Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің бір топ студенттері өндірістік тәжірибеден өту үшін редакциямызға келген еді. Студенттердің кейбірінің алғашқы тәжірибелері болса да, «үйренсем», «білсем» деген ықылас-ниеттері бөлек. Болашақ журналистер AIQYN-да жиылып, бірінші рет сұхбат құрды. Олардың бүгінгі кейіпкері – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ. Ойлары еркін, сауалдары шынайы шыққан секілді. Мағжан ақын айтқандай, бұл жолы біз де алаң ұсынып, жастарға сенім білдірдік.
Редакциядан
Еркежан ӘУЕСБЕК: – Дихан аға, біз сізді алаштанушы ретінде танимыз. Осы Алаш тақырыбын зерттеуіңізге не түрткі болды? – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының Филология факультетінде білім алғанмын. Тарихқа деген қызығушылығым сол кезеңнен басталды. Институтта жүріп тарихты жүйелеуді үйрендім. Буржуазияшылдарды, Мағжан мен Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті студент кезімде естідім. Оған дейін мектепте бізге тарихтың бұл тұстарын көп оқыта бермейтін. Ізденуші болған соң ішімізде «неге бұлай?» деген күдік те туындап жататын. Осылайша, ғылыми текстердің астарына үңіліп, шындыққа көз жеткізуге асықтық. Сөйтіп жүрген кезде, бізге мұғалімдеріміз шет жағасын айта бастады. 1983 жылы оқуға түстім, сонда алғаш Мағжан туралы естідім. Мағжанның поэзиясы да соншалықты керемет еді. Сол кезде баспалар кітап шығармайтын. Адамдар кітаптарды қолмен жазып немесе машинкаға басып, таратып сататын. Сондай кітаптардың ішінен Мағжанның өлеңдерін қызығып оқи бастадық. Мағжан рухының мықтылығына, ұлтшылдығына риза болмау мүмкін емес еді. Осылайша, алаш арыстарына қызыға бастадық. Біздің бағымызға орай Кеңес үкіметін сынайтын, сынауға мүмкіндік беретін өзгерістер, яғни қайта құру кезеңі басталып жатты. Мәскеуден келетін көп газет-журналдарда ұлтқа, тарихқа, философияға қатысты тың деректер де жарияланып жатты. Біз соған қызығып, ары қарай Алаш тақырыбына келдік. Бұл тақырып қоғамда жабық саналатын. Сондықтан Алашты зерттеу үшін архив ақтаруға тура келді. Ал архивті қарасаң, таңғаласың. «Еңбекші қазақты», барлық ескі газеттерді қарадық. Онда жазылған көп дүниені бұрын-соңды естімегенбіз. Менің көзіме ең бірінші 1924 жылы Орынборда Қазақ білімпаздарының бірінші съезі өткені түсті. Біз айтып жүрген қазіргі мәселелердің бәрі сол жерде талқыланыпты. Төрінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты мықтылардың барлығы отырған. Мәскеуден келген қазақтар Орынборда алқалы жиын өткізіп, шешім шығарады. Ал бұл жайлы біздің тарихта ешқандай ақпарат жазылмаған. Бізге тың дерек табу, ары қарай Алашты зерттеу қызық еді.Баламнан ғалым жасамаймын
Еркежан ӘУЕСБЕК: – Өміріңіздің қанша жылын ғылыми зерттеуге арнадыңыз? – Мен қазір белсенділігімді ептеп азайттым. Өмір бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Жұмыста таңнан кешке дейін отырамын. Қолым босай қалса, кейде түнімен, кейде демалыс күндері ғылыммен айналысамын. Ғылыммен тұрақты шұғылданбасаң, кітап жаза алмайсың. «Егер қонаққа барып жүрсең, ол ғылым болмайды. Олай жүрсең, уақытыңның бәрі текке кетеді. Содан сенің бұл дағдыңа отбасың да, балаларың да бейімделе бастайды», – дейтін ғалым Рабиға Сыздық. Бірақ мен баламнан ғалым жасамаймын. Оларды да түсінесің, олар басқа балалар сияқты қыдырғысы, қонаққа барғысы келеді. Сондықтан отбасыңның да жағдайын ойлау қажет екен. Біз тым жұмысшыл болып кеткен кезде кішкентай қызым: «бүгін үйде боласыз ба? Болмайсыз