Үздік түлектерге бұйырған бақ
Үздік түлектерге бұйырған бақ
1,121
оқылды
Жамбыл ауданындағы 29 мектептен биыл 180 шақты түлек түлеп ұшты. Соның ішінде екеуі – «Алтын белгі» иегері болса, 10-ы – үздік аттестатқа ие болды. Оларға аттестаттары мен 100 мың теңгелік сертификаттарын табыс етуге арналған салтанатты жиынға ата-аналар, мектеп директорлары, құрметті қонақтармен қатар аудан әкімі Марат Ескендіров қатысып, түлектерге сәт сапар тіледі. Жамбыл ауданына қарасты Украин орта мектебінің түлегі Диана Жабағина жастайынан Петропавл қаласында өз пәтері болғанын армандаған. Ертеректен қамданған ата-анасы қыздары облыс орталығындағы жоғары оқу орнына түскен кезде жатақхана жағаламай, өз үйінде тұрсын деп Отбасы банкінен депозит ашып қойған екен. Осы күнге дейін олар артық-ауыс ақшамен салымдарын үзбей толықтырып келген. Биыл Диана 11-сыныпты үздік аттестатпен тәмамдап, Жамбыл ауданында тұратын жергілікті меценат Екпін Әбиевтің қолдауына іліккен 12 жас түлектердің қатарынан табылды. Кәсіпкер оқуын озат тәмамдаған жастардың бас-басына Отбасы банкінен депозит ашып, оны 100 000 теңгемен толықтырып берді.
«Петропавлдан қызымызға жеке пәтер сатып алу – бұрыннан бергі мақсатымыз. Күтпеген жерден жасалған тосынсый бізді көптен бергі арманымызға бір қадам жақындата түсті. Өзіміз жинап жүрген депозиттің үстінен Екпін ағамыз қомақты қаржы қосып берді. Депозитте жеткілікті көлемде қаржы жинақталған кезде, Отбасы банкінен несие алып, баспана сатып алуды жоспарлап отырмыз», - дейді жас түлектің анасы Нұргүл Жабағина.
Меценат игі істі дәстүрге айналдырған, биыл төртінші жыл. Бастапқыда, үздік деген түлектердің әрқайсысының қолына 100 000 теңгеден ұстатқан екен. Бірақ оны балалар мақсатсыз қолданғанын көргеннен соң, 2019 жылдан бастап Отбасы банкінен депозит ашып, оны аталмыш 100 000 теңгемен толықтырып беруді жөн санапты.
«Бұл – менің өз еркіммен қолға алған  жеке бастамам, түлектерге берген батам. Дәл осы банкке сенуге болады. Себебі ол 100 пайыз мемлекеттік болғандықтан, кепілдік бар. Сондықтан осы банкке салу керек. Балалар бұл салымдарын толықтыруды ұмытпай, оған қаражат жинап жүрсе, 25 жасқа толғанда пәтер сатып ала алады. Сондықтан бұл – жақсы қолдау деп ойлаймын. Үздік түлектер – біздің еліміздің алтын қоры. Ертең олар ғарышкер бола ма, мұғалімдік жолды таңдай ма, ғалым атана ма, ел игілігіне қызмет атқарары сөзсіз. Оларға ақ жол тілеймін», - деді Екпін Әбиұлы.
Жеке кәсіпкер Екпін Әбиев  1995 жылдан бастап меценаттықпен айналысып келеді. Бала кезінде қаржы жоқтығынан көп қиындық көргенін жасырмайды. Мәселен, 11- сыныпта оқып жүрген кезінде ақшаның тапшылығынан 7-8-сынып оқушыларына арналған шаңғы тебуге мәжбүр болғанын меценат қынжыла еске алды. Сондықтан бүгінгі балалар ешқандай таршылық көрмегенін қалайды.  Төрт жылдың ішінде кәсіпкер 40-тан астам балаға көмек қолын созған екен. ЫҢҒАЙЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАР БАР Отбасы банкінен несие ресімдеу үшін депозит мерзімі 3 жылдан кем болмауы тиіс. Екпін Әбиев қолдау көрсеткен алғашқы түлектердің арасында осы депозит арқылы баспаналы болғандары әзірге жоқ. Алдағы уақытта олардың бастарына бір шаңырақ бұйырса, «Отбасы банк» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Алмас Жапабаев пәтердің кілтін табыс етіп, қоныс тойы қуанышын бөлісуге әзір екенін айтады.
«Әр ауданда, әр мектепте үздік түлектер де, тасы өрге домалаған кәсіпкерлер де бар. Олардың құлағына алтын сырға. Әр кәсіпкер Екпін Әбиевтен үлгі алса қанеки! Олар осы бастаманы қолдап, қайырымдылыққа ат салысса құба-құп.  Бұл сертификаттар депозитте ақша жинақтап, кейін әртүрлі  мемлекеттік немесе коммерциялық бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді. Біздің банктің міндеті – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Банкте әртүрлі бағдарламалар бар. Түлектердің әрқайсысы  Қазақстанның кез келген қаласынан өзіне ыңғайлысын таңдап алады деген сенімдемін. Өз шәкіртақыларынан ай сайын депозиттерін толықтырып отыруға әбден болады. Несие мөлшерлемесі мемлекетік бағдарламалар бойынша жылына 2-ден 5 пайызға дейін, ал коммерциялық бағдараламар бойынша 8,5 пайызға дейін. Жастар – біздің Отанымыздың  болашағы. Жаңа Қазақстанды құратын да  - дәл осы жастар»,  - деп түсіндірді Алмас Жапабаев.
Отбасы банктің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында бүгінгі күні 51 мыңнан астам адам депозит жинау үстінде. Олардың салымдарының жалпы көлемі – 38 миллиард теңге шамасында. Салымшылар мемлекеттік бағдарламаларға да, коммерциялық бағдарламаларға да белсене қатысады екен.