы жанынан Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен Республикалық штаб құрылған болатын. Штаб құрамына Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері және тағы да басқа ел өміріндегі белсенді тұлғалар енді. Аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді. Референдумды қолдау мақсатында партия басшылығының өңірлерге жұмыс сапары жасалды. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 3 өңірге барып, жергілікті тұрғындармен, түрлі сала өкілдерімен, аймақ белсенділерімен кездесу өткізді. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарын аралау кезінде 600 адамды қамтыған 11 іс-шара өткізілді. Сапар барысында Ерлан Қошанов алдағы референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды реформалардың мән-маңызын түсіндірді. Өзгерістердің басты мақсаты азаматтардың Ата Заңдағы құқығын қорғауды негізге алатын әділетті қоғам құру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынып отырған конституциялық реформалардың барлық салаға да қатысы бар. «Жұртшылық Мемлекет басшысының бастамаларын жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі керек. Осы оймен Мемлекет басшысы референдум жариялады. Таяуда Президент Жарлығымен Ұлытау облысы қайта құрылды. Өздеріңізге белгілі, қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұндай өңірді басқарудың тиімсіз тұстары баршылық. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Сондықтан бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді», – деді Ерлан Қошанов. Қарағанды өңіріне сапары барысында «AMANAT» партиясының төрағасы жеке қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарымен сөйлесті. Теміртау қаласындағы 20 мың емделушіге арналған жаңадан ашылған емханаға барып, ем қабылдайтын кабинеттерді аралап, дәрігерлермен әңгімелесті. Одан кейін спорт дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып көрді. Сапар аясында Ленин атындағы шахтаға барды. Өңірдегі ірі көмір шығаратын заманауи кен орнының қызметімен танысқаннан кейін Ерлан Қошанов 770 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, кеншілермен референдум туралы әңгімелесті. Сондай-ақ Абай ауданы Көксу кентінің ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен, Шет ауданы С.Сейфуллин атындағы ауылдың жұртшылығымен кездесті. Ал Маңғыстау облысына сапары кезінде Мәжіліс Төрағасы маңғыстаулықтардың Президенттің саясаты мен жаңа бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп жүргеніне назар аударды. Конституциялық реформа меритократия мен әділдікті орнату үшін қажет екенін атап өтті. «Партияларды тіркеу талаптарының төмендеуі – жаңа саяси бірлестіктердің пайда болуына жол ашады. Мұның бәрі елдің саяси өмірін жандандыратыны сөзсіз. Парламенттегі талқылау да қыза түсері анық. Мемлекет басшысының «пікірталас көшеде емес, Мәжіліс пен мәслихатта болуы керек» деген сөзі іс жүзіне асуда. Енді өз күшіне сенген адамның мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы депутат болуына мүмкіндігі бар. Маңғыстауда ондай азаматтар жеткілікті деп ойлаймын. Азаматтар елдің өміріне араласып, қызметтік және әлеуметтік өрлеуге тең мүмкіндік алуы керек. Саяси өзгерістер еліне адал, қолынан іс келетін, ақыл-ойы ұшқыр әрбір азаматтың жолын ашу үшін қолға алынды. Сондай-ақ бұл түзетулер монополия мен олигополияны жойып, бизнеспен еркін айналысуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Президент реформалары елдің басқару моделін түбегейлі өзгертеді, – деді палата Төрағасы. Сапар барысында Ерлан Қошанов өңіріндегі бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Олар – ауызсумен қамтамасыз ету, жұмыссыздық, жем-шөп тапшылығы және тағы басқа әлеуметтік жайттар. Сонымен қатар палата Спикері «AMANAT» партиясының облыстық филиалының жұмысымен танысып, Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетін аралады. «Қошқар ата» қалдық қоймасына барып, өңір экологиясын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын көрді. Сапар соңында Total компаниясына барып, мұнай кен орындарындағы жұмыскерлермен сөйлесіп, референдумның мән-маңызын талқылады.Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет
