Қиратып жатыр Ахметтің үйін...
Қиратып жатыр Ахметтің үйін...
1,181
оқылды
Қостанай облысындағы Ахмет Бай­тұрсынұлының үйін мердігерлер бұзып тастағаны туралы ақпарат та­рады. Бұған дейін үйдің іргетасы тұрған, енді оның ізі де қалмапты. Ал жергілікті билік ұлт ұстазының осы үйде дүниеге келмегенін алға тар­тады. Бұзылған жерде Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған деседі. Іргетасы қара шымнан, кесектен салынғанын, осы үйде әжеміз Ахмет атамызды дүниеге әкелгенін айтады ауыл тұрғындары. Жермен-жексен болған жерде былтыр­ға дейін екі бөлмелі үй болған. Үйді ес­керткіш ретінде 2009 жылы іргетастың үстінен арнайы салған екен. Үйдің бұзылуына не себеп болды де­генге, жергілікті Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов: «Саман кір­піштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда, көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкен­дердің айтуынша, ауыл адамдары өзі қа­лаған үй. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы­ның туған үйін жер бетінен ысырып тас­тады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды» деген уәж айтады. Бұзып тастаған аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін жаңа үй салынып бітуі тиіс. Ұлт ұстазы тұрған үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүр­гізеді. Жоба бойынша – 149 шаршы метр. Жаңа музей үйін салғаны дұрыс. Дегенмен, ескі іргетасты сақтап қалуға да болар еді. Талқаны шыққан үйдің бір тал кірпіші қалса да құндылық ретінде сақтап отырған елдер бар. Оған қара­ғанда іргетасы сақ­тал­ған, саман кірпіштен болса да, салынған, дайын үйді бұзып тас­таудың не қажеттілігі болды екен? Ахмет Байтұрсынұлы табаны­ның ізі қалған ауылда «ұлт ардақтысы ту­ған үйдің іргетасын сақтап қалу керек еді» деп шырылдаған ұлт жана­шырларының пікірі де орынды. Әр үй – тарих. Іргетасы қалса да сақтап қалуға болар еді ғой. Жергілікті әкімдіктің жаңа музей үйін ашамыз деген пікірімен де келісуге болады. Бірақ ол музейді жаңа аумақтан ашуға не кедергі? Іргетасын бұзып тастап, сол ау­мақты тегістеп салмаса, Ахмет Байтұрсын­ұлы ауылынан музей саларлық жер та­был­май қалар ма еді деген ой туады осындайда.   Жүсіпбек тұрған үй қайда? Біз Жүсіпбек Аймауытов тұрған үйді де сақтап қала алмадық. Бір кездері жазушы Серік Жанәбілдің естеліктерінен оқып едік. Қаламгер ол туралы жазбасында: «Аймауытов­тың шәкірті болған Керім Ті­лен­шеұлы туралы айтпай кетуге болмайды. Ол 1927 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында оқыған. Қорғасын зауы­тындағы газеттің редакторы болды. Бірде сол кездегі қала басшысы Қуаныш Төлеметовтің кабинетіне кіріп, Керім Тіленшеұлы: – Аймауытовтың әруағын сыйлайық. Ол тұрған үйді бұздырмау керек, – депті. Қаһар Апатанов, Бақытжан Әшірбаев және Шәкен Орынбекұлын ертіп апарып, Жүсіпбек тұрған үйді көрсеткен. Бұрынғы педтехникумның әбден ескірген үйі екен. Керім Тіленшеұлы бұл мәселеден бұқара да сырт қалмасын деп телеарнадан да сөйлеп, Жүсіпбек Аймауытов тұрған үйдің апатты жағдайда екенін, оны аман алып қалу, тарихи жәдігер ретінде сақтау керегін айтады. – Төлеген Тәжібаев, Құрманбек Жан­дар­беков және мен оқығанда бізге Жүсіп­бек ағай сабақ берген. Оның «Рабиға» атты пьесасын Құрманбек пен Төлеген оқыды, – дейтін Керім Тіленшеұлы. Шымкент қаласында Жүсіпбек Аймауытов атына көше бергізуде Керім ағай өте белсенді болды. Дегенмен Аймауытов тұрған үйді сақтап қала алмадық» деп жазады. Ескірген ескі үй болса да, реставрация жасалса, өзгеріп шыға келетін еді. Ол үйдің әр қабырғасы, әр тасы қымбат болар еді. Әттеген-ай дерсің.   Барлыбектің баспанасы жетімсіреп тұр Тағы бір Алаш зиялысы Барлыбек Сырт­тановтың үйі жетімсіреп тұрғанын журналист Гүлнәр Мағзұмова әлеуметтік желіде шы­рыл­дап жазған еді. Ол өз жазбасында: «Барлыбек Сырттановты көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі Ата Заңының негізі Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанов жазған «Қазақ елінің уставымен» сәйкес­тен­дірілген. Сырттановтың қазаққа сіңір­ген еңбегі тек «Қазақ елінің уставы» ғана емес, ол Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Бақытжан Қаратайұлы, Мұхамеджан Ты­нышпайұлы сияқты Алаш азаматтарымен бірге қазақтың азаттығы үшін жан салған кү­рескер. Алматы қаласында осындай ұлт тұл­ғаларының бірі Барлыбек Сырттанов тұр­ған Бәрібаев көшесіндегі №5 үй әлі бар. Бұл үйде Барлыбектің тұрғаны туралы Алаш аза­мат­та­рының еңбегін зерттеп жүрген Елдос Тоқтар­бай Барлыбектің ұлы Кәкенің өз қолы­мен жазған хат арқылы дәлелдейді» деген еді. Алаш қайраткерінің көзіндей болған ол үйдің бүгінде тозығы жеткен. Ол маңдағы ескі үй­лердің барлығы бұзылған. Орнын көпқабатты үйлер ал­мас­тырып жатыр. Алаш азаматы тұрған үйді мемлекет қамқорлығына алу, рес­таврация жасап, бүгінгі ұрпаққа тәлім болар мұражайға айналдыру қажет екенін де журналист шы­рыл­дап жеткізген еді. Одан бері де бір жыл өтті? Не өзгерді? Жур­налист Гүлнәр Мағзұмоваға хабар­ласып едік, ол: «Бұзып тастайтын үйлер­дің жос­парына енгізіп қойыпты. Жанындағы кө­пес­­тің үйін қорғайды мемлекет. Ал Алаш ар­дақ­тысы тұрған үйді бұзады. Техникалық пас­порты беріде жасалған, салынғаны – арыда. Әкім­дік соны негізге алып отыр. Ол үйде Сырт­­та­нов­тың тұрғанын есепке алынбай тұр», – дейді. Санжар Асфендияров тұрған үйге қатысты тарихшы Алмас Жүнісбай да мәселе көтерген еді. «Алматыда Санжар Асфендияровтың үйі бар. Бұл үйдің қазіргі күйі нашар, күрделі жөндеу және реставрация жұмыстарын талап етіп тұр. Бұл үй Алматы қаласының тарихи нысан­дар тізіміне кіргенімен, түркі консулды­ғының жерінде тұрған соң, қалалық әкімдіктің онымен шаруасы жоқ. Ол үйде Санжармен бірге Хәлел Досмұхамедұлы да тұрды емес пе? Оның дәлелі ретінде үйдің қабырғасына бір емес, үш бірдей ескерткіш тақта орнатылған. Олардың бірде-біреуі көрінбейді» деп жазған-ды тарихшы. Жөндеуге емес бұзуға, сақтауға емес қиратуға асыққан қоғамға айналғанымыз ба? Кеше Жүсіпбек Аймауытовтың үйін, бүгін Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің іргетасын бұзып тастады. Ертең Барлыбек тұрған үйді бұзбасына кім кепілдік береді?! Осындайда ақын Жүрсін Ерманның мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады: – Дегені қайда басылды үйін – Ақылым жетпей, Ашиды миым: Виноградов көшесіндегі Қиратып жатыр Қасымның үйін! Шақұр да шұқыр шаққанда әйнегін Ажалдың сездім ақпандай лебін. Бір-бірлеп сөгіп қабырғаларымды Кеудемді бұзып жатқандай менің!  

