Сонымен, Қазақстанның жаңаша тарихындағы жарқын беттерінің алғашқы парақтары ашылды. 5 маусым күнгі Референдумда халқымыздың 68,06 пайызы дауыс берді. Бұл – дауыс беру құқығына ие 18 жастан асқан 7 миллион 986 293 отандасымыз өз таңдауын жасады деген сөз. Олардың 77,18 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдады. Бұл межеге жеткенше дайындық жұмыстары да жоғары деңгейде жүргенін атап өткен абзал. Оған елімізде негізінен қос бірдей Республикалық штаб атсалысты. Солардың бірі – «AMANAT» партиясының референдумды қолдау Республикалық штабы.
Халық Президент бастамаларын қолдап отыр
Қазақстан Тәуелсіз тарихындағы жаңа белеске қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуын саяси жаңа бағытқа бұруы оның өзге экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық саладағы екінші тынысын ашарына сенім мол. Ендеше егемен мемлекетімізде екінші рет өткен жалпыхалықтық референдумға дайындық жұмыстарына тоқталмай өтуге болмайды. Осы мақсатта ең бірінші кезекте «AMANAT» партиясы жанынан Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен Республикалық штаб құрылған болатын. Штаб құрамына Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері және тағы да басқа ел өміріндегі белсенді тұлғалар енді. Аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді. Референдумды қолдау мақсатында партия басшылығының өңірлерге жұмыс сапары жасалды. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 3 өңірге барып, жергілікті тұрғындармен, түрлі сала өкілдерімен, аймақ белсенділерімен кездесу өткізді. Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарын аралау кезінде 600 адамды қамтыған 11 іс-шара өткізілді. Сапар барысында Ерлан Қошанов алдағы референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды реформалардың мән-маңызын түсіндірді. Өзгерістердің басты мақсаты азаматтардың Ата Заңдағы құқығын қорғауды негізге алатын әділетті қоғам құру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынып отырған конституциялық реформалардың барлық салаға да қатысы бар. «Жұртшылық Мемлекет басшысының бастамаларын жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі керек. Осы оймен Мемлекет басшысы референдум жариялады. Таяуда Президент Жарлығымен Ұлытау облысы қайта құрылды. Өздеріңізге белгілі, қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұндай өңірді басқарудың тиімсіз тұстары баршылық. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Сондықтан бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді», – деді Ерлан Қошанов. Қарағанды өңіріне сапары барысында «AMANAT» партиясының төрағасы жеке қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарымен сөйлесті. Теміртау қаласындағы 20 мың емделушіге арналған жаңадан ашылған емханаға барып, ем қабылдайтын кабинеттерді аралап, дәрігерлермен әңгімелесті. Одан кейін спорт дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып көрді. Сапар аясында Ленин атындағы шахтаға барды. Өңірдегі ірі көмір шығаратын заманауи кен орнының қызметімен танысқаннан кейін Ерлан Қошанов 770 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, кеншілермен референдум туралы әңгімелесті. Сондай-ақ Абай ауданы Көксу кентінің ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен, Шет ауданы С.Сейфуллин атындағы ауылдың жұртшылығымен кездесті.Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет
– Өздеріңіз білетіндей, «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында біз санға емес, сапасына мән бердік. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қабылдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, референдумға азаматтарымыздың 68,06 пайызы келіп, өз дауыстарын берген. Бұл 8 млн-ға жуық азамат. Олардың 77,18 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдады. Жалпы, референдум елімізде демократиялық сана мен саяси мәдениеттің күшейгенін дәлелдеді. Азаматтарымыз түбегейлі өзгерістерді талап етті. Президент ұсынған реформалар сол өзгерістер сұранысына нақты жауап болды. Жаңа Қазақстанның кескіні, құрылымы, бағыт-бағдары анықталып жатыр. Референдумда халық оны өзі айқындады. Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр. Енді Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет, – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов. Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Сондай кездесудің бірі – «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті аграрлармен, зиялы қауым өкілдерімен, БПҰ төрағаларымен және партия активімен өтті. Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Полудинское ауылындағы сүт-тауар фермасының алаңында ол облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, алдағы Конституциялық реформаның маңызын талқылады. Сонымен қатар Асхат Оралов бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен де кездесті. Ол партияның қозғаушы күші – БПҰ-ның базасында жалпыұлттық референдумның мәні туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Бүгінде облыста құрамына 28 мыңнан астам партия мүшесі кіретін 246 БПҰ бар. Осы ретте Республикалық партия штабының жергілікті жерлердегі жұмысын осы бастауыш ұйымдар бастаған облыстық филиал функционерлері абыроймен жоғары деңгейде атқарып шықты.Ең белсенді өңір – Ақмола
Сонымен, Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Ел тарихындағы жарқын оқиғада өңірлер үлкен белсенділік танытты. Референдумда сайлау учаскелеріне келген жұртшылықтың ішінде Ақмола облысы тұрғындарының 82 пайызы оны жақтап дауыс берген. Осылайша ақмолалықтар өзге аймақтар арасында көш бастап тұр. Халықтың белсенді болуы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кең көлемде жүргізілгенімен байланысты екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Референдум жариялағалы бері «AMANAT» партиясының бекітілген желілік кестесі бойынша Ақмола облысында 102 014 мың адамды тартқан 2 498 іс-шара өткізілген. Одан бөлек, партияның аймақтық және аумақтық филиалдары, партия штабы қосымша 60 583 адамды қамтыған 1302 іс-шара өткізген. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен облыстағы әр бір үшінші сайлаушының тартылғанын білдіреді. Штаб құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттардың 200 депутатты түгел тартылды, олардың ішінде 20 мәслихат хатшысы да бар. Ал жалпы қоғамдық кеңестер мен түрлі салада қызмет атқаратын, қоғамдық пікір лидері боп саналатын партияластарды қоса алғанда штаб мүшелері 463 адамды құрады. Аймақтық штаб сыртында, насихат жұмыстарын Республикалық партия штабының мүшелері келіп күшейте түскенін де атай кеткен абзал. Осы мерзім ішінде өңірге келген Мәжіліс депутаттары 215 көшпелі жиын өткізіп, Ақмола облысының 128 елді мекенінде болып 6 мың адамды қамтыған кездесулер өткізген. Мұндай кездесулер барысы тек насихат жұмыстарына ғана емес, халықты толғандыратын мәселелер бойынша пікір алмасып, кері байланыс түріндегі форматта өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезеңінде облыс бойынша тұрғындардан 800-ден астам ұсыныс пен өтініш түскен. Нақты мысалдар келтірер болсақ, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова осы уақытқа дейін өңірдің спортшыларымен, медицина, білім беру саласының қызметкерлерімен және статистика, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, қазынашылық жүйесінің мамандарымен, тіпті Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылының тұрғындарымен кездесіп, референдум бойынша пікір алмасты. Ал «AMANAT» партиясының облыстық депутаттық фракциясының жетекшісі Ғалым Бекмағамбетовтың тек бір күнде 2-3 кездесу өткізген кездері болған екен. Мәселен, Ғалым Мәдешұлы еліміз бойынша кірпіш өндіретін Көкшетаудағы ең ірі зауыт жұмысшыларымен және орыс драма театрының ұжымымен тарихи маңызы зор республикалық референдумның мәні мен маңызы және оған қатысудың қажеттілігі туралы әңгіме өрбітті. Жас депутаттар да халық арасында референдумды барынша түсіндіруге атсалысуда. Игорь Плюснин мен Сұлтанбек Бекешев кәсіпкерлермен және жалпы қала тұрғындарымен сұхбаттасу мақсатында орталық базарда болды. Нұрлан Сейдаллин «Үстел теннисі» қауымдастығының ұжымымен кездескен. Көзқарастары қалыптасқан зейнеткерлер де саяси шарадан тыс қалмады. