Сенатор Ольга Булавкина Палата отырысы барысында Қазақстандағы агросақтандырудың дамуын тежейтін бірқатар факторларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына қойды.
Депутат өткен жылы еліміздегі бүкіл егістік алқабының 1%-ға жетпейтін көлемі ғана сақтандырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, мысалға алар болсақ, Қазақстанға қарағанда климаттық қауіп-қатер әлдеқайда төмен болса да Еуропалық Одақ елдерінде ауыл шаруашылығы алаңдарының 60%-дан астамы сақтандыру арқылы қорғалады.
"Елімізде агросақтандыруға сұраныстың төмен болуына негізгі себептердің бірі - ол мемлекеттік қолдау көлемінің аздығы мен сақтандыру өнімдерін пайдалану мәдениетінің жоқтығы деп ойлаймын. Бүгінде Қазақстанда мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін сақтандыру сыйақысының 50%-ына ғана субсидия береді. Агросекторы дамыған елдерде оның мөлшері 60%-дан 95%-ға дейін ауытқып отырады", – деді депутат.
Ольга Булавкина сақтандыру мөлшеріне қатысты жоғары деңгейде субсидиялаудың маңызы жоғары екенін айта келіп, өткен жылы еліміздегі құрғақшылықтан Қостанай және Ақмола облыстарындағы 178 мың гектарға жуық дәнді дақылдар күйіп кеткенін мысалға келтірді. Бұл ретте өз егістіктерін сақтандырған жекелеген шаруалар ғана сақтандыру төлемдерін ала алған болатын.