Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылында Әбдіқайым Атақожаев есімді азамат тұрады. Қашан көрсең, қолы шаруадан босамайтын ауыл тұрғынының ауласында қабырғалары шыны шөлмектерден қаланған ерекше монша жұмыс істеп тұр.
«Бұл моншаны 2011 жылы салдық. Сол кездері тойханада жұмыс істеп жүрген бөлем босаған шыны бөтелкелерді үйге әкеп тастайтын. Қажетімізге жарар деп жинай бергенбіз ғой. Бірде үйге монша соғу керек болды. Тегін бөтелкелер тұр, кірпішке шығынданудың қажеті жоқ. Бөтелкелерден монша соғуға болатынын бұрыннан білетінмін, сөйтіп ұлым екеуіміз іске кірісіп кеттік», – дейді Әбдіқайым Атақожаев.
Оның айтуынша, моншаны соғуға 3 400-дей бос бөтелке кеткен: 28 қатардың әрқайсысында 120 шақты шөлмек жатыр. Оларды өзара цемент ерітіндісімен бекітіпті. Ал едені мен төбесін бетоннан жасаған. Бөтелкелер жарылып кетпес үшін пешті қабырғадан 20 сантиметрдей қашыққа орнатқан. Бас-аяғы бір жазда монша да дайын болыпты.
Шыны шөлмектен тұрғызылған моншаның бір артықшылығы – оның іші де, сырты да ылғалданбайды әрі бөтелкелердің іші қуыс болғаны себепті температура ұзаққа дейін бірқалыпты сақталады.
Моншаның қызығын Әбдіқайым ағайдың отбасы ғана емес, түгел ауыл көрген екен.
«Әсіресе, балалар қызықтап, жиі келетін. Қыздарым мұны кішігірім бизнеске де айналдырды. Орталықтағы монша 100 теңге болса, бұл 50 теңге еді. Біраз адамға қызмет етті», – дейді Әбдіқайым Атақожаев.
Айтпақшы, шөлмектерден монша тұрғызу – Сыр бойы өңірі тұрғындарының тәжірибесінде жиі кездесетін секілді. Мәселен, бұған дейін қазалылық Бақберген Қайыпназаров шыны шөлмектерден екі бөлмелі сарай салса, қармақшылық Зәріп Мысабеков бос бөтелкелерден баспана тұрғызған.