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен республикалық штабтың мүшесі, белгілі жазушы, журналист Жабал Ерғалиұлы сұхбаттасты. Бұл бағытта пікірлерін біліп, өз ойын бөлісті. Ақмолалық штаб офлайн форматпен қатар, креативті онлайн мүмкіндіктерді де кеңінен пайдаланған екен. 26 мамыр күні өткен «Талқылау» диалог алаңында Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде де қатысушылар қарасы көп болды. Ал Іnstagram парақшасында «Ашық сұхбат алаңы» айдары ашылып, онлай режимде кәсіби маман иелерінің ақыл-кеңестері берілген. Одан бөлек, ТікТок, WhatsApp, YouТube және тағы да басқа қосымшаларында да түрлі контент бойынша халықпен байланыс орнатылды.Солтүстік сабақтастықты қолдайды
«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық штабы бір ай бойы жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. Өңірде партияның 15 штабы Конституцияға енгізілетін түзетулерді түсіндіру жұмыстарымен айналысты. Штабтың құрамына 329 адам бар. Олар – арасында барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, зиялы қоғамдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар, Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, партияны қолдаушы жергілікті тұрғындар. Өңірде республикалық партия штабының 7 мүшесі, сондай-ақ «AMANAT» партиясынан Парламент Мәжілісінің 3 депутаты жұмыс істеді.104 жастағы әжей дауыс берді
Референдум жұмысына жұмыла кірісіп, осынау маңызды оқиғадан үлкен үміт күткен өңірлердің бірі Ақтөбе облысы болды. Мұнда 361 мүшесі бар өңірлік қоғамдық штаб бір айға жуық уақыттың ішінде 17 658 адамды қамтыған 586 іс-шараның өтуіне мұрындық болды. Кейбір елді мекендерде жергілікті тұрғындар халықтың қамы үшін жасалып жатқан қарекетке көңілі толып, ақпараттық жұмыс тобының мүшелеріне ризашылық білдіріп жатты. Солардың бірі – Байғанин ауданы Жаңажол ауылдық округі Оймауыт ауылында тұратын 104 жастағы әжей Тұраш Құдайқұлова. Ол «Ел аман, жұрт тыныш, заман бейбіт болсын» деп ақ батасын беріп, референдумға да қатысып, азаматтық белсенділіктің әдемі үлгісін көрсетті. Жалпы, Ақтөбе облысында іс-шаралар легі басталғалы референдум бойынша азаматтардан 910 ұсыныс пен өтініш келіп түскен. Ақтөбеліктер әсіресе Президент өкілеттігі, жер және тіл мәселелері туралы көбірек пікір айтып, идеялар ұсынған. Сондай-ақ облыс тұрғындары зейнет жасын төмендету мәселесін де жиі қозғаған. Мәселен, облыстық штаб мүшелерінің ақтөбелік зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында Ғ.Жұбанова атындағы Облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев бишілердің, өнер ұжымдарындағы үрмелі аспапта ойнайтын музыканттардың зейнет жасын қайта қарау керек екенін айтты. «45 жастан кейін үрмелі аспапта ойнау қиын. Музыкалық білім алу, кәсіби маман болу үшін 15 жыл бойы оқып, қысы-жазы демалыс, мереке демей, аз ғана айлықпен жұмыс істеген адамды «енді сен аспапта ойнай алмайсың» деп далаға тастауға бола ма? Олардың зейнеттік демалысқа шығатын жасын төмендету керек», – деді филармония директоры. Тұрғындар мұндай мәселелердің алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетініне сенеді. Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 517 сайлау учаскесі жұмыс істеген, оның 162-сі облыс орталығында, 355-сі аудандарда орналасқан.Табиғат жанашырлары қызу қолдау білдірді
