Зерделі зерттеуші
Зерделі зерттеуші
1,231
оқылды
Ғылым саясаттан тыс болуы керек. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сондай-ақ ғалым пендешілікке де бой бер­меуі тиіс. «Пендешілік деген адамды жеңбей қоймас дейсіз бе?» Жоқ. Ұлттық Ғы­лым академиясының академигі, фи­лоло­гия ғылымдарының докторы Сейіт Қас­қабасовтың ұстаздығын көрген, ғалым­дығын білетін адам оның шынайы, бойын пенделіктен жоғары сақтай білгеніне куә. Таза ғылымды көріп, шын ғалымнан тәлім алған, өнегесін көрген біз шын мәнінде, бақытты ұрпақпыз. «Мен Сейіт Қасқабасов­тың шәкіртімін» дегенді мақтанышпен айта алатын санаулы адам болғанымыз үшін және ұстазымыздың өнегесін өмір бойы елге үлгі ететін насихаттаушы да біз екені­міз мақтаныш. «Жақсыда жаттық жоқ». Ұлты, діні өзге болса да, Нина Сергеевна Смирнованың көзі, ақыл ойы Сейіт Қасқабасов пен Едіге Тұрсыновқа түсуі бекер емес. Екеуі де шын мықты. Сейіт ағайымыз өзімен бірге қатарлас, үзеңгілес Едіге Тұрсынов­тың өміріндегі қиын кезінде де оны ұмытқан жоқ, Сейіт Асқарұлы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болып тұрған кезінде Едіге Тұрсыновқа докторлығын қорғатып, ғылыми дәрежесін ресми алып берді. Шын ғалым ретінде халықтың оған деген ерекше ықыласын көрген соң, бұл да бір бақытты дәурен деңіз. Иә, солай. Ал тағы бір керемет дәурен – Сейіт Асқар­ұлының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директор болған 10 жылы. Бір ғана Сейіт Қасқабасов үшін ғана емес, түгел ұжым үшін керемет еңбек жылдары болып еді. Қандай реформа болса да, біз ғылымды ұйымдастырудағы жаңалықтардан қаймықпадық. Қайта Сейіт Қасқабасовтың қалқанында бүкіл ұжым бір кісінің баласындай «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдықты, «Бабалар сөзі» атты жүз томды, одан кейін де бірнеше іргелі жобаларды іске асырып, халыққа жарқырата ұсына алдық. Абырой қымбат деген, жұмыс үшін бір жа­зылған тақырыпты Сейіт Асқарұлы кем дегенде, бес-алты рет оқып беріп, қайта-қайта жетілдіруге бағыт беріп отырды. Біз фольклорлық кезең бойынша «Қазақ әдебиетінің тарихын» дайындап жатқан кезде әлі 1961 жылы М.Әуезов жобасын түзген «Қазақ әдебиетінің тарихы» қолданыста еді. Ғылым бір орында тұрмайды, елу жылдан бергі жаңа зерттеулердің нәтижелері бар, тәуелсіз Қазақстанның ақжолтай хабарымен әдебиет тарихындағы ақтаңдақтардың ғылыми айналымға қосылуы бар – осының бәрі жаңа тарихтың жа­зылуын қажет ететіні анық еді. Тек Сейіт Асқар­ұлы­на дейін директор болған адамдардың жүрегі дауаламады, бұл сөзіме ешкім ренжи алмайды. Сейіт Қасқабасов дайындатқан «Қазақ әдебиеті­нің тарихы» бірінші томы 2008 жылы жарық көрді, сонда арада елу жыл уақыт өтсе де, мұндай жұмысы да, жауапкершілігі де өте ауыр «Қазақ әдебиетінің тарихын» біліміне, ғылымына сенген Сейіт Қасқабасов қана қолға алды. Және он том «Қазақ әдебиетінің тарихы» ғана емес, жүз том «Бабалар сөзін» және одан да басқа бүкіл институт ұжым болып еңбек ететін жобаларды ұсынып, өзі бас-көз болып, қай-қайсысын да соңына дейін жеткізді. Тағы бір керемет дәурен дейінші, шын ғалымдар Зәки Ахметов пен Серік Қирабаевқа інілік парызбен де, ғалымдық пайыммен де үнемі ізет көрсетті. Біз осы ілтипатты көрдік. Шын ака­демиктердің басы қосылған ғылыми кеңестердің кереметтігін біз әлі күнге дейін ұмытпаймыз, әлі сол шақтарды сағына еске аламыз. «Бабалар сөзінің» жүз том болып жарық кө­руінің өзі – бір тарих. Кеңес кезінде де фольклор­лық мұраларды көп томдық ретінде жариялаудың басы басталғанымен, соңына дейін түрлі себеп­термен «Су аяғы – құрдымға» кететін. Жүз том дүниенің шығуы біздің елде Сейіт ағайдың еңбе­гімен байланысты және дәл мұндай жүз томдық сол кезде бүкіл посткеңестік аумақта ешкімде болған жоқ-ау. Осы күні шын ғалым, шын академик деп бөліп айтатын жағдайға жеттік. Себебі парасатты адам ретінде адал еңбекті, ақыл-ойды бағалай білуге тиіспіз. Сейіт Асқарұлының қай зерттеуін ал­саңыз да, шын ғылыми зерттеулерді көресіз. Көзіңіз ашылады, санаңызға сәуле дариды. Дәл қазір екі мәселеге назар аударғым келеді, бірі – қорқыттану бойынша және екіншісі – жырау типіне қатысты. Қорқытты тарихи тұлға ретінде тану ғылымда әлі тоқетер шешімге келген жоқ. Шындығында, әлемдік ғылым осы мәселе бойынша екі топқа бөлінді. Сейіт Асқарұлы ғана емес, В.