Осыдан бес-алты жыл бұрын Алматы мен Алматы облысында көлеңкелі ойын бизнесі өркендеген болатын. Әрбір дерлік дүкенде заңсыз терминалдар болды. Ал одан да маңыздысын арнайы жабдықталған жертөлелерден табуға болатын. Одан кейін елімізде – «Сәтті жұлдыз» ұлттық лотереясы компаниясы құрылғанының арқасында заңсыз ойындардың төңірегінде айналған заңсыз миллиардтаған қаржыны анықтауға мүмкіндік туды.
«Сәтті жұлдыз» ұлттық лотереясы 2018 жылдан бастап Экономикалық тергеу басқармаларымен бірлесе отырып, бүкіл ел бойынша қылмыстық бизнеспен белсенді күрес жүргізіп келеді. Күні кеше Алматы облысының аумағында заңсыз ойын терминалдарының тағы бір партиясы жойылды.
«Бүгінде 36 ойын терминалының көзі жойылды. Оларды жоюға қатысты заңсыздығы дәлелдене отырып, шығарылған сот шешімі бар. Аталған көлеңкелі бизнес түрі осы күнге дейін Алматы облысында заңсыз жұмыс істеген», – дейді Lotomatic ЖШС-ның құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Ербол Иманбаев.
Оның айтуынша, қоймада тағы 86 құрылғы жойылу үшін өз уақытын күтіп тұр. Олар бойынша әзірге сот шешімі шыға қойған жоқ. Айтпақшы, соңғы екі айда бір ғана Алматы қаласында 250-ге жуық терминалды құрал-жабдық тұрған жерінен алынып, сот шешімімен жойылған.
Олардың барлығы бір кездері тұрғындардың көзінше заңсыз әрекетін ашық жасаған. Көпшілігі қала ішіндегі шағын дүкенде орналасқан.
Бір қарағанда, олардың ресми лотерея терминалдарынан айырмашылығы жоқ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, оларды заңды құрылғылардан айыру іс жүзінде соншалықты қиын емес.
«Біріншіден, әрбір заңды құрылғының арнайы QR коды бар, оны сканерлеу арқылы сіз ресми парақшаға сілтеме ала аласыз, онда терминал нөмірі, кімге тіркелгені, орналасқан жерінің ресми мекенжайы және басқа да қажетті деректер бар», – деп түсіндірді «Сәтті жұлдыз» ұлттық лотереясы Коммуникация департаментінің директоры Нұрлан Мұхамеджанов.
Заңды автоматтардың тағы бір ерекшелігі – олар желіге қосылған. Заңсыз құрылғылардан айырмашылығы тек интернет арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар олар әрбір операцияға чек береді. Ал заңсыз құрылғыларда чек берілмейді. Егер пайдаланушы фискалды чек ала алмаса, яғни бұл құрылғы заңсыз жұмыс істеп тұр деген сөз.
Ұлттық лотерея өкілдері атап өткендей, 2016 жылға дейін, яғни «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заң күшіне енгенше елімізде заңсыз жұмыс істейтін ойын автоматтарының саны 20 мыңнан астам дананы құраған.
«Ол кездегі ресми деректерге сәйкес, көлеңкелі нарықтың салық салынатын айналымы кем дегенде 54 миллиард теңгені құрады, бұл ел бюджетіне айтарлықтай әсер еткені сөзсіз», – деді Мұхамеджанов.
Спикердің айтуынша, 2018 жылдан бері компания қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, мұндай терминалдардың заңсыз орнатылуы мен пайдаланылуын анықтау үшін белсенді мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам заңсыз ойын ойнау құралы тәркіленіп, 241 қылмыстық іс қозғалды. Олардың басым бөлігі еліміздің үш мегаполисінде орналасқан. Мәселен, Алматыда – 90, Нұр-Сұлтанда – 40 және Шымкентте – 60. Қазірдің өзінде 3 мыңға жуық контрафактілік және заңсыз құрылғы анықталып, жойылды.
Елімізде заңсыз жұмыс істеп тұрған ойын автоматтарын жою жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Арнайы құқық қорғау органдарының өкілдері айтқандай, мұндай күрес соңғы заңсыз ойын автоматы мен оның иесі анықталғанша жалғасады. Айтпақшы, қазір заңсыз ойын бизнесі бойынша бір кездері көш бастап тұрған Алматы қаласында қазірдің өзінде жойылу кезегін күтіп тұрған тағы сегіз құрал бар. Бұл Алматы облысына да қатысты. Өйткені тәртіп сақшылары атап өткендей, бизнестің осы бір көлеңкелі түрімен айналысқан кейбір кәсіпкерлер құрылғыларын көбіне қала сыртына апарып орнатады. Себебі ол жерде байқалмай қалады.
«Ойын мекемесін заңсыз ашу немесе ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастыру Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады», – деді шараға қатысқан Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басқарма бастығы Ерлан Ақынбаев кезекті заңсыз ойын жабдықтарының партиясын жою кезінде. Оның айтуынша, аталған бап бойынша тәртіп бұзушыға 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.