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҰЗДЫҒЫ:

Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫ, Ахметтанушы:

ТАРИХИ ТҰЛҒАНЫҢ ҮЙІ — ТАҒЫЛЫМ МЕКТЕБІ

Торғай өңіріндегі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйдің ахуалына қашанда алаң­даулымыз. Сарытүбектегі ұлт ұстазының кіндік қамы тамған үйдің орны — тұлғаның аяулы есімі ресми ақталғаннан кейін ғана қолға алынғаны белгілі. Ғалымның 125 жылдығы қарсаңында ауыл ақсақалдарының айтуымен үйдің іргесі көтерілген-ді… Тек 2009 жылы Ақкөл және Қарасу ауылы тұрғындарының бас­та­масымен қоржынүй салынды. «Салынды» деген аты ғана болмаса, «кісі тоқ­тарлық үй» деп айтуға келмейтін. Ахметтің Ақкөліне барған сайын азып-тозған үйдің жәй-күйін көріп, жыларман боп қайтатынбыз. Жасыратыны жоқ, сол Торғайдағы мұра­жайлар кешенінің басшысы, әріп­тесім Гүлбану Құлетқызы Сәрсекейге сан рет айтқан да бола­тынмын. Биыл ғасыр саңлағы Ахмет Байтұр­сынұлының UNESCO деңгейінде аталып жатқан 150 жылдығы тұсында жоғарыда айтылған келеңсіздіктер ескеріледі деген үміттеміз. Тарихи тұлғаға деген құрметті «ең­бектеген баладан еңкейген кәріге дейін» көрсетуге міндеттіміз. Тұлға туған үйдің келбеті – Ахмет Байтұрсынұлы есімін иеленіп отырған қарасулықтар һәм қоңсы отырған ақкөл­діктер ғана емес, барша Қазақ елінің келбеті деп түсінуіміз керек. Ахметтей дара да дана тұлғаның үйін қайта салғызуды Үкімет өз қадалағалауына алғаны абзал. Мәселен, оңтүстіктің тумасы даныш­пан Әл-Фарабидің Отырар музейінің аула­сына салынған үйі; хәкім Абайдың Жидебайдағы қыстауы немесе батыстағы Бекет ата үйі – сол сықылды Ахмет туған кезеңнің нақ көрінісі болуы керек. Сонда ғана кейін­гілерге әсері болады. Өткен та­рихтан белгі болған үйді көруге келгендер тоқтайтын заманауи үйді сол жәдігердің маңайына салуға болады емес пе?! «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, он­сыз көп қиындықтарды басынан өткізген торғайлықтардың етегінен тартып, есін шығара бермей, барымызбен көмектес­кеніміз жөн. Ата-бабамыздан қалған нақылға сүйенсек, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, күллі қазақстандықтар бір күндік айлығын аударып, Торғайдың Ақкөліне апарар тасжолды және ұлт ұстазының балалық шағы өткен үйді тұрғызып беруге жұмыс істейік!

Айым БЕКТҰР