ба?» – деп сұрады. Содан бастап балаларға да көңіл бөлу керек екенін түсіндім. Шынымды айтсам, бір отырғанда 10 сағатқа дейін архив ақтарған кезіміз болды. Зарина РАХМЕТОВА: – Университетте жастармен жиі жолығасыз. Жалпы, қазіргі жастардың біліміне көңіліңіз тола ма? Сауаты төмендеп кеткен жоқ па? – Бұл өте нәзік мәселе. Шындап келгенде, сауаттылықты 11 сыныптық біліммен ғана өлшеуге болады. Бала мектепті бітіргеннен кейін сауатты болып шығуы керек, оның мәңгі бақи артынан қуып жүріп оқыта алмайсың. Ресей империясы кезінде гимназия 7-8 жылдық болған, оны бітірген бала бір сөзінен қате таппайтын сауатты болатын. Өйткені оқушы 1-2 сөзден қате жіберсе, оқудан шығарылатын. Қазір 11 сыныпты бітірген бала 100 пайыз сауатты деп айта алмаймыз. Егер 11 жылда бар мүмкіндігімізді салып, оқушыларды оқытқанымызда сауатты халық жасап алар едік. Қазір қазақ мектебінің тағдыры да қиын болып тұр. Ал оны қиындатып жатқан – өзіміздің қоғам. Мысалы, Финляндия мемлекетінің мектептерінде үй тапсырмасы берілмейді, таңертең келгеннен кешке дейін барлық тапсырманы сол жақта орындап кетеді. Кішкентай кезімде мен де журналист болғым келген, сол кездегі «Пионер», қазіргі «Ұлан» газетіне мақала жазатынбыз. Әр мақаланы қолмен қағазға айна қатесіз түсіретінмін. Қазір оқушылардың жазуын тану мүмкін емес. Сондықтан мектепте әр мұғалім баланы сауаттылыққа баулыса, қоғамның, жастардың сауаттылығы артады деп ойлаймын. Бір жағынан, ол оңай да емес, педагогикалық институт бітіргеннен кейін өзім де педагогпын, жақсы түсінем. Егер жүз адамның оны сауатты, ақылды болса, онда ел сауатты, ол ел ешқашан құрымайды. Физиканың заңдылығы бойынша шешуші салмақ деген бар, оннан азайып қалса, мемлекет құлап қалады. Зарина РАХМЕТОВА: – Әлеуметтік желі жастардың сауатсыздығына әсер етіп жатыр ма? – Әрине, әлеуметтік желінің әсері бар. Бірақ оның екінші жағы да бар, уақыт ырғағы сондай жылдам, мысалы, IT мамандығы үшін бүгін жазылған кітап 2-3 жылдан кейін ескіреді. Сол секілді жазған кезде де жылдамдық қажет. Уақыттың ырғағы адамға берілгеннен кейін, қысқа сөздерді жазып үйрену керек. Қарапайым амандасудан бастау керек. Мысалы, «саламатсыз ба?» деген сұраққа «саламатсыз ба?» деп сұрақпен жауап береді, дұрысы «саламатпын» болуы керек. Түркі өркениетін қарасақ, олар барлық сөздерді қысқартып үйреткен, бірақ сөздерді қысқартудың бас-аяғында мықты, зиялы азаматтар отыруы қажет. Сондықтан әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Фатима МЫРЗАБЕК: – Қазіргі тарихи киноларға көңіліңіз тола ма? – Маман ретінде өзіміздің саламызға арналған киноларға көңіліміз толмай қалады. Себебі біз деректерді біліп отырамыз. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильм болды. Басқаша берсе ғой деген жерлер кездесті. Негізінен дұрыс жасалған. Бастапқыда фильм түсірер алдында кеңесімізді айттық. Кейіннен баға бердік. Аз қаржымен, жақсы дүние шығаруға тырысқан. Ал сын айтқанда «Көшпенділерде» мына жері мынадай болса ғой деп айтқан кезіміз болды. Көп қаржы жұмсалып түсірілген фильмдер бар. Фильмге атсалысқан адамдар мемлекеттің ақшасын үнемдеп жұмсайық деп ойламайды. Бұл – біздің халықтың басынан өткен аштықтың әлі де қанымызға сіңіп қалғанының дәлелі. Қазір көп адамдардың пейілі де тарылып барады. Жалпы, адам негізі мамандану керек. Кейде кино режиссура, сценарийі жағынан сәл әлсіздеу болуы мүмкін. Маған жастардың соңғы жылдағы ізденістері ұнайды. Әміре Қашаубаевқа арналып түсірілген «Әміре» фильмін көрдім. Мен Әміренің тарихын бір кісідей білемін. Менің түсінігімде кинодағы Әміре – тарихтағы Әміренің 10-ақ пайызы. 