Жирмунс­кий, тағы да басқа әлемнің көрнекті ғалымдары «Қорқыт – жинақталған тип, халықтың ар­манымен, қалауымен сомдалған әлеуметтік бей­не» дейді, Сейіт Қасқабасов осындай пікірлерді ұсынбас бұрын сонау Гильгамештен бастап типо­логиялық ұқсастықтарды зерттеп, осы пікірге тоқтайды. Бірақ соңғы кезде қорқыттануда то­қырау бар екені жасырын емес. Қорқыттың тарихи тұлға екенін дәлелдеуге әрекет етуден бұрын оның есіміне қатысты белгілі аңыздардың шеңберінде шектелу, магистр, доктор дәрежесін алу үшін жаңадан күйлер «тауып беру» көрініс тапты. 1999 жылы «Қорқыт ата» энциклопедиясында Қорқыттың күйі ретінде бірнеше нота берілді. Осымен тоқтау дұрыс болар еді. Жоқ, кейбір әуесқой зерттеушілер көрнекті қылқобызшы, композитор Ықылас Дүкенұлының авторлық күйлерін Қорқыттың атына «байлап» беру сияқты жағдайлар болды. Ақырында, тұқым-тегінен қобызшы, көрнекті күйшінің ұрпағы, этно­музыкатанушы Ақнар Тәттібайқызының үлкен қайраткерлігі арқасында және Мәдениет және спорт министрлігінің араласуымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғалымдары мен оқытушыларынан эксперттік комиссия құрылып, Қорқытқа телініп келген бірнеше күй өз иесіне қайтарылуы керек, яғни Ықылас Дүкенұлының шығармалары деп та­нылуы тиіс деген шешім шығарылды. Осындай жағдайға жетудің себебі соңғы кезде кейбір тым еркінсушіліктен болған. Ал ғылымның қадірін білетін жас зерттеуші әуелі шын ғалым Сейіт Асқарұлының еңбектеріндегі зерттеу және зер­делеулерге уақыт бөлгенде, мұндай адасушылық болмас еді. Шын ғалымнан үйренуде жершілдік жүрмеуі керек. Бүгінде тағы бір айту қажет болып тұрған жағдай «Жамбыл – жырау» дегенге қатысты. Жырау типі үшін академик Сейіт Асқарұлы басты сипаттарын атап берген. Ақын да өз заманының идеологы дерсіз, бірақ ханның қасында отырып, «Ай, Абылай, Абылай» деп, оған сын мен ақылын айтқан Бұқар жыраумен кеңестік дәуірдегі ақын қалайша бір тип болады? Жамбылдың үлкен ақын екеніне ешқандай қарсылығым жоқ, дегенмен ғылымда әр нәрсе өз атымен аталуы тиіс. Бұл бізде ғылыми ойдың қаншалықты дамығанын немесе дамымағанын көрсетеді, әйтпесе дыбыс үндестігіне қызығып, ұлы ақынды жырау деу типке бөлгенде, қи­сынсыз. Бізде ғылым дамыған, егер дамыған жоқ десек, Сейіт Қасқабасовтың тасқа басып, қо­лымызға ұстатқан зерттеулеріндегі әр нәрсені салыстыра тануды ғылым емес деп, қалай ай­тамыз? Мәселе – кейінгі буынның салғыртты­ғында болып тұр. Ал Сейіт Қасқабасовтың өмірі мен өнегесі, білімі, ақыл-ойы ендігі жерде бәрін де ойландыруы керек. Біз білетін алыс-жақын шетелдің бәрінде де ұстазымыздың ғалымдығын мойындайды, ендігі жерде кейбір әуесқой зерт­теушілердің қазақ ғылымына көлеңке түсірмеуін де ой­лауымыз керек. Ал шын ғалым Сейіт Асқар­ұлының ғылымдағы, өмірдегі жұлдызы әрдайым жарқырай беретіні сөзсіз. Бұл да – біз көрген және көре білуміз керек керемет дәуреннің бірі. Айтпақшы, «Қасқабасовтың шәкірті – біз, өзіміз санаулы ғанамыз» деуге болмайды екен, Сейіт Асқарұлының ғылыми кеңестерін алған жастар ғана емес, өздерін белгілі санайтын тұл­ғалар да оның алдына талай келген. Оның айтқан ақыл-кеңестерінің бағытымен диссертацияларын жазған. Ұстазымның жаңа жасы құтты болсын деп айта отырып, шәкірттерінің атынан Сейіт Қасқа­басовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру керек деген ұсынысымызды да жеткізгім келеді. Мұндай шын ғалым, шын ұстаз бір ғасырда бір келе ме, жоқ па, жастарға шын үлгі, өнеге болатын тұлға ретінде бар кезінде бағалауымыз керек. Иә, шын ғылым саясаттан тыс, ешқандай жершілдікке де салуға келмейді. Қасқабасов – біздің дәуірдегі мықты ғалым, бұған ешкім таласа алмайды. Біз куә болған кереметтер – шын ұстаз, шын ғалым және шынайы ғылыми еңбектер!

Риза ӘЛМҰХАН, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Нұр-Сұлтан қаласы