Біздің қоғамда 30-дан асқан басы бос қыздар жаңа жасқа толған сайын құдды бір ойынның күрделі, кедергілері көбірек келесі деңгейіне өткендей күй кешеді. Кедергі деп отырғанымыз – «әлі бала жоқ, сол баланы бірге сүйетін серік жақын арада жолығар емес, ал биологиялық сағатым мені күте ме?» деген алаң көңіл. Соңғы жылдары заманауи медицина осындай уайым шегетін қыз балалары үшін жұбаныш болар жол ұсынып жатыр. Енді аналық ұрықты қатырып қойып, керек уақытта кәдеге жаратуға болады: қанша уақыт сақталса да, сапасы нашарламайды, оған дейін мансабыңды реттеп, үй-күйіңді дұрыстап, лайықты азаматыңды асықпай іздеп табуға уақыт бар. Бірақ мұның бәрі оңай ма?
Криоконсервация қайдан шықты?
Әйелдің аналық ұрығын болашақта қолдану үшін қатырып, сақтап қою медицина тілінде «аналық ұрықтың криоконсервациясы» деп аталады. Бұл технология 1990 жылдардың соңында қатерлі ісікке шалдыққан науқастар үшін пайда болған. Химиялық терапия пациенттердің аналық ұрығын зақымдап, оларды бедеу етуі мүмкін еді. Криоконсервация тіршілік етуге жарайтын аналық ұрықты сақтап қойып, әйелге кейінірек бала сүюге мүмкіндік береді. Қазір бұл әдіс әлі өз адамын жолықтырмай, бала көтеруді кешеуілдеткен әйелдер арасында да танымал бола бастады. Біз дәл осы әлеуметтік себепті желеу ету мәселесін талқыламақпыз. Өйткені көкейде «Сақтану амалын жасадым деп, отбасы құруды кейінге қалдырып жүргенде біржола кеш болып қалмай ма?», одан бөлек, «40-тан кейін тұрмыс құрғанның өзінде жасанды жолмен бала сүю үміті қаншалықты ақталар екен?» деген күмән туып тұр.
Соңғы уақытта аналық ұрықты қатырып қою тәжірибесі әлемде кеңінен насихатталып жатыр. Facebook, Apple, Google секілді ірі компаниялар корпоративтік жеңілдік ретінде әйел жынысты қызметкерлеріне аналық ұрығын қатырып қою ақысын төлеп береді. Ондағы ойлары – әйелдердің отбасы мәселелеріне қатысты алаңдаушылығын шешіп, жұмысқа толыққанды көңіл бөле алуына жағдай жасау. Одан бөлек, АҚШ-та EggBanxx сияқты медицина индустриясына маманданған компаниялар жыл сайын қонақүйлер мен клубтарда тақырыптық кештер өткізіп, қонақтарға осы репродуктивті технологияны егжей-тегжейлі түсіндіріп, насихаттап жүр. Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде назар аударып жатқан елдер де біршама. Мысалы, Сингапур бұған дейін әйелдерге аналық ұрықты тек медициналық мақсатта сақтауға рұқсат етсе, 2023 жылдан бастап елдегі басы бос әйелдерге де әлеуметтік мақсатта криоконсервацияға жүгінуге мүмкіндік берілмек.
40 жаста балалы болу қиын ба?
Мамандар бұл медициналық қызметке көбіне 25-35 жас аралығында жүгінуге кеңес береді. Өйткені жас ұлғайған сайын әйелдің ана болу мүмкіндігі де азаяды. Оған бірнеше себеп бар.
– Біріншіден, қыз балада фолликул (болашақ аналық ұрық) қоры тым ерте – жатырда жатқан кезінде-ақ қалыптасады, яғни олар белгілі бір көлемдегі аналық ұрық фолликулдары қорымен өмірге келеді. Бұл қор уақыт өткен сайын сарқыла береді. Екіншіден, аналық ұрық та, әйел ағзасы секілді, 40 жасқа қарай қартая бастайды, – дейді елордадағы Darmed гинекология және превентивті медицина орталығының гинеколог дәрігері Әйгерім Бөкебаева.
Алайда дәрігердің сөзінше, аналық ұрықты тіпті 20 жаста сақтап қойғанның өзінде бұл – 40-тан асқанда баянды жүктілікті бастан кешудің кепілі емес:
– Әйелден 20 жаста алынып, сақталған аналық ұрық сол сапалы күйінде қалады, оған дау жоқ. Бірақ 40-тан асқан әйелде эндометрийдің ұрықты қабылдау қабілеті төмендейді, яғни эмбрион сапалы болғанымен, ол жатырға жабыспауы, жабысса да түсіп қалуы мүмкін. Оған қоса, әйелдің жасы ұлғайған сайын жыныстық инфекцияларды айтпағанда, оның басқа да созылмалы аурулары көбейеді. Бұл түсік тастауға немесе балада туабітті денсаулық ақауларының пайда болуына әкелуі ықтимал, – дейді маман.