– Өздеріңіз білетіндей, «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында біз санға емес, сапасына мән бердік. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, референдумға азаматтарымыздың 68,06 пайызы келіп, өз дауыстарын берген. Бұл 8 млн-ға жуық азамат. Олардың 77,18 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдады. Жалпы, референдум елімізде демократиялық сана мен саяси мәдениеттің күшейгенін дәлелдеді. Азаматтарымыз түбегейлі өзгерістерді талап етті. Президент ұсынған реформалар сол өзгерістер сұранысына нақты жауап болды. Жаңа Қазақстанның кескіні, құрылымы, бағыт-бағдары анықталып жатыр. Референдумда халық оны өзі айқындады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр. Енді Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет, – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов. Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Сондай кездесудің бірі – «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті аграрлармен, зиялы қауым өкілдерімен, БПҰ төрағаларымен және партия активімен өтті. Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Полудинское ауылындағы сүт-тауар фермасының алаңында ол облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, алдағы Конституциялық реформаның маңызын талқылады. Сонымен қатар Асхат Оралов бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен де кездесті. Ол партияның қозғаушы күші – БПҰ-ның базасында жалпыұлттық референдумның мәні туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Бүгінде облыста құрамына 28 мыңнан астам партия мүшесі кіретін 246 БПҰ бар. Осы ретте Республикалық партия штабының жергілікті жерлердегі жұмысын осы бастауыш ұйымдар бастаған облыстық филиал функционерлері абыроймен жоғары деңгейде атқарып шықты.Ең белсенді өңір – Ақмола
Сонымен, Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Ел тарихындағы жарқын оқиғада өңірлер үлкен белсенділік танытты. Референдумда сайлау учаскелеріне келген жұртшылықтың ішінде Ақмола облысы тұрғындарының 82 пайызы оны жақтап дауыс берген. Осылайша ақмолалықтар өзге аймақтар арасында көш бастап тұр. Халықтың белсенді болуы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кең көлемде жүргізілгенімен байланысты екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Референдум жариялағалы бері «AMANAT» партиясының бекітілген желілік кестесі бойынша Ақмола облысында 102 014 мың адамды тартқан 2 498 іс-шара өткізілген. Одан бөлек, партияның аймақтық және аумақтық филиалдары, партия штабы қосымша 60 583 адамды қамтыған 1302 іс-шара өткізген. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен облыстағы әр бір үшінші сайлаушының тартылғанын білдіреді. Штаб құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттардың 200 депутатты түгел тартылды, олардың ішінде 20 мәслихат хатшысы да бар. Ал жалпы қоғамдық кеңестер мен түрлі салада қызмет атқаратын, қоғамдық пікір лидері боп саналатын партияластарды қоса алғанда штаб мүшелері 463 адамды құрады. Аймақтық штаб сыртында, насихат жұмыстарын Республикалық партия штабының мүшелері келіп күшейте түскенін де атай кеткен абзал. Осы мерзім ішінде өңірге келген Мәжіліс депутаттары 215 көшпелі жиын өткізіп, Ақмола облысының 128 елді мекенінде болып 6 мың адамды қамтыған кездесулер өткізген. Мұндай кездесулер барысы тек насихат жұмыстарына ғана емес, халықты толғандыратын мәселелер бойынша пікір алмасып, кері байланыс түріндегі форматта өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезеңінде облыс бойынша тұрғындардан 800-ден астам ұсыныс пен өтініш түскен. Нақты мысалдар келтірер болсақ, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова осы уақытқа дейін өңірдің спортшыларымен, медицина, білім беру саласының қызметкерлерімен және статистика, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, қазынашылық жүйесінің мамандарымен, тіпті Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылының тұрғындарымен кездесіп, референдум бойынша пікір алмасты. Ал «AMANAT» партиясының облыстық депутаттық фракциясының жетекшісі Ғалым Бекмағамбетовтың тек бір күнде 2-3 кездесу өткізген кездері болған екен. Мәселен, Ғалым Мәдешұлы еліміз бойынша кірпіш өндіретін Көкшетаудағы ең ірі зауыт жұмысшыларымен және орыс драма театрының ұжымымен тарихи маңызы зор республикалық референдумның мәні мен маңызы және оған қатысудың қажеттілігі туралы әңгіме өрбітті. Жас депутаттар да халық арасында референдумды барынша түсіндіруге атсалысуда. Игорь Плюснин мен Сұлтанбек Бекешев кәсіпкерлермен және жалпы қала тұрғындарымен сұхбаттасу мақсатында орталық базарда болды. Нұрлан Сейдаллин «Үстел теннисі» қауымдастығының ұжымымен кездескен. Көзқарастары қалыптасқан зейнеткерлер де саяси шарадан тыс қалмады. