Мақала шығару меселін қайтарады
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұрбол Құдайберген 2015-2018 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әдебиеттану» мамандығы бойынша докторантура бағдарламасында оқыған. Ал PhD дәрежесін тек екі жарым жылдан соң, 2020 жылы қорғаған. Бұған ол докторанттан талап етілетін үш мақаланың соңғысын жариялаймын деп жүріп, уақыт жоғалтып алғаны себеп болғанын айтады. «Мақаланы Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқитын әріптестеріммен бірігіп жазған едім, ол журнал министрлік талабындағы Scopus базасында бар. Бірақ мен оқыған университет мақаланы журналдың арнаулы емес, негізгі нөміріне (ал менің мақалам арнаулы нөміріне шыққан) жариялау керек деген желеумен оны қабылдамай қойды», – дейді Нұрлан Құдайберген. Сондай-ақ ол журналға ғылыми мақала шығарудың өзі қиын екенін де қосты. Өйткені кейбір аясы тар тақырыптарға шетелдік ғылыми қауымдастық қызықпауы да мүмкін. «Scopus базасындағы журналға мақала шығару біз үшін қиын болды. Қазіргі қазақ прозасына шетелдік ғылыми қауымдастық соншалықты қызыға қояды деп айта алмаймын. Әрине, Орталық Азияны зерттейтін орталықтар мен журналдар бар. Бірақ оған мақала шығару да оңай емес», – дейді зерттеуші.Ортақ талап ойды бөледі
Қазақстандық докторанттарда зерттеу жұмысын жазу, оны қорғауға шығару барысында кедергілер барын ұлттық университет оқытушылары да айтып отыр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Салықжановтың пікірінше, тым күрделі талаптар ғылыми зерттеулердің сапасын күшейтуден гөрі кадрлар даярлауды тұсап тұр. «Мамандыққа, ғылымның даму деңгейіне қарамай, бәріне бірдей талаптар қою Кеңес заманынан қалған. Халықаралық журналдарда мақала жариялау, оның бір емес, бірнешеу болуы деген секілді тым күрделі талаптар қойып, ғылыми зерттеулердің сапасын күшейтеміз деп ойлаймыз. Бірақ бұл – шын мәнінде ғылыми кадрлар даярлауды тұсап тұрған жайттардың бірі. Докторант тұшымды, шетелдік журналдар қызығатындай мақала жазу үшін уақытын сарп етеді, бірақ оған диссертацияның мәтінін де жазу керек қой. Ал тек диссертациясына көңіл бөлейін десе, мақала қалып барады», – дейді ол. Бұған қоса, доцент докторанттардың таңдаған диссертация тақырыбы да зерттеудің өнімді жүруіне әсер ететінін айтады. «Біздің тақырыптардың көбі – ұсақ, көбіне науқаншылықпен байланысты тақырыптар. Мысалы, қайбір жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты тақырыптар қаптап кетті. Бұған қандай зерттеу жасауға болады? Сондықтан мейлінше ұзақмерзімді тақырыптар таңдау қажет», – дейді Рамазан Салықжанов. Еуразия ұлттық университетінің тағы бір оқытушысы, Қазақстанда ғана емес, шетелдерде білім беру тәжірибесі бар британиялық мұғалім, профессор Гарет Дьюктің тұжырымдауынша, докторанттарды зерттеу жұмысынан алаңдататын ең үлкен фактор – оларды журналдарға ғылыми мақала жариялауға мәжбүрлеу. «Ғылыми мақала жариялау – құптарлық іс, бірақ оны барлық докторантқа міндетті, ең аяғы, «доктор» дәрежесін алуға қажетті ең басты талап ретінде бекіту дұрыс емес. Мысалы, оқуға түскен докторанттар 1-курста әуелі зерттеу тақырыбын асықпай таңдап, толық түсініп, соны жан-жақты зерттеуге тиіс. Ал олар болса, тақырыпты асығыс таңдай сала мақала жазуға кіріседі. «Мен нені зерттеймін?» деген сұрақтан гөрі «Қанша мақала жариялауым керек?» деген мәселеге бас қатырады», – дейді ол.Тақырыпқа тереңнен үңіледі
Сөз басында «Қазақстандағыдан гөрі, шетелде докторлық дәреже алу оңай» деген пікірді келтірген едік. Мұндай тұжырымның шығуына ондағы академиялық бағдарламаның біздегіден бөлекше талаптары әсер еткенге ұқсайды. Эдинбург университетінің түлегі, «Менеджмент» мамандығы бойынша философия докторы, «Болашақ» түлегі Сымбат Молдабекова Ұлыбританияда докторанттарға шектен тыс салмақ салынбайтынын, ғылыми журналдарға мақала жариялауға асықтырмайтынын айтады. «Мұнда PhD – ғылыми зерттеуші болып қалыптасудың алғашқы сатысы деп қарастырады. Оқуға алғаш түскенде, бізге жетекшілеріміз «Өз тақырыбыңды сол саланың сарапшыларымен көбірек талдауға, ғалымдармен нетуоркинг құруға, шеберлік сыныптарын ұйымдастыруға, ғылыми конференцияларға қатысуға көңіл бөл» деп кеңес берді. Ал импакт-факторы жоғары журналдарға мақала жариялау олардың талаптарында жоқ. Өйткені журнал іздеп, оған мақала жазып, жариялаудың өзі кемінде 6-7 ай уақытты алады, бұған көбіне PhD бітірген соң келуге болатынын айтады», – дейді ол. Тағы бір «Болашақ» түлегі, Абердин университінің Инженерия мектебінде оқыған Әлия Темірхан британиялық оқу жүйесінде докторанттарға академиялық қолдаудың жеткілікті болуынан «PhD сапарын» сәтті аяқтай алмайтындар көп еместігін айтады. «Британияда кез келген докторант қай курста да өз тақырыбына керекті курсты тегін оқи алады. Мысалы, сенің зерттеуіңе қажетті бір курс магистранттарға оқытылатын болса, сен оған да барып қатыса беруіңе болады. Диссертацияға дейін 1 және 2-курс соңында екі жазба жұмысын өткізесің. Бірінші жылы өз зерттеуіңе қатысты ғылыми әдебиеттерге шолу жазасың. Оны оқып отырып, емтихан қабылдаушылар сенің тақырыпты қаншалықты дұрыс түсінгеніңді бағалайды. Екінші жылдың соңында зерттеуіңнің нәтижелерін, эксперимент деректерін өткізесің. Оған қарап отырып, комиссия сенің зерттеуді жалғастыратын-жалғастырмайтыныңды шешеді. Үшінші жылы жұмысыңды аяқтайсың. Яғни, мұның бәрі диссертация қорғауға аз-ақ қалғанда жұмысыңның жарамсыз болып қалуынан сақтайды», – деп бөлісті өз тәжірибесін ол.ТҮЙІН: Күні кеше Білім және ғылым министрлігі Оқу-ағарту министрлігі және Жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінгенін білеміз. Саясат Нұрбек тізгінін ұстаған су жаңа ведомство – Жоғары білім министрлігінің алғашқы қадамдары отандық докторантура бағдарламасының осындай мәселелерін түзетуден басталса бір ғанибет болғалы тұр.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