Биыл ел Тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның туғанына 220 жыл толып отыр. Осыған орай кеше Халықаралық Түркі академиясы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, «Хан Кенеге тағзым» атты іс-шара ұйымдастырды.
Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам және мемлкет қайраткері Абай Тасболатов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, сонымен қатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті депутаттары, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, танымал ғалымдар, ЖОО ұстаздары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Тағылымды іс-шараға қатысушылар алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қараөткел» зиратына барып, осында жерленген Кенесары хан сарбаздарының рухына тағзым етті. Бұдан кейін алқалы жиын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында жалғасты. Алғашқы болып сөз алған Дархан Қыдырәлінің айтуынша, Кенесарының күрескерлік рухы мен отаншыл тұлғасы – қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге бауырлас елдердің баршасына ғибратты өнеге. Сондықтан тұғырлы тұлғаның мерейтойы Түркі академиясының мерекелік күнтізбелер тізіміне енгізілді, ол туралы жыр-дастандар кітап ретінде жарық көріп отыр.
– Іс-шараны әуелі Хан Кененің сарбаздарына тағзым етуден бастадық. «Кенесары хан» атты кітапқа сонау Нысан абыздан бастап, Жамбыл Жабаевтың, Мағжан Жұмабаевқа дейінгі ақындардың жырлары, ел аузындағы Кенесары жайлы аңыздар енгізілген. 1841 жылы барша қазақ бас қосып, Ұлық ұлыстың тарихи ордасы Ұлытаудағы құрылтайда Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлағаны белгілі. Жақында Мемлекет басшысы да елімізде құрылтай өтетінін айтты. Бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайта түсетіні анық. Ел болып референдумды да жоғары дәрежеде өткіздік. «Жаңа Қазақстанда» Халықаралық Түркі академиясы алғашқы іс-шарасын Шыңғысханның ұрпағы, Алаштың алдаспаны Хан Кененің 220 жылдығымен бастап отыр,– деді Дархан Қыдырәлі.
Келелі басқосу аясында Түркі академиясы әзірлеген «Кенесары хан» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Жинақты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерлері Нұржұма Елесбай және Насихат Набиолла құрастырып шығарды.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Кенесары хан азаттық үшін күрестің символына айналды. Ол атақ үшін хан болған жоқ.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұған дейін арнайы экспедицияға шығып, Кенесары ханның сарбаздары жатқан жерлерді анықтадық. Соның бәрін киелі жер деп белгіледік. Өйткені азаттық үшін күрес бәріміз үшін қасиетті. Мысалы, Ақмола өңірінде Хан Кененің батырлары жерленген Бесбатыр деген жер бар. Бірақ бес батырдың кім екенін ешкім білмейді. Алашордашылар да әрқашан Кенесары ханның ерлігіне сүйенген. Сондықтан өңірлердегі көше, мектеп аттарын Кенесарының атымен атау артық емес,– дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Мәжілісмен азаттықтың символы ретінде Кенесары хан атында арнайы мемлекеттік орден тағайындауды ұсынды.
Хан Кене ту тіккен Көкшетаудан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев жиынның маңызына тоқталып, Халықаралық Түркі академиясына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғысхатын табыстады.
– Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басқанда біздің түгендейтін екі дүниеміз бар. Бірінші – тарихымыз, екінші – тіліміз. Бұл – зиялы қауымның алдында тұрған үлкен міндет. 2013 жылы Үкімет құрамында жүрген кезде «Абылай хан» атында жауынгерлік орден шығаруды ұсындым. Не себепті екенін білмеймін, осы ұсынысым ескерусіз қалды, – деді Жабал Ерғалиев.