90 пайызы қиял. Бір жағынан мұндай фильм керек деп есептедім. Себебі ауылдан шыққан қарадомалақ Францияның ортасына бір-ақ сәтте кіріп кетеді. Ал тарихи деректер бойынша Әмірені Парижге жіберетін кезде, Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлына хат жазады. «Әміреге пышақ, шанышқы ұстауды үйрету керек» дейді. Ал фильмде Әміреге қазақтың барлық жақсылығын салған. Әміренің барлық трагедиясын да көрсетеді. Сондықтан халықтың рухын көтеру үшін мұндай фильмдер керек те шығар. Сонымен қатар анимацияға да көп көңіл бөлуіміз керек. Өйткені мульфильм ұрпақты тәрбиелейді. Ең таза адам – бала. Ұлт болашағы үшін балаға арнап жасалған әр дүние әдемі болуы керек. Кейде мен де мультфильмдерді қызыға тамашалаймын. Мысалы, сонау 90-жылдары «Спирит: Душа прерий» деген мультфильмді соңына дейін көрдім. Бұл жылқы туралы, тура қазақтың тағдырына ұқсас мультфильм. Американы иеленгендердің үндістерді бағындырамыз деген идеясын жылқының тағдырымен береді. Өмірге жылқының көзімен қарайды. Әр балам дүниеге келген сайын, есі кіргенде осы мультфильмді көрсетемін. Үйге қонақ келсе, солармен бірге көремін. Телевидениенің басшыларына: «қазақшаға аударсаңдаршы», – деп бірнеше рет айттым. Бірақ бұл ұсынысым ескерусіз қалды.Қазір пікірлес адам табу қиын
Фатима МЫРЗАБЕК: – Алаштанушы ретінде жастарға Алаш зиялыларының қандай қасиеттерін үлгі етесіз? – Бірінші қасиет – білімге ұмтылу. Біз қазір «отаншылдық, патриотизм» деген сөздерді жиі айтамыз. Ал алашзиялылары «елшіл» деген сөзді көп айтқан. Ел үшін бәріне баруға даяр болды. Содан кейін олар жеке шықпаған, көп адамдар бірлесіп жұмыс істеп, пікірлесіп тұрған. Қазір пікірлес адам табу қиын. Пікірлес адамдар міндетті түрде бір-бірімен дауласып та қалады. Ал ол кезде қазақтың даму тарихы оларды пікірлес қыла білді және олардың басын біріктіруге ықпал етті. Елшілдікке білім толыққан кезде, сапалы біліммен жетуге болады. Сапалы білім – адамзаттың фундаменті. Жақында Алашты зерттеп жүрген жапон ғалымы Уяма Томохико Райымжан Марсековтың Қытайдағы жапонның өкілі арқылы, жапоннан алаштықтардың көмек сұрағанын дәлелдеп берді. Алаш арыстары «бірінші бізге қару-жарақ, дәрі-дәрмек беріңіз» деп сұрайды. Содан кейін «бізді қолдаңыздар, біз тәуелсіз мемлекет боламыз» деген екен. Тура осы көзқарастың барлығы да, жүз жыл бұрынғы газет-журналдарда қатталып тұр. Сондықтан қазіргі жастар елшіл болып, елді жақсы көруі керек. Журналистикада мың түрлі тақырып бар. Егер шынымен өз салаларың арқылы елге пайдалы маман болғыларыңыз келсе, сол мың тақырыптан біреуін ғана өздеріңізге негізгі тақырып қылып алыңыздар. Ол тақырыпты бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүріңіздер. Сонда сол тақырыптың нағыз маманы боласыздар. Сол саланың сарапшысы, қызықсаңдар, ғалым болып кетесіңдер. Әсемай МАКУОВА: – Жастар Алаш тақырыбына қызыға ма? – Соңғы жылдары жастардың Алашқа қызығушылығы қатты екенін байқадым. Бүгінгі буынның Алашқа деген ілтипаты өте ерекше. Біздің қаламгерлер, тарихқа қызығатынның көбісі алашшыл болып бара жатыр. Мен оған қуанамын. Алаш көбейе берсін. Сапалы біле ме, сапасыз біле ме, әйтеуір қызыға берсін, себебі «Алаш» деген – ол «қазақ» деген сөздің синонимі. Өз тарихымыздың синонимі, сапалы кезеңнің синонимі. Сондықтан да Алаш тақырыбына деген ынтаның болғаны жақсы. Ал енді алашшыл, Алашты зерттейтін