Батыс Қазақстан облысында 325 адамнан тұратын өңірлік штаб жүйелі жұмыс істеп, тұрғындардың саяси оқиғадан тыс қалмауына барынша жағдай жасады. Облыста референдумды қоғамдық қолдаудың 14 өңірлік штабы құрылып, онда 325 адам жұмыс істеді. Штаб мүшелері 70 мыңдай адамды қамтыған 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырып, облыс тұрғындарына референдум жұмысын түсіндіруде жемісті еңбек атқарды. Насихат барысында ешқандай сала өкілдері тыс қалған жоқ: банктер, базарлар, сауда үйлері, басқа да бизнес нүктелері, квазимемлекеттік ұжымдар, кәсіпорындар, шаруа қожалықтары мен ұйымдардағы қызметкерлер, жұмысшылар – бәрі-бәрі референдум туралы егжей-тегжейлі мәлімет алып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. «AMANAT» партиясының өкілдері облыстағы 156 ауылдық округтің 90 пайызынан астамын аралап, ауыл тұрғындарының референдумға қатысты ой-пікірі мен ұсыныстарын тыңдады. Референдум алдындағы бір ай ішінде азаматтардан 700-ге жуық ұсыныс түскен. Тұрғындар көбіне тілге, жерге, халықтың әл-ауқатына, зейнет жасына қатысты ой-пікірлерін білдірген. Сондай-ақ батысқазақстандықтар табиғатты қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударатынын көрсетті. Мысалы, референдумды қолдау жөніндегі өңірлік штаб өкілдері облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, БҚО Балық инспекциясы, Экология департаменті, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы, «Біздің Жайық – Наш Урал» қоғамдық ұйымы, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен өткізген кездесуінде Конституцияның 6-бабындағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деген тұсы енді «мемлекет меншігінде» емес, «халыққа тиесілі, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп редакцияланатыны қызу қолдау тапты. Облыста Конституциялық референдумға дауыс беру үшін 505 сайлау бөлімшесі қызмет көрсетті.Жастар белсенділік танытты
Шығыс Қазақстан облысында референдумды қолдау бойынша құрылған 1 облыстық штаб пен 19 өңірлік штабта «AMANAT» партиясының 400-ден астам белсендісі жұмыс істеді. Штаб құрамындағы қоғам белсенділері мен Кәсіпкерлер палатасы филиалдарының өкілдері өңір тұрғындарын 2022 жылғы 5 маусымдағы бүкілхалықтық референдумнан тыс қалмауға шақырды. Семейде қалалық қоғамдық штаб кәсіпкерлер, еңбек ұжымдары және жастармен күн сайын кездесу өткізді.Шымкенттіктер несие пайызын төмендетуді ұсынды
Шымкентте «AMANAT» партиясының қалалық филиалы тарапынан референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штаб құрамына қалалық мәслихаттың 24 депутаты, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен партия ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ, білім, спорт, мәдениет саласының қызметкерлерінен тұратын 61 адам енді. Олар референдумды насихаттау үшін 50 мыңға жуық адамды қамтыған 352 іс-шара өткізді. Негізгі іс-шаралар елді мекендерде, өндіріс орындарында, азаматтар көп шоғырланатын демалыс орындарында ұйымдастырылды. Штаб мүшелері тіпті үйді-үйге дейін аралап, әрбір қала тұрғынына өзгерістердің маңызы мен мақсатын түсіндірді. Кездесу барысында қала тұрғындары тарапынан 1 704 ұсыныс пен талап-тілек түскен, бұл – республика бойынша екінші орындағы көрсеткіш. Қала халқын, әсіресе әйелдердің зейнет жасын қысқарту мәселесі ерекше толғандырады. Бұдан бөлек, жайылым жер тапшылығы, несие пайызын төмендету, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агробанк құру төңірегінде ұсыныстар айтылды. Шымкентте референдум бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы аясында жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде 5 207 жарияланым жарыққа шықты. Осылайша, шымқалалықтар референдумның мән-маңызын барлық ақпарат көзі арқылы оқып-білуге мүмкіндік алды. Айта кетейік, референдум күні Шымкентте барлығы 311 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда қала тұрғындарының 78,2 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын көрсетті.Референдумды қолдау штабының ауқымды істері
Ел тарихындағы айшықты оқиғаға азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылып, дайындық жұмыстарына белсене атсалысқан тағы бір қоғамдық бастамадағы ұйым – «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ бастамасымен құрылған референдумды қоғамдық қолдаудың Республикалық штабы (РҚШ). Конституциялық реформалардың негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге арналған іс-шаралар шеңберінде дүниеге келген штабтың жетекшісі болып бірауыздан РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сайланды. Құрылған бергі уақыттан бері РҚШ тек ақпараттық-түсіндіру ғана емес, дөңгелек