Жетісудың жаңа тынысы
Жетісудың жаңа тынысы
884
оқылды
Мемлекет басшысының 8 маусымдағы Жарлығынан соң Алматы облысы ресми түр­де екі­ге бөлінді. 1997 жылы Ал­ма­ты және Талдықорған об­лыс­­та­рының шекарасымен қай­та­­дан қақ жарылған облыс­тар­дың болашағын болжап, са­рапшы­лық пікір айтушылар көп. Тұр­ғын­дар да әрі-сәрі күй кешіп жүр. Осыған дейін тұтас бір өңір ретінде дамудың даңғы­лы­­на түскен қос облыстың әлеу­­мет­тік-экономикалық әлеуе­­тін ба­ғамдап көрген едік. Негізінен, 1997 жылы облыс ор­талығы мәртебесімен қоштасқан Талдықорғанның өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында қандай жағдайда болғанын көргендер сүйік­­ті қаласының жағдайына алаң­дайды. Обалы не керек, 21 жыл бойы екі аймақтың өндірісі өркен­деп, қайта өңдеу саласы қарқын алған. Бұл салаларға миллиардтаған инвестиция тартылғаны рас. Алайда соның басым бөлігі Алматы айма­ғы­на тиесілі. Бұл тұрғыдан Ұлттық эко­но­мика министрі Әлібек Қуан­ты­ров­тың «Алматы облысы бола­шақта донорға айналуы мүмкін» деген болжамымен келісуге бола­тын­дай. Жаңадан құрылған Жетісу облысының да даму мүмкіндігі жо­ғары екенін жоққа шығара алмай­мыз. Алматының аграрлық мүмкіндігі мол Алматы облысында экономика­ның барлық саласы кең қанат жайып, өркендеп келеді. Ауыл шаруа­шылығының барлық бағыты мен бірге қайта өңдеу саласы қар­қын алды. Балқаш көлі, Қапшағай су қоймасы мен басқа да ірілі-ұсақ­ты көлдер мен өзендер арқылы ба­лық шаруашылығының бабын келтіруге болады. Төрт түлік демекші, Райымбек пен Кеген бір аудан болып тұрған жылдары аймақ төрт түліктің саны бойынша республикада көш баста­ған. Қазір де аймақ тұрғындары мал шаруашылығымен күнелтеді. Соған сай соңғы уақытта жайылым тап­шылығы, шабындықтың жетіс­пейтіні туралы әңгіме жиі қозғала бастады. Түрлі компания мен же­ке­леген алпауыттардың қарамағына өтіп кеткен жайылым мен шабын­дық жерлер халыққа қайтарылса, қыр төсіндегі малдың саны еселене түспек, Кейінгі жылдары бұл аймақта картоп өндірісіне үлкен мән беріліп, Кеген мен Нарынқолдың даңқы қайта шыға бастады. Жергілікті картопты қайта өңдеуден өткізіп, дайын өнім күйінде тұтынушыға жеткізетін жоба қолға алынған. Пайдалы қазбаларды игеруге қатыс­ты жобаларға да қозғау салынған. Егер солар жүзеге асса, таулы өңірде тұратындары картоп сатып-ақ пай­даға кенелер еді. Тау қойнауындағы бағалы металл мен көмір кеніштерін игеру, тау туризмін дамыту да қазы­наны еселері анық. Еліміздегі ірі су электр стансаларының бірі «Мой­нақ» та осы аймақта орналасқан. Ұйғыр ауданында соңғы жыл­дары жылыжай шаруашылығы да­мып, бау-бақ өсіру қанатын кеңге жайды. Елден ерек, жеміс-жидегі мен көкөнісі басқа аймақтан бұрын пісетін ауданның мал шаруашылы­ғын өркендетуге де қолайлы. Қы­тай­мен екі арада 1998 жылы ашыл­ған, автокөлікпен жүк тасымалдау өткелі бар «Қалжат» кеден бекеті де облыс бюджетінің бір бүйірін тол­тыруға әсер етері сөзсіз. Сонымен бірге Шонжыдан Қалжат ауылына апаратын күрежолды бойлай, ыстық су көздеріне орналасқан демалыс орындары да қазынаға қомақты үлес қосады. Қойнауы қазба бай­лық­­тарға толы Қарадала өңірінің иге­рілмей жатқан салалары бар­шылық. Еңбекшіқазақ ауданында ту­ризм, мал және өсімдік шаруашы­лығын дамытуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен тамақ өнер­кәсібі саласындағы әлеуеті де көпке мәлім. Іледе көліктік-логистикалық хаб орналасқан, облыстағы кеден бекеттерінен тасымалданатын жүк­тің дені «Даму» логистикалық ком­паниясында кедендік рәсімдеуден өтеді. Темекі өндірісі мен бірге құс шаруашылығының бірнеше ірі кә­сіпорны бар. Болашаққа бағыт­талған жобалары аса ауқымды әрі инвестициялық көлемі үлкен. Елі­міздегі ең ірі түйе шаруашылығы да осында. «Дәулет-Бекет» жауапкер­ші­лігі шектеулі серіктестігі Ойсыл­қара түлігінің