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен республикалық штабтың мүшесі, белгілі жазушы, журналист Жабал Ерғалиұлы сұхбаттасты. Бұл бағытта пікірлерін біліп, өз ойын бөлісті. Ақмолалық штаб офлайн форматпен қатар, креативті онлайн мүмкіндіктерді де кеңінен пайдаланған екен. 26 мамыр күні өткен «Талқылау» диалог алаңында Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде де қатысушылар қарасы көп болды. Ал Іnstagram парақшасында «Ашық сұхбат алаңы» айдары ашылып, онлай режимде кәсіби маман иелерінің ақыл-кеңестері берілген. Одан бөлек, ТікТок, WhatsApp, YouТube және тағы да басқа қосымшаларында да түрлі контент бойынша халықпен байланыс орнатылды.Солтүстік сабақтастықты қолдайды
«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық штабы бір ай бойы жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. Өңірде партияның 15 штабы Конституцияға енгізілетін түзетулерді түсіндіру жұмыстарымен айналысты. Штабтың құрамына 329 адам бар. Олар – арасында барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, зиялы қоғамдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар, Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, партияны қолдаушы жергілікті тұрғындар. Өңірде республикалық партия штабының 7 мүшесі, сондай-ақ «AMANAT» партиясынан Парламент Мәжілісінің 3 депутаты жұмыс істеді. Бір ай ішінде олар 36 мыңнан астам адамды қамтыған 1 244 кездесу өткізді. Штаб мүшелері кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарына барып, түрлі топтардың өкілдерімен, көпбалалы аналармен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен, қоныс аударушылармен жүздесті, сондай-ақ әрбір сайлаушыны қамту үшін ең шалғайда орналасқан ауылдарға барды. Кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Олардың арасында жерді, табиғат ресурстарын пайдалану, жұмысқа орналасу, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер, зейнет жасын төмендетуге қатысты мәселелер де бар. Тікелей кездесулермен қатар онлайн форматта да іс-шаралар өткізілді. 12 мамыр мен 3 маусым аралығында өңірде республикалық партия штабының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов және Дмитрий Колода жұмыс жүргізді. Олар облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласында 110 кездесу өткізді. Сондай-ақ кездесулерде халықтың ұсыныс-тілектері жиналды. Бас-аяғы 1800-ден астам ұсыныс жиналып, базаға енгізілді. 24-25 мамырда өңірге «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов келді. Ол облыс кәсіпорындарына барып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, партия ардагерлерімен, шығармашылық интеллигенция өкілдерімен, партия активімен кездесті. «Үгіт-насихат кезеңі басталғаннан бері БАҚ-та 70-тен астам кездесу жарияланды. Жалпы, теледидарда, интернет басылымдарда, газеттерде 118 материал шықты, соның ішінде теледидарда 52 сюжет, интернет-басылымдарда 28 жарияланым, газеттерде 38 мақала. 700-ден астам репост орналастырылды. Партия филиалдары, штаб мүшелері әлеуметтік желілердегі ресми және жеке парақшаларында 1 700-ден астам пост жариялады. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысқан штабтың барлық мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Жұмысбастылығына қарамастан, олар тұрғындармен кездесулерге уақыт таба білді, енгізілгелі отырған өзгерістерді түсіндірді, кеңес берді, сұрақтарға жауап берді», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Әсем Рахметова штаб жұмысын қорытындылаған жиында. «Штаб жұмысына алғаш рет араласып отырмын. Маған сенім артқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бірақ жауапкершілік жүгі ауыр екенін сезіндім. Тұрғындармен кездесулер өте мазмұнды, әртүрлі мәселелер көтеріледі, қиын сұрақтар қойылады. Әртүрлі аудиторияның ығына жығылып, түрліше жауап беруге тура келді. Тұтастай алғанда, солтүстікқазақстандықтар алдағы өзгерістерге дайын әрі сабақтастықты қолдайтынын білдірді», – деді штаб мүшесі Мұрат Жәкенов. Референдум күні дауыс беру ашылған сәттен бастап нәтижелері анықталғанға дейін 638 учаскеде дауыстарды санау кезінде партиядан 1 900-ден астам өкіл қатысты.104 жастағы әжей дауыс берді
