Ескі техника есті шығармасын!
Ескі техника есті шығармасын!
© коллаж: Елдар Қаба
540
оқылды
4 пайыздық автонесие төңірегіндегі дау бітпей жатып тағы бір мәселе шықты. Енді шаруалар да ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін жылдық үстемеақысы 7 пайыздан аспайтын жеңіл несие бағдарламасын енгізуді сұрап отыр. Рас, елімізде шаруаға керекті техниканың басым бөлігі тозып кеткен. Жаңасын алудың машақаты көп. Егер ауыл шаруашылығы техникасын да жеңілдетілген несиемен берсе, бұл проблема шешіле қоя ма? Осы саладағы отандық өндірістің қарқыны қандай? Техника емес, құр темір көбейді Таяуда ғана Фермерлер қа­уымдастығының бастамасымен еліміздің аграрлары мен машина жасаушыларының республикалық кеңесі өткен болатын. Осы жиын­да шаруаларды көптен бері маза­лап жүрген бір дүние айтылды. Елдегі ауыл шаруашылығы тех­никаларының әбден ескіргенін айтқан олар шешу жолдарын талқылап, Үкіметке хат жолдады. Мәселен, тракторлар мен ком­байндар паркін жаңарту бойынша лизингтік бағдарламалар мүлде бәсеңсіп қалды. Оның үстіне, агро­өнеркәсіптік кешенді техни­калық жабдықтау үшін жаңа жағ­дай жасамасқа болмай тұр. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің 2021 жылғы дерегіне қа­расақ, еліміздегі ауыл шаруашы­лығы техникасының паркінде 147,7 мың трактор, 38,1 мың ком­байн бар. Енді қараңыз, со­ның 80 пайызы тозған. Сондықтан шұғыл жаңарту мәселесін қолға алмасқа болмай тұр. Енді ұсынысқа тоқталсақ. Тех­никаны жеңілдетілген несиемен алуды көздеген шаруалардың ұсынысы жақында 4 пайызбен автонесие бағдарламасынан кейін шығып отыр. Шыны керек, осы автонесие бағдарламасы әзірленіп жатқан бастапқы кезде «жобаға ауыл шаруашылығы техникасы да қосылады екен» деген пікірлерді көп естідік. Алайда іске аспады. Шаруалар Үкіметке жолдаған ха­тында осы реніштерін де айтып өтіпті. «Қаражат бөлу туралы шешім қабылданған кезде ауыл шаруа­шылығы техникасын жаңартуға қаражат қарастырылмаған, қазақ­стандық фермерлер қайтадан ескерусіз қалды. 2022 жылғы егін жинау науқанына уақытылы дайындалу, сондай-ақ процесті бюрократиясыздандыру мақса­тын­да ауыл шаруашылығы тех­никасын жеңілдікпен лизингті несиелендірудің осындай бағдар­ламасын іске қосуды ұсынамыз» деген шаруа қожалықтарының басшылары. Шаруалардың айтуынша, бастаманы іске асырып, отандық өндірістегі тракторларды, ком­байндарды, аспалы және тіркеме техниканы 15 пайыздық бастапқы жарнамен, жылдық үстемеақысы 7 пайызбен лизингке беру үшін шамамен 30 млрд теңге қажет екен. Бірақ бұл бар болғаны 872 техниканы жаңартуға, жыл са­йынғы шығындар мен жиналмай қалатын егін көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Бастаманы за­уыттар да қолдайтыны анық. Жыл басында Қостанай трактор зауы­тының директоры Динара Шү­кіжанова да осы мәселені айтқан еді. «Жеңілдетілген несиені ауыл шаруашылығы техникасына да беру керек деп есептейміз. Диқан­дардың қандай қиын жағдайда тұрғанын білеміз, екінші жыл қа­тарынан қуаңшылық болды. Сондықтан барлық шаруа ауыл­шаруашылық техникасына же­ңілдікпен несие алуды күтіп жүр. Бұл шаруаларға да берілуі керек» деген еді Д.Шүкіжанова. Негізі, мұндай бағдарламалар бұрын да әзірленген. Кейбірі іске де асты. Мысалы, 2018-2019 жыл­дары Агробизнес бағдарламасы шеңберінде 1 690 ауылшаруа­шы­лық техникасын сатып алу үшін 25 млрд теңгені құрайтын 940 несие берілген. Сала мамандары да алаңдаулы Негізі, пайдалану мен жөндеу­дің техникалық шарттары бойын­ша тракторлар, комбайндар мен ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Ал бізде техникалардың тозбағаны жоқ десек, артық айтпаймыз. 