санын көбейтіп қана қоймай, сапасын да арттырып, еті мен сүтін, шудасына дейін кәдеге асырып отыр. Сонымен бірге осы шаруашылық төрт түліктің басқа түрлерін де өсіріп, дайын өнім түр­лерін шығаруды жолға қойған. Балқаш ауданында балық пен күріш өсіруге болады. Сонымен бірге Балқаш көліне құятын Іле өзе­нінің салалары бойындағы орман және аңшылық шаруашылығында тәртіп орнатылса, қазынаға қомақ­ты қаржы түспек. Бұл ауданда мал шаруашылығын дамытудың мол мүмкіндігі бар. Қазір мұнда етті ба­ғыттағы ірі қара тұқымдарын өсіруге қаржы салып, пайдасын көріп отыр­ған шаруашылықтар жетерлік. Балқаштың ақмаржаны да үлкен сұранысқа ие. Бүгінде ауданда кү­рішті өңдеу жақсы жолға қойылған. Тек су тапшылығын реттесе, бұл саланың берері мол болмақ. Жамбыл ауданында да агро­өнеркәсіптік кешенге нақты көңіл бөлінсе, елдің әл-ауқаты артып қана қоймай, өңірдің өркендеуіне үлкен сеп болар еді. Аймақ мал өсіруге де, егін егіп, баптауға да қолайлы. Табиғаты әсем, жері құнарлы. Облыстың екіге бөлінуін құп­таймын. Қонаевтың тұрғыны ре­тінде сүйікті қаламның жаңа атауға, мәртебеге ие болғанына шын жү­рек­тен қуаныштымын, ертеңінің жар­қын болатынына сенемін. Соны­мен бірге соңғы жылдары мәсе­лесі қордалана түскен Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекен­дер біраз ауыртпалықтан арылып, жеңілдеп қалады-ау деп ойлаймын. Екі облыстың да даму мүмкіндігі мол, оны тиімділікпен басқарып, барлық жұмысты жүйелі үйлестіре бі­лу керек, – дейді Қонаев қаласы­ның тұрғыны Зарыққан Есілбаев. Көпсалалы өңірге айналмақ Жаңадан құрылған Жетісу өңі­рінің басты байлығы ретінде тамаша табиғатын айтуға болады. Тамыл­жыған туризмді экономиканы да­мытудың оңтайлы тетігі ретінде қа­рас­тыруға болады. Айдынды Ала­көл мен байтақ жатқан Балқаш көлдерінің туристік әлеуеті аса зор. Дегенмен Алакөлде жаз айларында демалушылар саны жыл санап ар­тып, қазынаға қомақты қаржы құйы­лып жатқанымен, Балқашта туристік маусымды тиімділікпен пайдалану әлі дұрыс жолға түспеді. Екі көлдің демалыс аймақтарындағы демалушыларға жасалған жағдай­дың арасы жер мен көктей. Қазақ­стандағы басты су айдындарының қатарында аталатын осы екі көлдің бірі толығымен және екіншісінің басым бөлігі орналасқан облыста балық шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі аса үлкен. [caption id="attachment_202505" align="alignright" width="1281"]Жетісу облысы © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Трансшекаралық теміржол өт­келі орналасқан Алакөлдегі Достық кентінің қазіргі мүмкіндігін де мо­лынан пайдалануға болады. Осын­дағы кеден бекеті арқылы теміржол тасымалының көлемін арттыра оты­рып, автокөлік өткелінің жұ­мысын дамыту керек. Үшарал – Достық арасындағы күрежолдың жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталса, шекара арқылы авто­кө­лікпен жүк тасымалдау көлемі де артары анық. Аудандағы балық ша­руашылығын дамыту жайында жоғарыда айттық. Алакөлдің көк­серкенің еті Еуропадағы талғамы жоғары жұрттың сұранысына ие. Содан бергі кезеңде балық қорын молайту ісін жолға қойған, көлден аулауды ұйымдастырудан бастап, еуростандартқа сай дайын өнімдерге айналдырып, жөнелтуге дейінгі жұмыстарды бір өзінде атқаратын бірнеше кәсіпорын іске қосылды. Алдағы уақытта осы салада тағы басқа да шаруалар қолға алынбақ. Аудандағы Үйгентас өңірі мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға барынша қолайлы. Қазір осы ай­мақта мыңғыртып мал өсіріп, егістік жайқалтып, бау-бақ шаруашылы­ғының шырайын келтіріп отырған кәсіпкерлер бар. Талдықорғандағы индустриялық аймақты да тиімді пайдалануға бо­лады. Өкініштісі, бүгінде өндірістік аймақта өнімді тірлік байқалмайды. Сондай-ақ облыс орталығында ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамыту да кезек күттірмейді. Текелі