Сонымен, референдум жоғары деңгейде өтті. Оны насихаттау жұмыстарында қоғамдық ұйымдармен бірге «AMANAT» партиясы да үлкен белсенділік көрсеткені белгілі. Осы мақсатта Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау жөніндегі Республикалық партия штабы құрылған болатын. Фракция депутаттары облыс орталықтары ғана емес, сонау шалғай жатқан ауыл-аймақтарға дейін барып қайтты.
20 мыңнан астам ұсыныс түскен
Таяуда «AMANAT» партиясының Төрағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов бейнеконференция байланысы арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау мақсатында құрылған республикалық партия штабының қорытынды отырысын өткізді. Партия Төрағасы өз сөзінде: «Жалпыұлттық референдум жүзеге асты. Азаматтар Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды қолдап, елде демократиялық сана-сезімнің күшейгенін көрсетті. Президенттің жуырда ғана жарияланған Үндеуінде атап өтілгендей, азаматтар нағыз патриотизмнің үлгісін паш етіп, Қазақстанның қарқынды дамуына зор үлес қосты», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ үгіт-насихат кампаниясы аясында азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін жинау бойынша республикалық акция да өткізілген болатын. Барлығы 20 мыңнан астам ұсыныс түсті. Партия Төрағасы қазақстандықтардың барлық ұсыныстары мен көтерген мәселелерін қарастыру жұмысын Үкіметпен бірге атқару керектігін айтты. Жиын соңында Ерлан Қошанов штаб мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді, сондай-ақ елдегі саяси жүйенің алдағы уақытта өзгеруін ескере отырып, партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының жұмысына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Ел тілегін арқалап оралды
Референдумға дайындық жұмыстары аясында Парламент депутаттары, республикалық, облыстық, аудандық штаб мүшелері еліміздің түгелге дерлік аймағын, шалғай аудандар мен ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай бір топ Алматы облысына жол тартқан еді. Райымбек ауданының орталығы Нарынқолдан бастап, Кеген, Шонжы, Жаркент, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Талғар, Іле өңірлерінде өткен халықпен кездесу түрлі форматта өрбіді. Аудан және селолық окуруг орталықтарын, Алматы маңындағы тұрғын үй алаптарын қоспағанда ақпараттық-түсіндіру тобы Шырғанақ, Сарыбел, Түрген, Қаратұрық, Қаракемер, Шелек, Қараой, Қайнар, Қарасаз, Көмірші, Сарыжаз, Ұзынбұлақ, Жалаңаш, Тасқарасу, Шарын, Көктал, Ынталы, Жаңашаруа, Малыбай, Достық, Жаңа Қазақстан, Бәйтерек және тағы да басқа ауылдарды адақтап шықты.
«Осы жолы жиырма күн бойы ең шалғай аудан орталықтарынан 120-130 шақырым жырақта жатқан селолық округтерге, тіпті олардың да арғы жағында жатқан бөлімшелерге дейін барып, халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайттық. Шын мәнінде, референдумға қатысты сапар болғанымен, халықтың конституциялық өзгерістерді қолдауы, оны сезінуі өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын халық бірауыздан қолдап отырғанына көзіміз жетті. Бұл сапар сонымен қатар жергілікті әлеуметтік мәселелермен танысып, оны Парламент деңгейінде көтеру үшін үлкен мүмкіндік болды. Әр ауылды аралап шықтық деуге болады. Халық ең бірінші кезекте әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Тақтайдай жол, ауызсу, аурухана, білім мәселелерін көбірек айтты. Ауданға, облысқа шабылмай мемлекет қаржы бөлетін игіліктің бәрін жергілікті жерден көрсек деген өтініштерін білдірді. Расында да, жол жағдайы қиын, халықтың арқасына батып отырған мәселе – осы. Содан кейін ауызсу: көптеген бағдарламалар қабылданып, біраз жұмыстар орындалды, дегенмен де шалғай ауылдарда шешімін күтетін әлі де болса біраз мәселелер бар. Мәдениет ошақтары, бұқаралық спорт, көпбалалы аналар мәселесі, ауыл шаруашылығындағы субсидия, жайылым жайы да халықтың көкейіндегі дүниелер. Талап-тілек өтініштерін жинап алып келдім. Тиісті орындарға бағыттап жатырмын. Ауылдық, аудандық деңгейдегі проблемаларды өңір басшыларымен сол жерде шешуге тырыстық», – дейді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Депутат мектептердің мәселесі алыс ауылдарды былай қойғанда, аудан орталықтарында да өткір тұрғанын айтады. Бір ғана мысал, Кеген ауданының орталығында 1967 жылы салынған Өжек Жаңабаев атындағы және 1987 жылғы Кеңес Нұрпейісов атындағы екі мектеп бар. Олар салынғалы бері жөндеу көрмеген, тіпті 55 жыл болған ескі мектеп қираудың аз-ақ алдында тұр. Екі мектептің де күрделі жөндеуді қажет ететін құжаттары әлдеқашан әзірленген. Бұған дейін облысқа үш мәрте жолданған екен, бірақ қаражат тапшылығына байланысты кейінге қалдырылып келеді. Сондықтан да екі мектептің проблемасы кезек күттірмейді.
