Қазақстанда салынатын АЭС құрылысына 10-12 миллиард теңге жұмсалуы мүмкін
Қазақстанда салынатын АЭС құрылысына 10-12 миллиард теңге жұмсалуы мүмкін
2,065
оқылды
Қазақстанда салынатын АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салу керек. Болжам бойынша,  оның құрылысына 10-12 млрд доллар қажет. Сондай-ақ  АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз. Жалпы, АЭС құрылысын несие беру арқылы немесе коммерциялық жоба аясында салу ұсынылады», делінген хабарламада.
«Қазақстан атом электр станциялары» серіктестігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда АЭС салуға 6 шетелдік компания ниет білдірген.
«Елімізде АЭС салуға ниетті KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), NuScale Power (АҚШ), CNNC (Қытай), General Electric-Hitachi (АҚШ пен Жапонияның бірлескен компаниясы) кәсіпорындарынан ұсыныс түсті. Біз 3 немесе 3+ буынына сәйкес келетін реакторларды салуды қарастырып отырмыз, өйткені олар қауіпсіз. Бұл бағытта біздің талаптарға сай келетін Ресей, Корея, Франция және Қытай компанияларының реакторлары бар. Ал шағын және орта қуатты реакторларды АҚШ-тың General Electric-Hitachi және NuScale компанияларынан алу бойынша коммерциялық жұмыстар пысықталып жатыр», делінген серіктестік туралы мәлімдемеде.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, елімізде АЭС шамамен 6 жыл ішінде салынады. Алайда ұсынысты қоғамдық талқылаудан өткізуге және қажетті құжаттар дайындауға уақыт қажет. Осылайша,  бұл процесс 10 жыл мерзімді қамтуы мүмкін.