Пандемиядан кейінгі әлем мәселесі талқыланды
Пандемиядан кейінгі әлем мәселесі талқыланды
536
оқылды
Президенттің баспасөз қыз­ме­ті Мемлекет басшысының Қатар эко­­но­микалық форумының ашылу рә­сіміне қатысқанын ха­бар­лады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­тар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тә­­ни­дің жеке шақыруымен «Жаһандық эко­номиканы қалыпқа келтіруде тең­дікке қол жеткізу» атты екінші Қатар эко­номикалық форумының ашылу рә­сіміне қатысты. Аталған маңызды іс-шара Bloomberg агенттігінің қолдауымен ұйым­дас­тырыл­ды және шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің қамқорлығымен өткізіліп отыр. Форум «Мемлекеттердің экономи­ка­лық дағдарыстан шығу мәселесі» та­қырыбына арналған. Форум жұмысына Мемлекет бас­шы­сынан бөлек Того Президенті Фор Гнассингбе, Намибия Президенті Хаге Гейнгоб, Грузияның Премьер-ми­нистрі Ираклий Гарибашвили, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар министрі мен үкіметтерінің лауа­зымды тұлғалары қатысты. Сонымен қатар форум сессия­лары­на танымал халықаралық жетекші кор­порациялар мен ұйымдардың бас­шылары жиналды. Форумды Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни ашты. Қатар экономикалық форумының қорытындысы бойынша жаһандық өсім­нің келесі кезеңінің жоспары әзір­леніп, пандемиядан кейінгі әлемді қа­лыптастыру үшін нақты шешімдер ұсыну көзделіп отыр.

БҰҰ бітімге шақыруы керек

Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «In Conversation with President Tokayev» атты арнайы панельдік сес­сия­ға қатысты. Жиынға Bloomberg Television жүргізушісі Манус Крэнни мо­дераторлық жасады. Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясаттағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуро­па­да болып жатқан геосаяси теке­тірес­тер аясында Ресей-Украина қақ­ты­ғыс­тары төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бір­қатар сұраққа жауап берді. Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жол­мен шешу жолдарына қатысты сұ­рақ­қа жауап берген Қазақстан Пре­­­­­зи­ден­ті келіссөздерді жалғастыра берудің маңыз­ды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақ­­тығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мем­­лекет басшысы халықаралық қауым­­­дастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің қауқарсыздық та­нытып отырғанына тоқталды.
– БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағ­дайға тап болған емес. Тіпті, қыр­ғиқа­бақ соғыс кезінде де Біріккен Ұлт­тар Ұйымының бірлігі бұдан әл­деқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның бо­лашағына қатты алаңдаймын. Осы рет­те, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдас­тық­тың бірлік танытып, ынтымақтаса оты­рып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп са­най­мын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Ресейге са­лынған ауыр санкциялық саясат сал­дарынан Қазақстан қандай эко­но­микалық зардап шегуі мүмкін деген мо­дератордың сұрақтарына жауап берді. Ашық әңгіме барысында әлемдік энергетика нарығында қалыптасқан қазіргі жағдайға, халықаралық сауда мәселесіне байланысты ғаламдық сын-қатерлер де талқыланды.