Алматы облысында 17 адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған
Алматы облысында 17 адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған
1,432
оқылды
Алматы  қалалық прокуратурасы жедел медициналық көмектің қолжетімділігі және оның Медеу ауданы  Алатау ықшамауданының тұрғындарына уақытылы  көмек көрсетілуіне зерттеу жүргізді. Медеу ауданы әкімі мен прокурорының халықпен кездесуінде тұрғындар жедел медициналық көмекті уақытылы алу мәселесін көтерді. Бүгінде Алатау ықшамауданында  18 мыңға жуық азамат тұрады, оған Алматы облысының бірқатар бау-бақша серіктестіктері қосылған. Жедел медициналық көмек көрсету ережесі бойынша дәрігерлер бригадасы жедел жәрдем көрсетуді қажет ететін, өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайларда шақырту алған сәттен бастап 10 минут ішінде келуі тиіс. Алайда  прокурорлар ықшамауданға ең жақын станса 20 шақырым жерде орналасқанын және кептеліс салдарынан фельдшерлердің кешігіп келетінін анықтады.
«Сонымен қатар талдау 2021 жылы аталған ықшамауданның 17 тұрғыны жедел жәрдем көлігі келгенге дейін қайтыс болып кеткенін көрсетті. Медеу ауданының прокуратурасы осы проблеманы шешу үшін уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Бұл актіні қарау нәтижелері бойынша  Алатау ықшамауданында жеке жедел жәрдем стансасы ашылды, сондай-ақ 17 адамның қайтыс болу себептерін тергеу үшін арнайы комиссия құрылды»,  –   делінген Алматы қаласы прокуратурасы таратқан хабарламада.