Референдум жұмысына жұмыла кірісіп, осынау маңызды оқиғадан үлкен үміт күткен өңірлердің бірі Ақтөбе облысы болды. Мұнда 361 мүшесі бар өңірлік қоғамдық штаб бір айға жуық уақыттың ішінде 17 658 адамды қамтыған 586 іс-шараның өтуіне мұрындық болды. Кейбір елді мекендерде жергілікті тұрғындар халықтың қамы үшін жасалып жатқан қарекетке көңілі толып, ақпараттық жұмыс тобының мүшелеріне ризашылық білдіріп жатты. Солардың бірі – Байғанин ауданы Жаңажол ауылдық округі Оймауыт ауылында тұратын 104 жастағы әжей Тұраш Құдайқұлова. Ол «Ел аман, жұрт тыныш, заман бейбіт болсын» деп ақ батасын беріп, референдумға да қатысып, азаматтық белсенділіктің әдемі үлгісін көрсетті. Жалпы, Ақтөбе облысында іс-шаралар легі басталғалы референдум бойынша азаматтардан 910 ұсыныс пен өтініш келіп түскен. Ақтөбеліктер әсіресе Президент өкілеттігі, жер және тіл мәселелері туралы көбірек пікір айтып, идеялар ұсынған. Сондай-ақ облыс тұрғындары зейнет жасын төмендету мәселесін де жиі қозғаған. Мәселен, облыстық штаб мүшелерінің ақтөбелік зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында Ғ.Жұбанова атындағы Облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев бишілердің, өнер ұжымдарындағы үрмелі аспапта ойнайтын музыканттардың зейнет жасын қайта қарау керек екенін айтты. «45 жастан кейін үрмелі аспапта ойнау қиын. Музыкалық білім алу, кәсіби маман болу үшін 15 жыл бойы оқып, қысы-жазы демалыс, мереке демей, аз ғана айлықпен жұмыс істеген адамды «енді сен аспапта ойнай алмайсың» деп далаға тастауға бола ма? Олардың зейнеттік демалысқа шығатын жасын төмендету керек», – деді филармония директоры. Тұрғындар мұндай мәселелердің алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетініне сенеді. Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 517 сайлау учаскесі жұмыс істеген, оның 162-сі облыс орталығында, 355-сі аудандарда орналасқан.Табиғат жанашырлары қызу қолдау білдірді
Батыс Қазақстан облысында 325 адамнан тұратын өңірлік штаб жүйелі жұмыс істеп, тұрғындардың саяси оқиғадан тыс қалмауына барынша жағдай жасады. Облыста референдумды қоғамдық қолдаудың 14 өңірлік штабы құрылып, онда 325 адам жұмыс істеді. Штаб мүшелері 70 мыңдай адамды қамтыған 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырып, облыс тұрғындарына референдум жұмысын түсіндіруде жемісті еңбек атқарды. Насихат барысында ешқандай сала өкілдері тыс қалған жоқ: банктер, базарлар, сауда үйлері, басқа да бизнес нүктелері, квазимемлекеттік ұжымдар, кәсіпорындар, шаруа қожалықтары мен ұйымдардағы қызметкерлер, жұмысшылар – бәрі-бәрі референдум туралы егжей-тегжейлі мәлімет алып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. «AMANAT» партиясының өкілдері облыстағы 156 ауылдық округтің 90 пайызынан астамын аралап, ауыл тұрғындарының референдумға қатысты ой-пікірі мен ұсыныстарын тыңдады. Референдум алдындағы бір ай ішінде азаматтардан 700-ге жуық ұсыныс түскен. Тұрғындар көбіне тілге, жерге, халықтың әл-ауқатына, зейнет жасына қатысты ой-пікірлерін білдірген. Сондай-ақ батысқазақстандықтар табиғатты қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударатынын көрсетті. Мысалы, референдумды қолдау жөніндегі өңірлік штаб өкілдері облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, БҚО Балық инспекциясы, Экология департаменті, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы, «Біздің Жайық – Наш Урал» қоғамдық ұйымы, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен өткізген кездесуінде Конституцияның 6-бабындағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деген тұсы енді «мемлекет меншігінде» емес, «халыққа тиесілі, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп редакцияланатыны қызу қолдау тапты. Облыста Конституциялық референдумға дауыс беру үшін 505 сайлау бөлімшесі қызмет көрсетті.Жастар белсенділік танытты
