Иесіз иттің «киесі» бар
Иесіз иттің «киесі» бар
© коллаж: Елдар Қаба
2,106
оқылды
Соңғы кездері елдің әр өңірінде қаңғыған итке та­ланған бала көбейді. Бұдан кейін баласы үшін алаңдаған ата-аналар наразы болып жүр. Оларға қарсы тарап та жоқ емес. Бір тарап «қаңғыбас үй жануарларынан қауіп көп, жаппай атып тастау керек» десе, қарсы жағы «мем­лекет ізгілік көрсетіп жануарларға пана ашуы қажет» дейді. Екі жақтың өз шындығы бар. Осы күні елде қанша иесіз ит пен мысықтың бары белгісіз. Бір анығы, был­тырға дейін Алматының өзінде әр жыл сайын 21 мың ит пен мысық ұсталып, өлтірілген. Сонымен, қаңғыбас иттермен күресті қалай жүргізген жөн? Балалардың қауіпсіздігін бейжай қалдырған жоқпыз ба? Шенеуніктер неге шарасыз? Таяуда Ақтөбеде 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтірді. Оның алдында ғана Алматы об­лысының Талғар ауданында баланы ит қапты. Баланың бетіндегі жа­раны тігуге тура келген. Денесінде де жыртылған жарақаттар бар. Ал жапа шеккен баланың жақын­дарына иттің қожайыны еміне деп 30 мың теңге қаражат беріп құ­тылмақшы болыпты. Алайда ба­ла­ның ата-анасы қабаған ит иесінің жауапсыздығы үшін жазаның қа­таң түрін қарап, пластикалық опе­рация жасатуға ақша талап етіп отыр. Сәуірдің соңында ит талаған бала көбейген соң Атырауда ата-аналар наразылыққа шықты. Ақ­төбедегі бала өлімінен кейін де тұр­ғындар жергілікті билікке қар­сылық көрсетті. Балаларын үйінен шығаруға қорқып қалған ата-ана­лар қаңғыған иттердің көзін жою­ды талап етіп отыр. Жасырары жоқ, әкімдік өкілдері де тұрғындар жа­ғында екенін ескерткен. Айту­ла­рын­ша, иттерді өлтіре салуға бо­лады, бірақ жаңа заң рұқсат бермей тұрғаны қолбайлау. Ол не заң? 2016 жылы белсен­ділер жануарларды қорлауға қа­тысты Алматыда митинг ұйымдас­тырды. 2019 жылдың қараша айын­да жануарларды қорғаушылар Мә­жіліске «Жануарларға жауап­кер­шілікпен қарау» заңының жо­басын ұсынған болатын. Депу­тат­тар оны Үкіметке 2020 жылдың қаңтарында тапсырды. Сол жылы шілдеде заң жобасын Экология министрлігі қолға алды. Тамыздың басында қоғамдық тыңдалым өтіп, оған жануарларды қорғаушылар, кинологтар мен басқа да мүдделі азаматтар қатысты. Заң жобасының басты қағидаларына жануарларға ізгі болу және заманауи талаптарға сай болу енді. Мысалы, үй жануар­ларын бірыңғай базаға тіркеу, қараусыз және қаңғыбас жануар­ларды бақылауда ұстау талабы, олардың санын этикаға сай реттеу, жануарларға қатаң қарауды наси­хаттауға тыйым салу, ауыл шаруа­шылығында төрт түлікті жас ба­лалардың көзінше союға тыйым са­лу ұсынылды. Себебі сарапшы­лар жануарларға қатысты тұр­мыстық зомбылықтың ашылмай қалатынына қапалы еді. Мәселен, былтыр әлеуметтік желілерде итті көлікпен сүйреген, басын тоңа­зытқыш есігіне қыстырып, басқан, қапқа салып ұрған адамдардың видеосы тарап кетті. Осыдан кейін жануарлар құқығына қатысты қоғам арасында да дүмпу болған. Ал жануарды қорлағандарға жаза болған жоқ. Иә, Қылмыстық ко­декстің 316-бабы бойынша (120 АЕК (333 360 теңге) көлемінде айыппұл немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, 30 тәулікке қамау) іс қаралатын. Бұл бап қоғамға аса зиян келтірмеген, кішігірім бұза­қылық қылмыстарға негізделген. Зардап шеккендер полицияға жү­гінбесе де болады. Соның әсерінен жануарларды қорлаған жайттардың көбі жабулы күйінде қалды. Енді биыл наурыздан бастап бұралқы иттерді атуға тыйым са­лынды. Оның үстіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң 2023 жылдың 1 қыр­күйегінен бастап иесінің үй жа­нуар­ларын тіркеуге міндеттейді. Есепке алу ақылы болмақ, ал ха­лықтың әлеуметтік осал тобына жататындарға бұл рәсімді мемлекет өтеп береді. Осы заң иттердің өз бетімен жүруіне де тыйым салады. Иесі табылса, айыппұл төлейді. Иесіз ит болса да өлтірілмейді. Ар­найы орынға жеткізіледі. Жыл сайын олардың санын реттеу үшін мемлекеттік бюджет есебінен стерильдеу, яғни арнайы химиялық не физикалық жолмен өлтіру жүр­гізіледі. Ал иесі болуы мүмкін де­лін­ген жануарларға бұл әдіс қолда­нылмайды. Айтпақшы, жаңа заң мен әзір­леніп жатқан нормативтік-құқық­тық актілер пакеті басқа түгілі ит­терді төбелестіруге, ветеринарлық оталарды арнайы екпесіз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жа­нуарларды қинап, дер кезінде кө­мек көрсетпеу, қатыгездікпен ау­лауға да тосқауыл қояды. Міне, осыдан кейін жергілікті әкімдіктер бұралқы иттерді қару қолданып өлтіре алмайды. Заң тыйым салған соң шенділер шарасыз. Әзірге көшеден ұсталған жануарларды баспанамен қамту жағы, қажет кезінде химиялық өлтіру қалай іске асады, қанша қаражат бөлінетіні толық анықталмай жатыр. Бұл мәселеде парадокс дүние көп. Әйтеуір, тұрғындардың жанай­қайы шыдатпады ма, жақында Ақ­төбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қоластындағыларға қаңғыған иттерді 3 аптаның ішінде жоюды тапсырғанын айтты. Заңды кінәлау заңды ма? Мәжіліс депутаты Сергей Си­ми­нов бұралқы иттердің көшеде жайбарақат жүруін реттей алмаған шенеуніктерді жауапқа тарту керек деп есептейді. – «Жануарларға жауапкер­ші­лікпен қарау туралы» заң күшіне ен­ген соңғы үш жарым айда бірне­ше бала өліп, ауыр жарақат алды. Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындардан, жергілікті атқарушы органдардан иттер мәсе­лесіне, қабылданған заңды жүзеге асыру тетігінің жоқ екеніне қатыс­ты шағымдар түсті. Біз заң күшіне енбей тұрып дабыл қақтық. Жүзеге асыру механизмдері мен тиісті қар­жыландыру болмаған жағдайда проблемалардың туындайтыны белгілі еді, – дейді ол. Мәжілісмен қаңғыбас иттер мәселесіне байланысты Экология және Ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктеріне де сауал жолда­ға­нын ай­тады. Алайда мардымды жауап бол­маған. Жануарлар құ­қығын қор­­ғаушы Сергей Снегирев те Ақ­төбеде ит талап қаза тапқан оқу­шының өліміне шенеуніктерді кінәлайды. – Жергілікті билік басты назар­ды елдегі панасыз жануарлардың санын реттеу үшін оларды аулау мен атуға тосқауыл қойған «Жа­нуар­ларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға аударып отыр. Қай­ғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін бірнеше факті бар. Осыдан 3 ай бұ­рын күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жергілікті атқарушы орган­дардың аймақтық үдерістеріне өз алдына тосқауыл қоя алмайды. Ол үшін заңға сәйкес әзірленген жер­гілікті ережелер бар. Заңға бай­ланысты белгілі бір процестердің механикасы мен алгоритмдері кү­шіне енетін заңға ілеспе заңға тәуелді актілерде көрсетілуі керек еді. Қарапайым тілмен айтсақ, әкім­діктер үшін заң аясында жұ­мыс істеудің жолдары ұсынылуы керек еді. Мұндай нақтылық бол­мағандықтан, әкімдіктер панасыз иттермен күресе алмады, – деді маман. Елімізде 2020 жылға дейін қаң­ғыбас иттерді атумен жеке кәс­іп­керлер айналысып келді. Енді бұл функция ветеринариялық станса­ларға өтті. 2021 жылы жануар құ­қын қорғаушылар иттерді жоймай, арнайы питомниктерде ұстауды талап еткен болатын. Олардың осы уәжі ескерілді. Қазір тұрғындардың нақты арыз-шағымы түскен жағ­дай­да ғана бұралқы иттердің көзін жою туралы шешім қабылданады. Салдарымен ғана күресетін бұ­рынғы үрдістің жолы осы болса керек. Ал жай күні шұбырған қаң­ғыбас итке ешкім кедергі емес. Миллиард теңге қайда жұмсалады? Иесіз жануарларға арнайы бас­пана салып, бағудың бюджет үшін салмақ екенін айттық. Негізі, осы кезге дейін бұралқы иттерді аулап, жойып отыруға жергілікті әкімдік­тер бірталай қаржы қарастырып келген. Орта есеппен әр облыстың әкімдігі жыл сайын 60-100 миллион теңге аралығында бөлген. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі 2020-2021 жылдар аралығында бұл мақ­сатқа 150 миллион теңге жұмсаған. Былтыр Атырау облысында бұ­ралқы ит-мысықтарды жоюға 47 миллион теңге бөлініп, оның 25 миллионы облыс орталығының үлесіне тиген екен. Жалпы респуб­лика бойынша ит өлтіруге кеткен шығын 1 миллиард теңгеден асады. Мұндай сомаға иесіз жануарларды көшеде қаңғытпай асырауға, қажет кезінде химиялық жолдар арқылы санын қысқартып отыруға да мүм­кіндік болар еді. Ал әлем елдеріндегі жағдайға тоқталсақ, көп мемлекеттің бізде­гі­дей жануарлар құқын сақтауға тырысып жатқанын көреміз. Ресей 2018 жылы «Жануарларға жауап­кершілікпен қарау» федералды заңын қабылдап үлгерді. Қазір ре­сейліктер аймақтардағы жеке­мен­шік және муниципалды жануарлар­дың баспана мәселесін шешіп жатыр. Ал Еуропа одағында 1987 жылдан бері Жануарларға жәбір көрсетуден қорғау жөніндегі кон­венция жұмыс істейді. Германия 2002 жылы жануарларды қорғауды конституция арқылы бекітті. Ита­лияда осыған ұқсас заң мен оған берілген түсініктер 241-бетте толық жазылған, оған қоса онда әртүрлі үй жануарын асырауға қатысты кеңестер бар. Канадада 2020 жыл­дан бастап үй жануарларының денсаулығын арнайы инспекторлар қадағалайды, ал жануарларға қар­сы қылмысты хабарлау үшін жеке желі жұмыс істейді. Бұл тұста адам хақы мен жа­нуарлар құқының бетпе-бет келіп тұрғанын аңғардық. Әрине, жа­нуар­­ларға қамқорлық болғаны жөн-ақ. Әйтсе де, қоғамның, со­ның ішінде балалардың қауіп­сіз­дігін бірінші кезекке қойған абзал.