Ордабасы ауданында тұратын мектеп оқушысы Дінмұхамед Айболатұлы үй жағдайында саңырауқұлақ өсіруді табыс көзіне айналдырған. Темірлан ауылы Амангелді Иманов атындағы мектепте оқитын Дінмұхамед бүгінде кәсіптің ерекше түрін бір кісідей меңгеріп алған.
Анасы Зарина Әжіден баласының кішкентайынан шығармашылыққа құштар болғанын айтады.
«Балам бір күні тағамға қосатын саңырауқұлақты сатып алғанша өзіміз өсірейік деп ұсыныс айтты. Алғашында қалай болады екен деп күмәнданғанымыз рас. Бірақ баланың талабына қарсы шықпай, тәуекел етіп, Алматыдан қажетті заттарын сатып алып бердік», – дейді анасы Зарина Мұратқызы.
Одан соң Дінмұхамедтің анасы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылының тұрғыны, 30 жылдан бері қозықұйрық өсірумен айналысып келе жатқан Қаршыға Арысбекқызына өтінішпен шығады. Қаршыға апайдың дәрісін алып, интернет арқылы саңырақұлақ өсірудің түрлі технологиясымен танысқан Дінмұхамед кәсіптің сырын тез ұғып алады. Сөйтіп, тура 25 күнде алғашқы өнімді жинаған.
Бұл іске есік алдындағы қосалқы үйдің бір бөлмесін арнаған Дінмұхамед саңырауқұлақ ұрығынан 63 блок егеді.
«Бір блоктан 2-3 келі саңырауқұлақ алдым. Оны күніне 1 рет суарамын. Күтімін тапсаң, 1 блок 4 рет таза өнім береді. Бірінші өнімін жинап алып, келісін 1 000 теңгеден саттық. Енді екінші өнімді жинауға әзірленіп жатырмыз. Саңырауқұлақты тәулігіне 3 реттен суарамын. Ал 3-4 өнімге қойған кезде суды молынан құятын боламыз. Кешкі 8-9 шамасында таза ауа кіру үшін есік-терезені ашып тастаймын. Таңға дейін ашық тұрады», – дейді жас кәсіпкер.
Қызығы, Ордабасыда қазақ үшін жеңсік ас саналатын саңырауқұлаққа сұраныс жоғары. Кейбір тұрғындар тағамға пайдалану үшін 10 келі сатып аламыз десе, аудан орталығында кафе 50 келі саңырауқұлақ алуға дайын. Әлі күнге дейін хабарласып, қозықұйрықты сатып алуға қызығып жатқандар да бар. Алайда бірінші өнім тез арада сатылып кеткен. Бұл жолы жас кәсіпкер 10-15 мың теңге табыс тапқан. Дінмұхамед өз ісін кеңейткісі келеді.
Ол жуырда қытай тәсілімен 3 блок қосыпты. «Саңырауқұлақты екі түрлі тәсілмен егуді қолға алдым. Біріншісі қарапайым. Қытай тәсілін жақында бастадым. Оның тиімдісі блокты көлденеңнен жатқызып қоямыз. Сосын үсті-үстіне жинай берсек болады, көп орын алмайды. Бұл тәсілді өзім ізденіп таптым. Келешекте блок санын 100-ге жеткізуді ойлап отырмын, әзірге саңырауқұлақ шығатын 66 блогым бар», – дейді Дінмұхамед Айболатұлы.
Биыл 9-сыныпты тәмамдаған Дінмұхамед Шымкент қаласындағы Ә. Қастеев атындағы колледжге баруды ойлап отыр. «Үлкенім Дінмұхамед бала күнінен сурет салу үшін елімізде жоқ бояуларды, қалам сынды керекті заттар сұрайтын. Біз оны интернет арқылы тауып, тапсырыспен алдырып бердік. Мультипликацияға да қызығады. Ізденімпаз. Алға қойған мақсаты да көп. Өзін-өзі дамытып жүр. Екіншім де тотықұс сияқты ерекше құстармен айналысқысы келеді, ал кішкентайым құлпынай өсірмекші. Оған кішірек жылыжай салып бермекшіміз», – дейді анасы.
Өнерлі балалардың әкесі, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Айболат Тұрғанбайұлы да, анасы Зарина Мұратқызы да сурет салуды ұнатады екен. Осылайша, шығармашылық қасиет ата-анасынан дарыған балалардың болашағынан мол үміт күтуге болады. Ізденімпаз алғыр баланың ата-анасы 2-3 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келгенімен, өзі осында әжесінің қолында тәрбиеленіпті.
Қазір қозықұйрық егіп, пайда тауып жүрген Дінмұхамед болашақта қазақ мультфильмін дамытқысы келеді.
Түркістан облысы