«Осы сапардан көңіл аудартқым келетін тағы бір мәселе – елімізде ғана емес, дүниежүзіндегі ең сапалы «Ркацителли» жүзім сортын өсіретін Қарадала аймағындағы Бахар ауылдық округінің Шырын бөлімшесіндегі еңбеккерлер жайы. Шаруалар бұрын 588 гектар жүзім алқабын ексе, бұл күнде амал мен тиісті қолдаудың жоқтығынан жүзімдік 350 гектарға дейін қысқарған. Себеп – жанкештілікпен күтіп, баптап өсіретін жүзімнің келісін «Бахус» компаниясы небәрі 85 теңгеден ғана алады. Қолдары домбығып кеткен шаруаларға обал ғой! Ал сол арзанға сатып алынатын жүзімнен ең қымбат шараптар мен аққайнарлар әзірленіп, аса қымбат бағада сатылымға шығарылуда. Жүзімі шырынға айналғанымен, еңбегі пұлға айналмай, сарсаңға түсіп жүрген жұрт жүзімдіктерін жаппай жоңышқа себетін егістіктерге айналдыруда. Халықтың еңбегін арзан бағалап, өнімін қымбатқа сататын «Бахус» секілді компаниялармен аудан әкімдігі, өңірдегі кәсіпкерлік басқармалары, басқа да тиісті орындар келісім жүргізбесе, әлемге аты мәшһүр «Ркацелли» жүзімінің тұқымы жойылып қана қоймай, шаруалар кәсібінен де, нәсібінен де айрылады», – дейді Жанарбек Әшімжан.
Алыс ауылдарға ат басын бұрып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген аманаттық тағы бір депутат Ерлан Саиров қос облыста болып қайтты. Референдум мәселелері бойынша Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының 30-дан астам елді мекендеріне барып, 1500-ден астам тұрғынымен кездесу өткізген ол Заградовка, Новоишим, Привольное, Сарытомар, Көкпекті, Көкжайық, Маңырақ, Ақжар, Қабанбай, Қарасу, Тұғыл, Үштөбе, Қарабұлақ, Дайыр, Марқакөл, Қалжыр және тағы да басқа елді мекендерді аралады.
«Халықтың басым көпшілігінің көтеретін ең бірінші кезектегі мәселесі – ауылдық, аудандық деңгейдегі жол, интернет, әлеуметтік, денсаулық сақтау инфрақұрылымдары. Сонымен бірге аймақтар мемлекеттік тілді дамыту және әйел азаматтардың зейнет жасын төмендету мәселесіне назар аудартуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл саясаттың барлығы адамның игілігіне, адамның мүддесіне қарастырылуы керектігін айтып отыр. Осы тұрғыдан келгенде біз жергілікті жерлердегі тұрғындардың айтқан негізгі уәждері мен тілектерін орындауға барлық күш-жігерімізді саламыз. Үкіметпен бірге жұмыс істеп, консультация жүргізетін боламыз. Жергілікті тұрғындар «AMANAT» партиясы өкілдерінен жайылым мәселесі өте өзекті екендігін, оны шешудің жылдам әдістері мен тәсілдерін қарастыруды өтінген болатын. Фракция мүшелері кейбір күйіп тұрған мәселенің жедел шешу амалдарын қарастыратынын жеткізді. Аталған мәселелерді бір аптаның ішінде қарастырып, нәтижесін жұртшылыққа баяндайтын болып келістік. Кездесулер барысында тек саяси реформалар, Конституцияның өзгерістері ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық басқа да өзекті мәселелері талқыланды. Бұл сапарлардың біздің депутаттық қызметімізді ұштап, заң шығару процесін жетілдіруде рөлі өте жоғары», – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Ауылдықтардың үлкен белсенділігін реформалық өзгеріске деген зор сенімімен байланыстыруға болады. Олар шын ықыластарымен партия өкілдеріне өздерінің өтініш-тілектерін жеткізді. Мәселен, Қалжыр ауылының тұрғыны Дүйсен Тәукішов жастардың қалаға үдере көшу үдерісін тоқтатудың маңызы жөнінде әңгіме өрбітсе, марқакөлдік Ақан Тоғысбаев Марқакөл ауданын қайтадан ашу проблемасын, Данияр Оразиманов малды тірідей шетелге өткізу мәселесін, Әбілхан Хамитов аудандағы су тапшылығы мен суды тиімді пайдалану жайын көтерді. Дайыр ауылы тұрғыны Жеңісбек Сағатбек Қытаймен тең, әділетті сауда-саттық жәрмеңкесін өткізу, Байлық Мамырбек «Омск-Майқапшағай» тас жолын салуды тезірек бітіру, Бәймөңке Садархан жастарды қолдау, әлеуметтік лифтілерді қалыптастыру керегіне назар аударды. Қарабұлақтық Марат Мақрамов жер, мемлекеттік тіл, аудан халқын газбен қамтамасыз ету проблемаларын, Мапаш Ілияс аналар жәрдемақысы, бинеске грант ұсыну мәселесін қозғады. Қабанбай ауылында Нұхахмет Әлдебеков шекаралық аудандарды дамытуға жаңа серпін қажет екенін баса айтса, ақжарлық Руслан Хамзин төбесінен су ағып, қабырғалары көгеріп тұрған ауыл мектебінің жайын айтты. Көкпектіде Ержан Құттыбаев «Қалбатау-Боғас» арасындағы жолдың жағдайы Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Жарма аудандарының халқының аманаты болып табылады десе, Солтүстік Қазақстан облысында депутат Әли Дүйсенбек шетелге көшіп кеткен азаматтардың жер пайын мемлекетке қайтарудың маңызына назар аударды. «Прометей-Агро» шаруашылығының басшысы Юрий Шоль «ауылшаруашылық саласын әртараптандыру маңызды» деп атап өтті. Тізе берсе, ауылдықтар мен олардың ұсыныс тізімін ұзын-сонар жалғастыра беруге болады. Мұның барлығы да «AMANAT» партиясына артылған сенім ғана емес, міндет болса керек.