«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Парламент Мәжілісіндегі Фракция мүшелері Аманғали Бердалин және Ерлан Саировпен бірге Қарағанды облысының Нұра ауданы тұрғындарымен кездесті. Қарой және Жараспай ауылдық округтерінің тұрғындары жайылым тапшылығына шағымданды.
«Мәселе өте өзекті. Малға азық таппай отырмыз. Айналадағы жердің барлығы жеке меншікте. Иелері бұл жерге мал жаюға рұқсат бермейді, өздері де бұл жерді пайдаланбайды», - деді ауыл тұрғындарының бірі Амантай Құпанов.Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағамбетовтың айтуынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлерді тиімсіз пайдалану фактілері орын алып отырғаны рас. Аудан әкімдігі жүргізген талдау нәтижесі бойынша жеке қосалқы шаруашылықтағы 75 мың бас мал үшін 641 мың гектар жайылым қажет екені анықталды. Бұл ретте 261 мың гектар жайылым жер тапшы. Тек алты ауылдық округ бойынша жайылым мәселесі 100% шешілген.
«Ауылдағы бірден-бір табыс көзі жайылымға тікелей тәуелді мал шаруашылығы екенін түсінуіміз керек. Бірақ жердің көптігіне қарамастан, әр аймақта ауыл тұрғындарына мал жаюы үшін жер жетіспейді. Ал осы елді мекендерге жақын жерлердің тозығы жеткен. Бүгінгі таңда еліміздегі жайылымдық жерлердің жалпы қажеттілігі 22 млн гектарды құрайды. Ауылдық жерлерде халқымыздың жартысына жуығы тұратындықтан, «AMANAT» бұл мәселеге ерекше назар аударады», – деп атап өтті партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.