Шығыс Қазақстан облысында референдумды қолдау бойынша құрылған 1 облыстық штаб пен 19 өңірлік штабта «AMANAT» партиясының 400-ден астам белсендісі жұмыс істеді. Штаб құрамындағы қоғам белсенділері мен Кәсіпкерлер палатасы филиалдарының өкілдері өңір тұрғындарын 2022 жылғы 5 маусымдағы бүкілхалықтық референдумнан тыс қалмауға шақырды. Семейде қалалық қоғамдық штаб кәсіпкерлер, еңбек ұжымдары және жастармен күн сайын кездесу өткізді. Кездесуге қатысушылар жер қойнауына қатысты ұсынылған түзетулерге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, олар жердің халыққа тиесілі екенін тұрғындар қалай байқайтынын әрі бұл жұмыс қандай құралдардың көмегімен іске асырылатынын талдады. Сондай-ақ Семей азаматтары мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтауға қызығушылық танытып, зейнет жасын төмендету тақырыбын көтерді. Мұнымен қоса, Семей қаласының қоғамдық кеңесі, қаланың жастар активі, «Северный» сауда-логистикалық орталығының кәсіпкерлері, Qazaq astyq group ЖШС, «СемАз» ЖШС, ASED ШҚ, «Роза» киіз басу комбинаты» ЖШС, «Ақ ұлпа аналары» ҚБ еңбек ұжымдары, Әлихан Бөкейхан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, №6 мектеп-гимназиясының еңбек ұжымы, Семей қаласының №18 мектебінің оқушылары, Шүлбі кенті және Новобаженов ауылдық округінің тұрғындарымен кездесулер өтті. Зайсан ауданында да белсенді түсіндіру жұмыстары жүрді. Онда ШҚО Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Қанат Әбдіғалиев аудан кәсіпкерлерімен, «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесі, Зайсан технологиялық колледжі, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебі, аудандық аурухана және орталық кітапхана ұжымдарымен Конституцияға ұсынылған өзгерістердің жаңа редакциясын талқылады. Зайсан ауданында 100 сайлаушыға естелік сыйлық табыс етілді. Дауыс берушілердің арасында жастардың қарасы көп болды.Шымкенттіктер несие пайызын төмендетуді ұсынды
Шымкентте «AMANAT» партиясының қалалық филиалы тарапынан референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штаб құрамына қалалық мәслихаттың 24 депутаты, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен партия ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ, білім, спорт, мәдениет саласының қызметкерлерінен тұратын 61 адам енді. Олар референдумды насихаттау үшін 50 мыңға жуық адамды қамтыған 352 іс-шара өткізді. Негізгі іс-шаралар елді мекендерде, өндіріс орындарында, азаматтар көп шоғырланатын демалыс орындарында ұйымдастырылды. Штаб мүшелері тіпті үйді-үйге дейін аралап, әрбір қала тұрғынына өзгерістердің маңызы мен мақсатын түсіндірді. Кездесу барысында қала тұрғындары тарапынан 1 704 ұсыныс пен талап-тілек түскен, бұл – республика бойынша екінші орындағы көрсеткіш. Қала халқын, әсіресе әйелдердің зейнет жасын қысқарту мәселесі ерекше толғандырады. Бұдан бөлек, жайылым жер тапшылығы, несие пайызын төмендету, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агробанк құру төңірегінде ұсыныстар айтылды. Шымкентте референдум бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы аясында жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде 5 207 жарияланым жарыққа шықты. Осылайша, шымқалалықтар референдумның мән-маңызын барлық ақпарат көзі арқылы оқып-білуге мүмкіндік алды. Айта кетейік, референдум күні Шымкентте барлығы 311 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда қала тұрғындарының 78,2 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын көрсетті.Референдумды қолдау штабының ауқымды істері
