12 университеттен шақырту алған Ерсұлтан
12 университеттен шақырту алған Ерсұлтан
730
оқылды
Ақтөбедегі «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Сұлтанов АҚШ пен Канаданың бірқатар жоғары оқу орындарына шақырту алды. Сонымен қатар Назарбаев университетінің грантын иеленді. Бұған Ерсұлтан қалай қол жеткізгенін білмек болдық.  

АҚШ-ты таңдаған Ерсұлтан

– Жоғары оқу орнының қайсысына түскелі жатырсыз? Таңдау қиынға түскен болар? – Заман дамыған сайын жоғары оқу орындары да бір-бірінен қалысып жатқан жоқ. Қазір мемлекетімізде де, шетелде де жақсы оқу орны көп. Сондықтан таңдау жасау қиынға соқты. Ойлана келе, барлық университетті зерттеп, таңдауымды жасадым. Көп уақытымды алса да, өз болашағыңды таңдау, мұқияттылық қажет. Қалауым Arizona State University оқуына түсті. – Неге дәл сол университетті таңдадыңыз? Қандай критерийлерге сүйендіңіз? – Бұл университет – инновациялық рейтинг бойынша АҚШ-та 1-орында тұр. Білім сапасы да жоғары, түрлі клубтар мен секциялар дамыған. Сонымен қатар олардың болашақ студенттерге деген қарым-қатынасы ұнады. Оқу орнының орналасқан жері де жақсы.  

Болашақ IT маман

IELTS, SAT емтихандарын тапсырдыңыз, қанша ұпай алдыңыз? Кейбірі «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өтпек болып, түрлі әрекетке барып жатады. Сізге де ондай ой келмеді ме? – Әрине, емтихан оңай болмайды. Ең қиын нәрсе – күйзелісті жеңу. Бұл – әр оқушы үшін күрделі кезең. Өйткені сабақты жақсы оқып қана қоймай, емтиханға дайындалып, физикалық әрі эмоционалдық шаршауды жеңуге үлгеруіміз керек. Мұндай сәтте өзіңді жоғалтып алу оңай. Осындайда өзіңе деген сенім маңызды рөл атқарады. Бірақ дамылсыз дайындығымның арқасында IELTS тапсырып, емтихандардан жоғары балл жинап, жүйелі дайындықтың нәтижесінде 7 балл алдым. – Қандай мамандық таңдадыңыз? Өзіңізді қай саладан көресіз?           – IT мамандығын таңдадым, сол салада жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Бала кезімнен компьютерге, ондағы программалардың жұмысы, әрбір ұсақ-түйегіне қызықтым. Іздене келе, IT саласымен таныстым. Сөйтіп, 4-сыныпта IT маманы боламын деп шештім. Енді оқу кезінде стажировка арқылы жақсы жұмыс тауып, тәжірибе жинаймын. Артынан өз жобамды бастап, компания ашсам деген ниетім бар.  

Ерсұлтан өзге емес, өз елінде еңбек етпек

 Оқуыңызды бітірген соң елге ораласыз ба? – Әрине, әр қазақтың борышы – өз Отанына еңбек ету. Болашақта Қазақстанды биіктен көрсеткім келеді. Аз да болса, өз елімнің дамуына үлесімді қосқым келеді. Менің арманым – осы. – Шетелге түскісі келетін оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз? – Бастысы, адамның қалауы. Егер шетелге оқуға түскіңіз келсе, онда бәрі сіздің қолыңызда. Сондықтан асығыстық жасамай, өзіңізге қажетті мамандықты таңдай алыңыз.

Әсемай МАКУОВА