Үміттен күдік басым
Қазақстанда медициналық мақсаттан тыс себеппен аналық ұрық криоконсервациясына жүгінетін әйелдер әзірге көп емес.
– Аналық ұрықтың криоконсервациясына келетіндердің 99 пайызы – денсаулық жағдайына байланысты ЭКО жасатқысы келетіндер. Ал мансап қуып, отбасын құрғанша арқаны кеңге салып жүру үшін бұл процедураға жүгінуді мен еш құптамаймын. Өйткені оның сәтті шығуына еш кепілдік жоқ, – дейді «Экомед» клиникасының негізін салушы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.
Дәрігер бұдан кейін жасанды жолмен ұрықтандырудың нәтижесіне қатысты статистикамен бөлісті.
– Еуропалық көрсеткіштер бойынша, қатырып сақталған 44 аналық ұрықтан, ал америкалық көрсеткіште 36 аналық ұрықтан 1 ғана сәби өмірге келеді. Бұл сондағы дәрігер-ғалымдардың дұрыс жұмыс істемейтінінен емес – табиғаттың заңы солай. Сонда 10-15 аналық ұрығын қатырып қойып, «болашағымды жоспарладым» деп сеніп отыру қаншалықты негізді екенін осыдан-ақ ойлай беріңіз. Маған бірде 44 жастағы әйел өзінің аналық ұрығын қатырып қоюға келді. УДЗ-ге түсірсек, 1-2 фолликулы ғана қалыпты. Сонда да байқап көрейік деп тексерсек, оның ішінде ұрық жоқ. Яғни әйел тым кеш қимылдаған. Сондықтан мен әркез табиғи жолмен, уақытылы, жас кезде жүкті болу керегін айтамын, – дейді ол.
Әлеуметтанушылар медицинаның бұл жетістігі әйелдердің кешірек ана болуға құштарлығын өршітіп жібермей ме деп алаңдайды. 2016 жылы АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы адамзат тарихында тұңғыш рет жиырманың ішіндегі әйелдерден гөрі отыздың ішіндегі әйелдердің көбірек бала тапқанын анықтаған-ды.
– Балалы бола алмаудың табиғи, яғни денсаулыққа байланысты факторларынан басқа объективті заманауи себептері адамда балалы болуға рационалды қатынасты қалыптастырады. Бұл рационализм де қажеттіліктен туындайды. Міне, осы жерде қоғамдағы дәстүрлілік пен заманауилық шиеленісі бастау алады, – дейді әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, доцент Баян Смағамбет.
Оның айтуынша, жоғарыдағыдай медицина жетістіктерінің қазақстандық қоғамға ықпалы әзірге ондай қорқынышты емес.
– Патриархаттық канондарға сәйкестігі әлі де басым саналатын қоғамдағы әйелдің миссиясы – бірінші кезекте ана болу және ертерек ана болу. Ана болуды кейінгі қалдыру – біздің қоғамда құпталмайтын әрекет, сондықтан «мансап жасайтын әйел» бейнесінен гөрі «балалы әйел» бейнесі біздің қоғамға жақынырақ, – деп тұжырымдайды әлеуметтанушы.
Бәлкім, аналық ұрықты сенімді жерде сақтау әйелге сәл де болса қауіпсіздік сезімін сыйлайтын шығар. Бірақ бұл амал оның әрі қарайғы әрекетіне теріс әсер етуі мүмкін.
– Әйелдер криоконсервацияға жүгіну арқылы өмірінің барлық аспектісін бақылауда ұстағысы келеді: мансапты да қуып, уақыты келгенде баланы да туамын деп ойлайды. Әрине, бұл процедура кейбіреулердегі болашаққа қатысты алаңдаушылықты сәл де болса басуы мүмкін, бірақ әйел еш тәуекелге бармағандықтан, жар іздеу әрекеті қарқынды болмайды. Мысалы, ол тәуекелге барып, табиғи жолмен балалы болуды мақсат тұтса, серік табуға, тұрмыс құруға ұмтылар еді, – дейді психолог Жанерке Әубәкірова.
P.S. Өміріміз түгілі, күнімізге құрған жоспарымыздың айна-қатесіз орындала қоюы сирек. Баланы бақытына балайтын халықтың өкілі ретінде қай қазақ әйелінің де әлеуметтік мақсаттағы криоконсервацияға еріккеннен бармасы анық. Тек әлгі мұздатқышта «болашақ баласын» сақтаймын деп жүріп, бақытын ұмыт қалдырмаса екен дейміз.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