үстел, кездесу, пікірталас, съезд, кеңес сияқты форматта да түрлі жиындар ұйымдастырды. Мәселен, осы уақыт аралығында референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтар республикада 1 миллион 917 мыңнан астам адамды қамти отырып, 15 300-ден астам іс-шара өткізген екен. Соның бірі – 17 мамырда өткен «Ассамблея жастары» РҚБ жастарының бастамасымен өткен пікірталас алаңы. Жиынға «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ, облыстық және қалалық мәслихаттардың жас депутаттары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен өкілдері және тағы басқалар шақыртылды. Кездесу барысында РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев жаңа Қазақстанның идеясы қоғамның ұмтылыстарына жақын екенін, азаматтардың түрлі санаттары ұсынған заманауи сұраныстарға жауап беретінін атап өтті. Біріншіден, бұл жаңа Қазақстанның әділеттілік пен өзара құрмет қағидаттарына байланысты. Талқылау аясында жастар көшбасшылары референдум өткізу және конституциялық реформа жүргізу туралы өз пікірлерімен бөлісті. Жас қазақстандықтар азаматтық қоғамның белсенді бөлігі ретінде мемлекеттің қоғамдық-саяси жүйесіндегі өзекті өзгерістерді және жаңа Қазақстанның идеяларын жүзеге асыруға жол ашатын жастарға арналған мүмкіндіктерді талқылады.Референдум тиісті заңнамаларға сай өтті
Осылайша Тәуелсіз Қазақстан тарихында араға 27 жыл салып ұйымдастырылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша кезекті референдум да нәтижелі түйінделді. Күні кеше Орталық референдум комиссиясы саяси мәні зор шараның алдын ала нәтижелерін жариялады. Референдумда сайлаушылардың келу көрсеткіші 68,06 пайыз болды. Республикалық референдум туралы Конституциялық Заңның 31-бабына сәйкес дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Сол секілді өзгерістерді қолдап дауыс бергендердің саны заңнамада көрсетілген межеден асып түсті. «Референдумда қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны барлық өңірде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын немесе 6 миллион 163 863 адамды құрады. Осылайша, өңірлердің кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адам болды. Жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны – 206 096. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58 пайызы немесе 125 859 бюллетеньді құрады», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров. Осымен үшінші рет өткізілген жалпыхалықтық референдум шетелдік байқаушылардың жіті назарында болды. Орталық референдум комиссиясында 10 халықаралық ұйымнан, 13 шет мемлекеттің орталық референдум органдарынан 272 байқаушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық корпустан 41 шетелдік байқаушы аккредиттелген екен. Сонымен қатар 200-ден астам шетелдік БАҚ өкілі Қазақстандағы мәні зор саяси шара туралы хабар таратты. Дауыс беру күні республика аумағындағы референдум учаскелерінде болған шетелдік байқаушылар да ұйымдастыру шараларын жоғары бағалады. Солардың бірі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин біздегі референдумның тиісті заңнамаларға сай өткенін хабарлады. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейді. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Біздің миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, демократиялық түрде өтті деп есептейді», – дейді ШЫҰ Бас хатшысы. Ондағы дауыстардың саны және референдум қатысушыларының таңдауы жайындағы қорытынды мәліметтерді Орталық референдум комиссиясы алдағы уақытта жариялай жатар. Дегенмен мұнда комиссияның кеше таңертең шығарған алдын ала қорытындысынан анау айтарлықтай өзгерістер бола аймас. Қазірдің өзінде халықтың талқысына түскен мәселені қолдап, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді құп көретіндердің де саны заңнамадағы межеден әлдеқайда көп. Демек, еліміздің Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ал бұл өзгертулер мен толықтырулар енгізуді халықтың өзі қызу қолдап отырғанын ескерсек, оның өміршеңдігі күмән туғызбайды. Осылайша күні бүгінге дейін айтылы