Ақтөбелік әкімдер оқып жатыр
Ақтөбелік әкімдер оқып жатыр
645
оқылды
Халықтың экономикалық бел­сен­ділігін арттыру бағдар­ла­масын іске асыру аясында Ақтөбе облы­сы­ның 100-ден астам ауыл әкімі білі­мін жетілдірді. Қазір қатысу­шы­лардың соңғы легі оқып жатыр. Осы орайда «AMANAT» партиясы­ның Саяси менеджмент академиясы семинар ұйымдастырып, оған академия дирек­торы Данияр Мұқитанов, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кен­же­хан­ұлы, пар­тия­ның облыстық филиа­лы ат­қару­шы хат­шысы Ербол Данағұлов қатысты. Академия директоры Данияр Мұқи­танов партия әсіресе ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру мәселе­лері­не ерек­ше назар аударып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, оқыту бары­сын­да қа­тысушылар маркетингтік тал­дау жүр­гізуді және ауыл экономикасын көтерудің перспективалық бағыттарын анықтауды үйренген. Ауылда тиімді биз­нес-жоба­лар­ды жасау дағдыларын іс жү­зінде пы­сықтауға да баса назар ау­дарыл­ған.
– Қазір Ақмола, Ақтөбе және Қы­зыл­­орда облыстарының әкімдерін оқы­тып жатырмыз. 22 маусымға дейін 535 ауыл әкімі біліктілігін жетілдіреді, – деді Да­нияр Мұқитанов.
Облыс әкімінің орынбасары әкім­дер­ге Жаңа Қазақстанды құру үшін өз­ге­ріс­терді өздерінен бастау қажет еке­нін айтты. Жаңа бағытта жұмыс істеу үшін осындай семинарлардың үлесі мол еке­нін жеткізді.
– Партия тарапынан барлық жағдай жа­салып жатыр. Соны тиімді қолдана білу керек. Алған білімімізді бюджет бол­сын, басқасы болсын, дұрыс бағыт­тап, тиімді қолдансақ, алдымызға қой­ған мақсаттарға қиналмай жетеміз, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Семинарға қатысушылар бизнес-жос­пар дайындауды үйреніп, жоба­лар­ды қаржыландырудың, сертификаттау мен стандарттаудың көздері туралы толық ақпарат алып жатыр. Оқу прак­тика­лық сабақтармен ұштастырылған. Яғни, семинарға қатысушылар алған білі­мін малға азық дайындау, етті, сүтті ірі қара мал өсіру, сұлулық салоны, тігін ше­­бер­ханасы секілді шағын кәсіп мы­салында пысықтайды.
– Ауыл – ел бесігі, ауыл өркендесе, мем­­лекет те өркендейді. Сондықтан ха­­лық­­тың экономикалық белсенділігін арт­­тыру маңызды. Осы тұрғыда семи­нар­­дың пайдасы мол деп есептеймін. Әкім­­дер ауылға жаңа серпін, тың тыныс беретіндей мәлімет алғаны сөзсіз, – деп тұжырымдады Ербол Данағұлов.
Семинарға қатысушылар алған бі­лімінің жемісті болатынына сенеді. Олар кәсіпкерлікті дамыту дағдыларын мең­геріп, соны жұмыста қолдануды көз­деп отыр. Хромтау ауданы Қопа ауыл­­­дық округінің әкімі Айгүл Бусур­ма­новаға әсіресе практикалық сабақтар ұнаған.
– Семинарға екінші күн қатысып жа­тырмын. Мониторингтік талдау жа­сау, ауыл ішіндегі жеке кәсіпкерлерді қолдау және олардың бизнес-жоспарын да­мыту бойынша тиімді ақпарат игер­дік. Әсіресе практикалық жұмыстар тиім­ді болды. Алған білімімізді алдағы жұ­мысымызда пайдаланамыз, – деді ол.
Ал «Табыстарды ұлғайту мақсатында ха­лықтың экономикалық белсен­ділі­гі­нің өсуі саласындағы басшылардың құ­зы­ретін арттыру» оқу бағдар­ла­ма­сы­ның алғашқы қатысушылары қазір үй­леріне оралды. Солардың бірі – Роза Байгелдинова. Ол үш күн бойы Жарсай ауыл­дық округі әкімінің әдеттегі жұмы­сынан босап, семинарға қатысқан. Дәрістерді мұқият тыңдап, пайдалы бо­латын кейбір мәліметтерді сабақтар ара­сында нақтылау үшін жұмыс дәп­теріне түртіп алды. Оның округі тірші­лігі қайнаған күрежолдан алыс. Сон­дықтан жергілікті тұрғындар өздерінің әл-ауқаты үшін ерекше тапқырлық танытуы керек. Олар жақында басталған газ­дандыру және орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстарына бай­ланысты үлкен өзгерістерге үміт ар­тып отыр.
– Ауылдық округ әкімі болып 2009 жыл­дан бері жұмыс істеймін, бірақ мұн­дай оқу біз үшін алғаш рет ұйымдас­тыры­лып отыр. Мұнда бізді скринингтер өткізуге үйретті. Яғни ауылда қанша адам тұрады, олардың табысы қандай, от­басында жұмыссыз кім, он сегіз жас­қа дейінгі балалары бар ма, мүгедектер бар ма – соларға назар аудардық. Аулаларды аралау адамдардың нақты әл-ауқатын анықтауға көмектеседі. Солардың негізінде ауылдың әлеу­меттік-экономикалық даму картасын жасаймыз. Бізге бизнес-жоспарларды қалай құратынын түсіндірді, алдымен өткізу нарығын табу керегін айтты. Сон­дай-ақ маркетингтік талдау жасау, дамудың перспективалық бағыттарын анықтауды игердік. Алған біліміміз сөзсіз кәдеге асады, – дейді Роза Байгелдинова.

Азат ҚАЗАҚ