ауданы да туризмге ба­рынша қолайлы. Бұл бағытта біраз серпіліс бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын кеншілер қаласында ашыл­ған металлургия комбина­тының жұ­мысын жолға қою қажет. Қа­зақ­станда ғана емес, Орталық Азиядағы ашытқы шығаратын бірегей зауыт­тың мүмкіндігін толық іске асырсақ, тіптен оң болар еді. Қаратал ауданында балық және күріш шаруашылығы жақсы да­мыған. Сонымен бірге аймақта мал шаруашылығын өркендетуге жағдай бар. Кремний зауыты іске қосыла­тын болса, сирек кездесетін сұра­ныс­қа ие бағалы кеннің игілігін ел көретін болады. Көксудың мал және өсімдік ша­руашылығы назар аударуды қажет­сінеді. Кезінде дүрілдеп тұрған май­бұршақ өңдейтін бірегей кәсіп­орын мен қант зауыты қалыпты жұмыс істесе, жүздеген адам жұмыс­пен қамтылып, ауданның бюджеті де жақсарады. Ескелді ауданының жағдайы да жаман емес. Бау-бақ шаруашылығы, мал шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Облыстағы қант қызыл­шасын ең көп егетін ауданның бірі. Әзірге тоқтап тұрған қант зауыты­ның жұмысы қалыпқа түсер күнді күткен жұрттың алдағы күнге деген үміті зор. Ақсу ауданының Қапал өңірі тамылжыған табиғатымен туризмге сұранып тұр. Бір кезде мың­­ғыртып мал, жайқалтып егін өсір­ген шаруашылықтардың іргесі шайқалып, шалғайдағы фермалар тозып кеткен. Солардағы тұрғын­дарға мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасалса, «Қапал-Арасан» шипажайының жұмысын жолға қойса, табыс тасқындар еді. «Қы­зы­лағаш» су қоймасы қайта салын­ды. Соның арқасында суармалы жерлер көлемін ұлғайтуға жағдай туды. Соған сай егін шаруашылы­ғында кеткен есені қайтарар кез келді. Сарқан – өзендер өрнектеген өлке. Барлық бағытта даму мүм­кіндігі мол. Әсіресе, бір кездегі атақ­ты сүт зауытын реттеу керек. Асау өзендердегі су электр стансала­ры­ның жұмысын жүйелесе, ау­данның экономикалық қуаты арта түсері анық. Кербұлақтағы цемент зауыты­ның өнімдері бүгінде еліміздің бар­лық аймағына жөнелтілуде. Аймақ­та мал және егін шаруашылығы жақсы жолға қойыл­ған. Бидайдың қатты сұрыптары молынан өсіріледі. Қоғалының кар­тобы да үлкен сұра­нысқа ие. Күрең­бел өңірінде аса бағалы әрі сирек кез­десетін мыс түрінің аса үлкен қоры анықталған. Қазір соны иге­ріп, ел игіліне асыру ойластырылып жатыр. Панфилов ауданын айтқанда, «Қорғас» шекара маңы ынтымақ­тастығы халықаралық орталығы бірінші кезекте еске түседі. Көрші мемлекеттен және сол ел арқылы басқа елдерден тасымалданатын мыңдаған тонна жүк өткізетін ке­ден­нің жұмысы көлеңкелі тұстардан арылып, нақты мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Құрғақ порт­тың әлеуетін толығымен пай­да­ланып, шекаралық жүк тасыма­лын реттесек, бір аймақты асырай­тын қаржы осыдан-ақ түсері сөзсіз. Ауданда мал және егін шаруашы­лығын дамытуға да мүм­кіндік мол. Осындағы отандық қант қызыл­шасы тұқымын өсіретін ел­дегі бірден-бір кәсіпорынға қолдау көрсету, жылыжай шаруашылығын дамыту қажет. Еңбек ардагері, алакөлдік Болат Қошқарбаевтың пікірінше, Жетісу­дағы көп істің басы шекаралық елді мекендердің шырайын келтіруден бастаған дұрыс. – Алыстағы Алакөлдің де соңғы жылдары қарышты дамып келе жатқанын көріп, сезініп жүрген­діктен, Жетісу облысының болаша­ғы зор дегенді сеніммен айта ала­мын. Күні кеше шекаралық ауданға арнайы ат басын бұрған облысы әкімі Бейбіт Исабаев та халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылатынын жеткізді. Біз Жетісу өңірінің одан ары өркендеп, дамитынына сенеміз. Соның ішінде шекаралық елді мекендерге ерекше қолдау қажет екенін еске салғымыз келеді, – дейді ол. Ебін тауып, ретін келтіре алса, Алматы мен Жетісуды дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруға болады. Тек ниет пен әрекет болса жеткілікті.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы