«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
«AMANAT» партиясының Атырау облысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс іс-шаралар жоспары жасалған болатын. Соған сәйкес өңірдің Жол картасы жасақталып, оның екінші тоқсандағы орындалу барысы талқыға түсті. Сондай-ақ өңір халқын, оның ішінде жастар қауымын жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл аударылды. Осы тұрғыдан алғанда, жұмыс берушілерден түскен бос жұмыс орындарына және электрондық еңбек биржасында көрсетілген орындарға азаматтарды жұмысқа орналастыру жөнінде есептер тыңдалды.
Сондай-ақ облыстың орта мектептеріндегі учаскелік полиция инспекторларының жұмысы сарапқа салынды. Одан бөлек, отбасын нығайту институты туралы, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатындағы заң жобасы талқыланды. Күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Абылхасимов пен Атырау облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыров баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшелері талқыланып жатқан мәселелерге қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, талап-тілектерін жеткізді.