Айта кету керек, ел арасында Кенесары ханның өмір жолын, жорықтары мен шайқастарын суреттейтін көптеген жырлар мен аңыздар сақталған. Ал Нысанбай жыраудың Ж.Басығарин жазып алған нұсқасын Х.Досмұхаммедұлы Ташкентте 1923 жылы, кейін Н. Төреқұлов 1924 жылы Мәскеуде жеке кітап қылып жариялаған. Ұлт-азаттық көтеріліс пен Алаштану тақырыбына іргелі зерттеулер жасап, жаңа көзқарас қалыптастырған белгілі алаштанушы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев жиынға онлайн қатысып, Кенесары ханның идеясы Жаңа Қазақстанның бастауы екенін атап айтты.
–Кеңес Одағы кезінде бір ғалым «Кенесары ханның тарихын қазақ тарихына қосуға әлі ерте» деп ұсынады. Сол кезде Мұхтар Әуезов «Егер де бұл тарихқа Кенесары тақырыбы қосылмаса, ол кітаптың кімге керегі бар?» деген екен. Осы сөзді мен қазіргі жағдайға байланысты айтқан болар едім. Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны кезінде бүкіл Қазақстанға тарады. Қазір өкінішке қарай, Нысанбай жыраудан еш белгі жоқ. Мүмкіндігінше біз тарихымыздағы тұлғаларды ұмытпауымыз керек,– деді Мәмбет Қойгелдиев.
Қазақтың аяулы ханы азаттықтың ақ жолында, жаралы жолбарыстай арпалысып, қапияда опат болғанымен оның асыл рухы Алашты азаттыққа бастайтын, тар жол тайғақ кешуде жебейтін киелі ұранға айналды. Артында қалған халқы аруағына сыйынып, ақын-жыраулар ел өмірінің түйінді сәттерінде Кенесарыны жырға қосты. Осылайша, Кенесары ұраны қазақ поэзиясында елдік, ерлік, бостандықтың мәңгілік айшықты рәмізіне айналды.
Нысанбай жырау, Досқожа, Арыстан Тобылбайұлы, Доскей Әлімбайұлы, Жамбыл Жабаев сынды көптеген халық ақындары бастаған ұлы жолды Мағжан Жұмабаев, Қалижан Бекқожин, драмада Мұхтар Әуезов, прозада Ілияс Есенберлин жалғастырды. Абыз жырау Жамбыл Кенесарының ұлы Сыздық төрені ауылында қарсы алып, әйгілі сардармен бірге ұлы ханның сүйегін іздеп қырғызға барғаны мәлім.Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл дәстүр жалғасын тауып, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы, Жәркен Бөдешұлы, Әбубәкір Қайран секілді ақындар Кенесары ханға жыр-дастан арнады. Жиында жыраулық поэзияны жаңғыртқан Алмас Алматов өзі жазған «Шыңғыснама» тарихи дастанын орындап берсе, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай мен Ардаби Мәулетбек Кенесары ханға арналған күйлерді шертіп, жиынға қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Іс-шара жайлы арнайы естіп келген Кенесары ханның шөбересі Ботагөз Арыстанова батыр ханның рухын насихаттаған зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты.
–Жас ұрпақтың рухын көтеру үшін тарихымызды қайта жаңғыртуымыз керек. Кенесары атамыздың Ахмет деген баласынан Нартай есімді академик шыққан. Нартай Қаныш Сәтбаевпен дос та болды. Кейін қуғынға ұшыраған кезде Ташкентке барып, сол жақта академик атанады. Ойлап қарасам, егер Нартай атамыз елімізде болған кезде Қазақстанның дамуына үлес қосып, есімі Қаныш Сәтбаевпен қатар аталып жүрер еді, – деді Ботагөз Арыстанова.
Осылайша, Кенесары ханға арналған басқосуда құнды тарихи деректер айтылып, Хан Кенені зерттеу жұмыстарының әлі де өзекті екені белгілі болды. Жиналған қауым бір ауыздан, қазақтың біртуар қолбасшысының 220 жылдығы ел көлемінде жоғары деңгейде атап өтілуі керек деген ұсыныс айтты.