2019 жылы қолданылған техниканың 60 пайызының мерзімі өткені анықталған. Бірақ бәрі қолданыс­тан шығарылмады. Себебі орнын басар жаңа техника жоқ. Енді биыл, арада 3 жыл өтісімен бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Ал­дағы 5 жылдықта тозған техника үлесі тіпті ұлғайып кетуі мүмкін. «Атамекен» ҰКП-ның Агроөнер­кәсіп кешені және тағам өнеркә­сібі департаментінің директоры Ербол Есенеев аталған мәселе уақытында шешілмесе, бүтін бір саланы құртып алатынымызды айтады. – Ауыл шаруашылығы тех­никасының паркі ескірген соң саланың дамуы кенжелеп қалды. Еліміздегі жалпы техниканың 80 пайызы тозған. Барлық шаруаның техникасын жаңартуға шамасы жетпейді. Көптеген ұсақ фермер тіпті отандық ауыл шаруашылығы техникасын да сатып ала алмай жүр. Ал импорттық ауыл шаруа­шылығы техникасына енгізілген утильалымы мәселені одан сайын күрделендірді. Қазір фермерлер өнімділігі жоғары ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 миллион теңгеге дейін утильалым төлейді. Бұл аздай 12 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы бар. Мынадан кейін фермерлер мүлде техникасын жаңарта алмайды, – дейді маман. Енді қараңыз, ескі техника неге елдің бүтін бір саласын құл­дыратты деп отырмыз. Мәселе мынада, ескірген техниканың қуа­ты әрі кетсе 40 аттың күшін құрайды. Салыстыру үшін айта­йық, АҚШ-тағы егіс алқапта­рын­да 300, Германияда 500 аттың күші бар ауылшаруашылық техника­лары іске тартылған. Сонда еліміз тозығы жеткен техниканың кесі­рінен қосымша 20 пайыз өндіріс шығынына ұшырайды. Департа­мент директоры Ербол Есенеев өткен айда осы мәселені Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнес өкілдерімен кездесуінде де көтерген. Енді маман Үкімет нақты бір шаралар­ды іске асырар деп үмітті. Тағы бір нәрсе – утильалым мен қосымша құн салығының мөл­шері техника жаңартуға үлкен кедергі болып тұрғандай. Жыл басында утильалымға қатысты ел ішінде наразылық өршіп, ақыры мөлшері 50 пайызға азайған бо­латын. Бір жағынан сол дүмпуді басқысы келді ме, 4 пайыздық автонесие шыға келді. Дегенмен қазір бағдарлама бойынша көлік алуға өтініш бергендер көп, 16 мамырдан бері 10 мыңға жуық өтінім мақұлданып, 1 618 авто­көлік берілген, ал қалғанын қам­туға автосалондарда көлік жетпей жатыр. Ендігі сауал: ауыл шаруа­шылығы техникасын алуға бағ­дар­лама әзірленген күннің өзінде тағы сол жағдай қайталанбай ма? Шаруалар несиеге алатын отан­дық техника таппай жатса қай­теміз? Бағдарламаны жасақтамас бұрын осы дүниелерді ескерген жөн тәрізді. Дегенмен ауыл ша­руа­шылығы техникаларының отан­дық өндірісі жақсы қарқын­мен келе жатыр. 2019 жылы Үкі­мет басшысы Қостанай қаласын­дағы индустриялық аймақта бо­лып, «Беларусь» және «Кировец» тракторлары өндірісін іске қос­қанын білеміз. Елдегі ауылшаруа­шылық техникаларына сұранысты өтеу үшін қолға алынған баста­маның нәтижелі болуына барлық мүмкіндік қарастырылғаны ай­тылды. Басқаны айтпағанда, атал­ған өндіріс орындары жылына 1 мың комбайн шығаруға қауқарлы. Әйткенмен, осы кезге дейін олар­дың нақты қанша техника құрас­тырғаны жайлы дерек жоқ. Қорыта айтқанда, біз осындай әзірлеуден бұрын бірнеше мәсе­лені шешіп алу керегін аңғарып отырмыз. Біріншіден, бағдарла­маға кемі 100 млрд теңге бөлінді деген күннің өзінде ол қаржы әрі кетсе 6 000-6 500 техника алуға жетеді. Яғни, бұл сан елдегі тех­никаны жаңарту деңгейін айтар­лықтай көтермейді. Әр жыл са­йын 100 миллиард теңгеден бөлу қазынаға салмақ салады. Екін­шіден, мәселенің экономикалық тиімділігі жағын бағалау. Мысалы, 4 пайыздық автонесие бағдарла­масы болады дегеннен елімізде автокөлік бағасы шарықтады. Саладағы инфляция деңгейі кө­терілді. Осы жағдай қайталануы мүмкін. Үшіншіден, отандық өнеркәсіп шығарған техникалар бағдарлама бойынша техника алуға дәмелі шаруаларға толық жете ме? Осы дүниелер мәселені алдағы уақытта зерделей түсуді қажет етпек.