Ел тарихындағы айшықты оқиғаға азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылып, дайындық жұмыстарына белсене атсалысқан тағы бір қоғамдық бастамадағы ұйым – «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ бастамасымен құрылған референдумды қоғамдық қолдаудың Республикалық штабы (РҚШ). Конституциялық реформалардың негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге арналған іс-шаралар шеңберінде дүниеге келген штабтың жетекшісі болып бірауыздан РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сайланды. Құрылған бергі уақыттан бері РҚШ тек ақпараттық-түсіндіру ғана емес, дөңгелек үстел, кездесу, пікірталас, съезд, кеңес сияқты форматта да түрлі жиындар ұйымдастырды. Мәселен, осы уақыт аралығында референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтар республикада 1 миллион 917 мыңнан астам адамды қамти отырып, 15 300-ден астам іс-шара өткізген екен. Соның бірі – 17 мамырда өткен «Ассамблея жастары» РҚБ жастарының бастамасымен өткен пікірталас алаңы. Жиынға «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ, облыстық және қалалық мәслихаттардың жас депутаттары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен өкілдері және тағы басқалар шақыртылды. Кездесу барысында РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев жаңа Қазақстанның идеясы қоғамның ұмтылыстарына жақын екенін, азаматтардың түрлі санаттары ұсынған заманауи сұраныстарға жауап беретінін атап өтті. Біріншіден, бұл жаңа Қазақстанның әділеттілік пен өзара құрмет қағидаттарына байланысты. Талқылау аясында жастар көшбасшылары референдум өткізу және конституциялық реформа жүргізу туралы өз пікірлерімен бөлісті. Жас қазақстандықтар азаматтық қоғамның белсенді бөлігі ретінде мемлекеттің қоғамдық-саяси жүйесіндегі өзекті өзгерістерді және жаңа Қазақстанның идеяларын жүзеге асыруға жол ашатын жастарға арналған мүмкіндіктерді талқылады. Сондай-ақ 18 мамырда Республикалық қоғамдық қолдау штабы мүшелерінің конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелері бойынша елордалық зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесуі өтті. Кездесуге қатысушылар Конституцияның ел дамуындағы рөлін, сондай-ақ «Жаңа Қазақстанды» құрудағы конституциялық реформаның маңызын талқылады. Спикерлер дауыс беру белсенділігі алдағы референдумды қалай қолдай алатыны, сол арқылы елдің одан әрі даму бағытына қалай әсер ететіні туралы пікірлерін білдірді. Кездесуге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай төрағалық етті. Жиынға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ, «Парасат жолы» республикалық орталығы, «Астана ақшамы» газеті өкілдері және тағы басқалар қатысып, заңға енгізілетін негізгі өзгерістер бойынша өз ойларымен бөлісті. Олар ел тарихындағы маңызды оқиғаға белсенді қатысу-әрбір азаматтың басты борышы, бүгінде Қазақстанның ғана емес, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт екенін атап өтті. 19 мамыр күні «Қазақстан машина жасаушылар одағы» өңірлік өкілдерімен, машина жасау және металл өңдеу саласы кәсіпорындарының басшыларымен конституциялық реформалар мәселелері бойынша «Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар және әлеуметтік даму моделін трансформациялау» тақырыбында кеңес өткізді. Іс-шараға машина жасау саласындағы 40-тан астам қазақстандық кәсіпорындардың басшылары шақыртылды. Өз кезегінде, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов Қазақстанның азаматтық қоғамды плюрализациялауға бағытталған реформалары елдің одан әрі дамуына сөзсіз ықпал ететінін атап өтті. «Қоғамды демократияландыру жолындағы басты міндет демократиялық реформаларды одан әрі ілгерілету, елдің табысты экономикалық, саяси және мәдени дамуы үшін Конституцияны жетілдіру болып табылады», – деді ол. Сондай-ақ ҚМЖ басшылығы еңбек ұжымдары арасында Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және референдумға қатысуды ұсынды. Кәсіпорын өкілдері референдум өткізу идеясын қолдап, осы жаңашылдықтардың барлығы Қазақстан Конституциясына табысты енгізілетініне сенім білдірді. 