Қызылорда облысында көпірлерге қатысты күрмеулі мәселе көп. Жол қатынасын жеңілдету мақсатында салынған өткелдің біріне сын айтылса, енді бір аймақтарда жаңа көпір құрылысын салу қажеттігі сұранып тұр.
Күре жолдағы көліктердің қалың нөпірін азайту мақсатында көпір салу оңтайлы шешім. Әсіресе, адам өміріне төнетін қауіптің алдын алуда жол кептелісін азайтатын өткелдің маңызы ерекше. Дей тұрғанмен, Сыр өңірінде өткел салу ісі өзектілігін жояр емес.
Жалпы, қала статусындағы аудан орталығында 40 мың халық тұрады. Жыл санап көлік саны да артып келе жатқаны байқалады. Соның салдарынан жол бойында кептеліс көбейген. Әсіресе, теміржол өткелінде арғы беттен бергі жағына қатынап жатқан көліктер жиі кептелісте қаздай тізіліп тұрып қалады.
Теміржолдан өтуі азапқа айналған жергілікті жұртшылықтың бір көпір салынса деген тілегі бар. Оның үстіне, теміржолға салынған жалғыз ескі өткел, байырғы шлагбаум бүгінгі күннің талабын өтемей тұрғаны айтпаса да түсінікті. Сеңдей соқтығысқан көліктердің санында есеп жоқ. Тіпті, бұл жерде келеңсіз оқиғалар да жиі болып тұрады. Алайда халық талабының бүгін-ертең орындалар түрі көрінер емес.
Осы мәселе төңірегінде Арал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.
«Теміржол бойына аспалы көпір салу мәселесі назарда тұр. Осы мәселе бойынша 2020 жылы аудандық бюджеттен құрылыстың техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. 2021 жылы жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Алматыдорпроект» ЖШС жеңімпаз танылды. Алайда құрылыс заттарының тым қымбаттауына байланысты бұл жоба-сметалық қүжаттамада көрсетілген баға техника-экономикалық негіздемесінің құнымен сәйкес келмей қалды. Соған орай бүгінде 2020 жылы есептелген ТЭН-ге мердігер тарапынан қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік сараптама жасалып жатыр», – деді бөлім басшысы Амантай Тасқынбаев.
Құзырлы орынның берген мәліметіне сәйкес, бұл жұмыстарды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып, қажетті қаржыға салалық басқармалар мен министрліктерге бюджеттік өтінім тапсырылатын болады. Нәтижесінде, көпір құрылысын салуды қолға алу көзделіп отырса керек.
Негізінен, Аралдағы теміржол бойымен тәулігіне 50-ден астам жолаушы және жүк пойызы өтеді. Ал жаз мезгілінде оның саны тіпті артатын көрінеді. Осының салдарынан өткелде 2-2,5 шақырымға дейін кептеліс болып отыр. Оған қоса, арғы беттен бергі беттегі мектепке қатынап оқитын оқушылар, түрлі үйірме мен спорттық секцияға қатысатын балғындар теміржолды жағалап өтуге мәжбүр. Осындайда олардың қауіпсіздігіне ешкім кепіл болмай тұр.
Ал қала іргесіндегі Белкөл кентіндегі ахуал да жергілікті жұртшылықты алаңдатып отыр. Теміржолдың екі жағын жалғап тұрған өткел жүргіншілерге қауіп туғызып тұр. Әсіресе, сабаққа қатынайтын балаларға қиындық туғызады.
Кентте осы мәселеге орай жолаушылар көпірін салу жайы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы күн кешіп отырған тұрғындардың көпір салынса деген үміті асқақ.
«Біздің кентте онсыз да жаяу жүргіншілер жолы болған емес. Оған теміржол бойындағы түйткіл қосылып, «жығылғанға жұдырық» болып тұр. Аспалы көпір құрылысын салу ісінің көтерілгеніне бірнеше жыл болса да, әлі күнге оңды нәтижесін көре алмай отырмыз. Әсіресе, балаларымыздың өміріне алаңдаулы күй кешіп отырмыз», – деп мұңын шақты кент тұрғыны Жадыра Сыздықова.
Жергілікті әкімдіктің мәліметіне сәйкес, көпір салу жұмыстары енді ғана қолға алынған. Құрылыстың бас жобалаушысы «Проект Сервис» ЖШС. Құрылыс жұмыстарымен мердігер Golgen City DS ЖШС айналысады. Жобаның жалпы құны 225,2 млн теңгені құрап отыр.
«Жергілікті жұртшылықтың талабына сәйкес кенттен көпір салу ісі назардан тыс қалған емес. Теміржол бойынан келетін қауіптің алдын алу мақсатында бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Құрылыс жұмыстары жуырда басталды. Осы жылдың қазан, қараша айларында көпірді толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», – деп түсіндірді бұл жайында Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду.
Ал жергілікті жұртшылық аспалы көпір құрылысын теміржол бойындағы қауіптің алдын алатын бірегей жоба деп санайды. Сондықтан оның сапалы әрі уақытылы салынуына баса назар аударылуына иек артады.