жастар санаулы. Бірте-бірте зерттеушілердің де қатары көбейе берері анық. Әр тұлғаның, әр оқиғаның тарихы бар. Сондықтан Алашты тоқтаусыз зерттеймін деген жастарға тақырып жетеді. Бірақ ғылым саласының да өзіндік мәселелері бар. Қазір Президент Ғылым академиясын қайта қалпына келтіріп жатыр. Ғылым академиясы бұрын қоғамдық ұйым болып қалған, соны қайтадан мемлекеттік ұйым ретінде жандандырмақ. Ғылымға жастар неге бармайды? Мысалы, кезінде талай журналист ғылым жолына түсіп, белгілі ғалым атанған. Адамдар ғылымның қиын екенін біледі, тәуекелге барғандары ғана нәтижеге жетеді.Алаш арыстары молданың алдынан өткен
Салтанат АСАНӘЛІҚЫЗЫ: – Алаш зиялыларының дінге деген көзқарасы қандай болды? – Дін деген – сіз бен біз. Біздің ұстанымымыз. Мысалы, сіз тамақ ішер алдында «Біссімілдә» деп айтасыз. Оны жарияға жар салып, «мен бүгін 3 рет «Біссімілдә» дедім» деп айтпайсыз ғой. Дін де сол секілді ішімізде тұруы керек. Алаш зиялыларының бәрі 100 пайыз мектепке барып, молданың алдынан өткен. Себебі ол заманда, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында бастауыш білім діни мектепте берілген. Бірден орыс мектебіне барғандар өте сирек, жоқ деуге де болады. Сондықтан олардың бәрінің аузында Алласы, санасында Құран аяттары болған. Бірақ істің барысында олар прагматиктер. «Бұл маған қаншалықты қажет? Бұдан маған пайда бар ма? Ұлтыма пайдасы қандай?» деген сұрақтарға маңыз берген. Мысалы, Әлихан Бөкейхан Одессада бір қазақтың байын кездестіреді: – Не істеп жүрсің мұнда? – деп сұрайды. – Қажылыққа бара жатыр едім, ақшамды ұрлатып алдым, – деп жауап береді бай. – Сонда сен қажылықтың мәні неде деп ойлайсың? – деп сұрайды Әлихан. – Өмірлік парыз ғой, – дейді бай. – Егер сен ауылыңда кем-кетікке жағдай жасасаң, көпір соқсаң, соның өзі қажылықтан кем емес сауап екенін білесің бе? – деп айтыпты Әлихан. Міне, осының өзі Әлиханның дінге, жалпы имандылыққа деген көзқарасын көрсетеді. Осындай пікір Ахмет Байтұрсынұлында да болған.«Смағұлдың сүйегі» неге шықпады?
Алмагүл БЕРДІМҰРАТ: – Дихан аға, бұрын жазып, бірақ жарияланбаған еңбектеріңіз бар ма? – Жарияланбаған бір ғана кітабым бар. Оны 2016 жылы жазып қойдым, «Смағұлдың сүйегі» деп аталады. Смағұл Сәдуақасұлының сүйегін зерттеп, кейін 2010 жылы елордадағы ескі қорымға алып келдік. 6 жыл бұрын елдік мәселелерді шешу оңай емес еді. Бәрін ақылмен, ғылым негізінде шешуге тырыстық. Бірақ қанша күрделі жағдайлар болса да, ақыры жүзеге асырдық. Смағұлдың сүйегін елге алып келдік, жерлегеннен кейін басына өзіміз белгі орнаттық. Адам кісі қайтқанда қатты ойланады емес пе? Ал тұлғаның сүйегін жер қойнына тапсырғанда мен жүз есе сондай күйге түстім. Содан Смағұлдың сүйегін елге қайтарудың қалай қиынға соққанын, жерлеу процесінің қалай жүзеге асқанын жазуым керек деп санадым. Ертең Кенесарының бас сүйегі келсе, осындай болады екен-ау деген де ойлар болды. Осылайша, барынша мәдениетті жеткізіп, ешкімнің шамына тимейтіндей хатқа түсірдім. Бірақ сол жылы ол кітапты шығарған жоқпын. Себебі «Смағұлдың сүйегі» кітабы жарық көрсе, сол кезде билік басында отырған біраз адамға ыңғайсыз болар еді. Кейін сол адамдардың бәрі ауысып кетті, енді шығарайын дегенде әртүрлі жағдайлар болып, кітаптың баспадан шығуының сәті түспей келеді. 