«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында «Жастар және жұмыссыздық» тақырыбында алғашқы отырыс өтті.
«TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы Шығыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараны партия жастар қанатының облыстық филиалытөрағасы Алмас Айтмұқаш жүргізіп, қоғамның басты қозғаушы күші саналатын жастардың мәселесін тақырыпқа тұздық етті. Түйткілді мәселелер жайында қоғам белсенділері ойларын ашық айтып, оның шешілу жолдарын қарастырды.
Қоғам белсенділерінің ойы мен пікірі бір арнада тоғысқан келелі кездесуде жастар мәселесінің шешілу жолдары да жан-жақты талқыланды. Әңгіме қыза келе олардың бәсекелестікке қабілеттілігі мен мамандық таңдаудағы немқұрайлылығы да айтылды. Сондай-ақ оларға қатысты идеологиялық жұмыстардың кемшін тұстары сараланды. Жастардың сапалы білім алуы мен тұрақты жұмысқа орналасудағы кедергілер әңгіме өзегіне айналды.
«Өңірімізде алғаш рет өткізіліп жатқан «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында жастардың мәселесі көтерілді. Мұндай алаңдарда қоғамдағы өзекті проблемалар ортаға салынып, талқылануы өте дұрыс бастама. Себебі біз кез келген түйткілді тек талқылап қана қоймай, оның шешу жолын да бірлесе іздейтін боламыз. Бүгінгі отырысқа қатысушылар тарапынан және тікелей эфир арқылы желі қолданушыларынан көптеген сұрақтар келіп түсті. Азаматтардың сұрақтарына барынша жауап беруге тырыстық», – дейді ШҚО мәслихатының депутаты Айбек Нұғұмаров.
«TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы отырысы партияның облыстық филиалының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы таратылды. Желі қолданушылары тақырып аясында сұрақтарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.