Ескерткіштер елеусіз қалмайды
Ескерткіштер елеусіз қалмайды
1,875
оқылды
Еліміздің шығыс өңірінде сақ дәуірінен сақталған ескерткіш пен жәдігер көп. Ал оларды күтіп ұстау жыл өткен сайын қордаланған мәселеге айналып келеді. Осыған орай 2016 жылдан бастап аймақта «Шығыс Қазақстан облысындағы археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру үшін өңірдің маңызды археологиялық ескерткіштерін зерделеу, объектілерді тарихи туризм үшін сақтау, қайта жаңғырту. Бағдарлама басталғалы 6 жыл ішінде өз нәтижесін көрсетті. Облыстың маңызды археологиялық ескерткіштерін қалпына келтіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Атап айтсақ, облыстық тарихи-өлке­тану музейінің қоры 26 мың бірегей артефактімен толықты. Тұтастай алғанда, бағдарлама отандық және шетелдік зиялы қауым арасында жоғары бағаға ие болды. Қазақстанның жетекші археологтерінің басшылығымен екі жоба бойынша толыққанды зерттеу жүргізілді. Оның бірі З.Самашев жетек­шілік еткен «Алтай-Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін», екіншісі Ә. Төлеубаев­тың жетекшілігімен жүргізілген «Шілікті даласы мен Тарбағатай тау бөктерлерінің ежелгі және орта ғасыр ескерткіштері» атты зерттеуі. Зейнол­ла Самашевтың басшылығымен 2019-2022 жылдар аралығында жүргізіліп жатқан Ақбауыр үңгірінің жанындағы «Діни алаң» қазба жұмыс­тары да жоғары бағаланған зерт­теу­лердің бірі. Қазба жұмыстары барысында бұл алаң б. з. д. 11-9 ғасырларға жататыны анықталды. Табылған олжаларға сүйенсек, бұл аймақты мекендеген ертедегі сақтар отырықшы өмір салтын ұстанған, оларда егіншілік, мал шаруашылығы, металлур­гия, қолөнер өндірісі дамыған. Профессор З. Самашев: «Ақбауыр археологиялық кешенін байырғы қала деп атауға болады» деген маңызды қорытынды жасады. Соңғы екі жылда Катонқарағай ауданын­дағы Берел, Таутекелі, Жайдақ қорымында, Семей қаласындағы Көкентау елді мекенінде, Тарбаға­тай ауданындағы Елеке Сазы қоры­мында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. ескерткіш жәдігер Биыл көне түркі дәуіріндегі «Қаған» бірегей діни-мемориалдық кешенін қазу жұмыстары жалғасады. Былтыр «Қағаннан» алтын тақта тәж киіп отырған қағандардың суреттері бар екі алтын алқа табылған еді. Бұл жәдігер ғалымдар арасында жоғары бағаланып, үлкен қызығу­шылық тудырды. Сондай-ақ жыл сайын бағдарлама аясында еліміздің жоғары оқу орындары мен колледж­дерінің 430-дан астам студенті археологиялық экспедицияларға қатысып, баға жетпес тәжірибе жинайды. Олардың қатарында Сәрсен Аман­жолов атындағы ШҚМУ-дың, Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік универ­ситеттің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (Алма­ты қ.), Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің (Нұр-Сұлтан қ.) студенттері бар. 2019-2020 жылдары әртүрлі бейіндегі мамандар тобы З.Самашевтың басшылығымен Тарбағатай ауданының Елеке Сазы қорымын­дағы «Алтын адамның» жаңғыртпасын жасады, «Ұржар ханшайымының» жаңғыртпасы сатып алынды, сондай-ақ Катонқарағай ауданының Берел және Қарақоба қорымдарынан табылған әйелдердің салтанатты костюмдерінің жаң­ғырт­­пасы жасалды. Өңірдің тарихи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау үшін әртүрлі жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде 2019 жылы Мәскеуде алғашқы халықаралық көрменің көрсетілімі өтті. Ұлы даланың ежелгі өнерінің жауһарлары қойылған көрмеге 6 760 адам қатысты. жәдігер 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың қаңтарына дейін Ұлыбританияның Кембридж университетінің Фицуильяма музейінде «Ұлы дала алтыны» атты көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға ата-бабаларымыздың мәдени және технологиялық жетістіктерін сипат­тайтын және ежелгі зергерлердің шеберлігін көрсететін 15 000-нан астам артефакт ұсыныл­ды. Apollo халықаралық беделді өнер жур­налының рейтин­гі бойынша «Ұлы дала алтыны» көрмесі 2021 жылғы әлемнің үздік көрмелерінің бестігіне кірді.Ол Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мультимәдени алмасу тізбегінің бір бөлігіне айналды. Шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде «Ұлы дала алтыны» көрмесі туралы 200-ден астам пікір жарияланған. Сондай-ақ халықаралық кітап рецензенті – Spectator журналының рейтингі бойынша Кембридж университетінің Фицуильяма музейі дайын­даған «Ұлы дала алтыны» көрмесіне арналған каталог «2021 жылғы үздік кітаптар» тізіміне енді. Кітаптың таралымы – 1 000 дана. «Ұлы дала ал­ты­ны» көрмесін Кембридж қаласында 25 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Сонымен қатар археологиялық жұмыс­тардың қорытындысы бойынша жыл сайын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халық­аралық ғылыми-практикалық кон­ферен­циясы өткізіледі. Алқалы жиынға отандық ғалымдар­мен қатар Ресей, Әзербайжан, Түркия, Англия елдерінің зерттеушілері де қатысады. 2021 жылдан бастап шырайлы шығыстың жәдігер­лері жайлы мәліметтерді тарихшы ғалымдар ғылыми-көпшілікке басылым арқылы ұсынып келеді. Айталық, З.Самашевтың редактор­лығымен «Шығыс Қазақстанның ежелгі тарихы» кітабы, Ә.Төлеубаевтың редактор­лығымен «Қазақ­стан тарихы» 3 томдық еңбегі жарық көрді. 2022-2023 жылдары бірнеше монография басылымы жоспарланып отыр. Айта кету керек, «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының археология саласындағы ғылыми–зерттеу жұмыс­тары одан әрі жалғасын табады. Осыған орай облыста тарихи-мәдени мұраны сақтау және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Нәтижесінде қазақстандықтардың тарих пен мәдениетке деген қызығушылығы артып келеді. Өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде белсенді насихаттау жұмыстары да нәтижелі жүргізіліп отыр. Ұлттық мұраны ше­тел­дік ға­лым­дармен, ірі ғылыми орталықтармен бірлесіп жан-жақты зерттеп, оны әлемдік ғылыми айналымға енгізуді қамтамасыз ету мәселесі де күн тәрті­бінде. Жалпы, биыл да «Шығыс Қазақстан облысындағы археология саласын­дағы ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» жалғасады.