20 мамырда «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-тың кезектен тыс өткен ІХ съезіне бейнебайланыс арқылы республиканың барлық 17 өңірінен келген делегаттар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен шақырылған қонақтар қатысты. Жиында Президент бастамасымен Ата Заңға ұсынылған түзетулерді енгізе отырып өткізілетін референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс берудің маңызы айтылды. Елдің жиналған ардагерлері Қазақстан Республикасының әрбір азаматының Конституцияға өзгерістер енгізу туралы өз пікірін айтуға құқығы бар екенін мәлімдеп, Қазақстан халқын бүкілхалықтық референдумды қолдауға және оған қатысуға шақырды. Естеріңізде болса, аталған қоғамдық штаб құрамына 30-ға жуық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, шығармашылық зиялы қауым бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының, этномәдени бірлестіктердің және білім беру саласының өкілдері кіреді. Олар – «Қазақстанның Азаматтық Альянсы», «Ардагерлер ұйымы», «ҚР Кәсіподақтар федерациясы», «Ассамблея жастары», «ҚР жоғары оқу орындарының қауымдастығы», «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы», «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы», «ҚР Фермерлер қауымдастығы», «Бас редакторлар клубы» және тағы да басқалар. Қоғамдық ұйымдардың ел тарихындағы айшықты оқиға барысында белсенді азаматтық позициясын жан-жақты көрсеткенін атай кеткен абзал. РҚШ өкілдері сондай-ақ өңірлерде де өз жұмысын жандандыра түсті. Өңір жұртшылығының, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, референдумды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық штаб мүшелерінің қатысуымен Түркістан, Қостанай, Атырау, Өскемен қалаларында өңіраралық көшпелі отырыстар өтті.Референдум тиісті заңнамаларға сай өтті
Осылайша Тәуелсіз Қазақстан тарихында араға 27 жыл салып ұйымдастырылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша кезекті референдум да нәтижелі түйінделді. Күні кеше Орталық референдум комиссиясы саяси мәні зор шараның алдын ала нәтижелерін жариялады. Референдумда сайлаушылардың келу көрсеткіші 68,06 пайыз болды. Республикалық референдум туралы Конституциялық Заңның 31-бабына сәйкес дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Сол секілді өзгерістерді қолдап дауыс бергендердің саны заңнамада көрсетілген межеден асып түсті. «Референдумда қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны барлық өңірде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын немесе 6 миллион 163 863 адамды құрады. Осылайша, өңірлердің кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адам болды. Жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны – 206 096. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58 пайызы немесе 125 859 бюллетеньді құрады», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров. Осымен үшінші рет өткізілген жалпыхалықтық референдум шетелдік байқаушылардың жіті назарында болды. Орталық референдум комиссиясында 10 халықаралық ұйымнан, 13 шет мемлекеттің орталық референдум органдарынан 272 байқаушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық корпустан 41 шетелдік байқаушы аккредиттелген екен. Сонымен қатар 200-ден астам шетелдік БАҚ өкілі Қазақстандағы мәні зор саяси шара туралы хабар таратты. Дауыс беру күні республика аумағындағы референдум учаскелерінде болған шетелдік байқаушылар да ұйымдастыру шараларын жоғары бағалады. Солардың бірі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин біздегі референдумның тиісті заңнамаларға сай өткенін хабарлады. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейді. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Біздің миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, демократиялық түрде өтті деп есептейді», – дейді ШЫҰ Бас хатшысы. Ондағы дауыстардың саны және референдум қатысушыларының таңдауы жайындағы қорытынды мәліметтерді Орталық референдум комиссиясы алдағы уақытта жариялай жатар. Дегенмен мұнда комиссияның кеше таңертең шығарған алдын ала қорытындысынан анау айтарлықтай өзгерістер бола аймас. Қазірдің өзінде халықтың талқысына түскен мәселені қолдап, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді құп көретіндердің де саны заңнамадағы межеден әлдеқайда көп. Демек, еліміздің Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ал бұл өзгертулер мен толықтырулар енгізуді халықтың өзі қызу қолдап отырғанын ескерсек, оның өміршеңдігі күмән туғызбайды. Осылайша күні бүгінге дейін айтылы