80 бет ғана кітабымды түбі шығаратыным анық. Алмагүл БЕРДІМҰРАТ: – Ал қазір қандай зерттеумен, ғылыми жұмыспен айналысып жүрсіз? – Қазір Алашқа дейінгі кезең, 1916 жылдың оқиғасы, Амангелді Имановты жаңаша көзқараспен жазып жатырмыз. Бірінші дүниежүзлік соғыс кезіндегі қазақтар, олардың тағдырының поэзиядағы көрінісі, көркем шығармадағы көрінісі жайлы да ойластырып жатырмыз. Екінші зерттеуіміз – Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдығы. Бұрын жарияланбаған еңбектері, жарияланған еңбектеріндегі қате кетіп қалған жерлерін түзетудеміз. Ахметтің еңбектеріндегі кейбір сөздерді орыстардан ұят болады деп баспагерлер өзгертіп жіберген. Сол қатені түзетіп, Ахаңның нұсқасында қайта шығарамыз. Мәншүк АБДУЛЛИН: – Қазіргі жастардың тарихқа деген көзқарасын, білімін қалай нығайтуға болады? – Мықты елдің тарихы сол елдің мүддесіне жазылады. Бастысы – қызыға білу керек. Тарихты білгіңіз келсе, сол салаға маман ретінде қараңыз. Адам өмірге келгеннен кейін ештеңеге бейжай қарамауы керек. «Тарих қалай болды? Өткеннен қалай тәлім тәрбие аламыз?» деп ойлануымыз қажет. «Ұлт неден қателесіп жатыр?» деп тырыссақ, тарихымызды жақсы біле бастаймыз. Тарихқа қызыға түскен сәтте әр дәуірдің бірнеше адамдарын оқып, тани түсесіз. Жастардың қазіргі жазған мақаласы біраз жылдардан кейін тарих болып қалады. Мәдениетті адам заманнан білім алуы керек. Тек қана кітаптан емес, кино арқылы да барлығын ұғына алады. Қазіргі кезде жастар кино арқылы да тарихқа үңіле алады.Аштық пен қуғын-сүргінді екіге бөлу керек
Мәншүк АБДУЛЛИН: – Қуғын-сүргін күні 31 мамырда атап өтіледі, дәл сол сияқты қазақтарда ай, күндері белгіленбей, ескерусіз қалған күн бар ма? – Ескерусіз қалған күндер көп. Ең бірінші, аштық пен қуғын-сүргінді екіге бөлу керек. Екеуі екі түрлі оқиға. Себебі ашаршылықта 4 миллионға жуық халқымыздан айырылдық. Қуғын-сүргінде 120-150 мың адам жер аударылса, 21-25 мың адам атылды. Сондай-ақ патша үкіметі қазақты діннен шығару саясатын жүргізген. Соған байланысты елімізде бірнеше қарсылықтар да болған. Осы датаны да ескерусіз қалдырмай, белгілеп қою артық етпейді. Тұңғыш шыққан «Жас азамат» газетінің шыққан күнін, Қазақ білімпаздарының съезін, ең бірінші тойланған мерейтой ретінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығы есте сақтайтын мейрамдардың қатарында болуы керек. Сонымен қатар белгіленетін мемлекеттік маңызды күндердің аты өте қысқа болуы тиіс. Жаңа күн ойлап табудың қажеті де жоқ. Әлем бойынша ЮНЕСКО бекіткен мерекелер тізімі бар. Сол мерекелерді қатар тойлап отырсақ, тиімді болар еді. Мәншүк АБДУЛЛИН: – Бір жылдары шәкірттеріңізге төте жазуды үйретіпсіз. Бұл архивпен жұмыс істеу үшін қажет болды ма? – Архив дегеніміз – телегей-теңіз. Оның қызығына кірген адам тұңғиығына бойлай береді. Осыдан жүз жыл бұрынғы қазақтардың өмірімен, әлеуметтік жағдайымен танысады. Барлық архивте зерттеушіге жол көрсететін арнайы кітап болады. Не зерттейтінін білген адамға іздегенін табу қиын емес. Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында бұрын шыққан газеттер қат-қабат болып сақтаулы тұр. Бірақ кезінде ксерокс жоқ заманда сол газет-журналдардың көп парақтарын адамдар жұлып алып кеткен. Ал бұл жазбалар мұрты бұзылмай, Ресейдегі екі үлкен кітапханада сақтаулы тұр. Бұдан да ерте шыққан кітаптар – Петербургта. Ол жазбаларды оқу үшін зерттеушілер төте жазуды білуі керек. Біздің кезімізде филологияда төтеше әріптерді үйрететін. Қызыққан адам он күнде Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған әліппені меңгеріп алады. 97-98 жылдары жастар көне қолжазбаларды оқуға ерекше қызықты. Сол кезде біз шәкірттерімізге үйреттік. – Әңгімеңізге рақмет!