«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Онда облыстағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі қаралды. Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың барысын баяндады.
– 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасында Батыс Қазақстан облысы бойынша 5,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 177 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша, 217 млрд теңге сомасына 13 жоба іске асырылып, 1376 жаңа жұмыс орны құрылды, – деді ол.
Іске асырылып жатқан жобалардың ішінде қуаттылығы жылына 7000 тонна болатын тауарға арналған пластик қаптама өндірісін ерекше атап өтуге болады. Жобаны іске асыруға кәсіпорын 590 млн теңге көлемінде инвестиция бағыттаған. Жоба аясында тамақ контейнерлері, шелектер, тамшылатып суаруға арналған құбырлар, орауыш материалдар, тротуар плиткалары шығарылады.