Өз есебінен жаңылды
Өз есебінен жаңылды
597
оқылды
Ақтөбеде «Неохим» ЖШС бас есепшісі компания ақшасын туыстарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзіне пәтер сатып алған. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, пәтері мен тоңазытқышын тәркіледі. 2015 жылы Алға қаласының тұрғыны Светлана Н. «Алға тазалық» коммуналды кәсіпорнында бас есепші болып жұмыс істеген. Ал 2016 жылы компанияның ақшасын жымқырғаны үшін екі рет сотталады. Үкімдердің бірінде ол «Алға тазалық» мекемесінде жұмыс істемейтін екі тұрғынға зейнетақы мен әлеуметтік төлем аударғаны айтылыпты. Екі қылмыс­тық іс бойынша ол шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Осылай қаржылық қылмысы үшін екі рет сотталған ол 2018 жылы «Неохим» ЖШС мекемесіне бас есепші болып қайта жұмысқа орналасыпты. Жүктілігіне байланысты демалысқа шыққан соң серіктестік тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 64 миллионнан аса қаражат жетпейтіні анықталған. Ал содан кейін тергеу барысында бас есепші серіктестік шотынан туыстарының, оның ішінде анасы мен әпкесінің есепшотына ақша аударғаны белгілі болды. Басылым мәліметінше, есепші жымқырған ақшасына Алғадан пәтер сатып алған, оны күйеуінің анасына аударған. Бас есепшінің алаяқтығы әшкере болған кезде ол «сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді» деген айыппен сот алдында жауап берген. Айыпталушы келтірілген шығын мөлшерімен келіспей, оны түрмеге жібермеуді сұрапты. Себебі төрт бала тәрбиелеп отыр. «Көпбалалы ана» мәртебесі оны қамау мерзімінен құтқара алмады. Оның үстіне, әйел серіктестікке 64 миллион теңге көлемінде ақша өтеуі тиіс.