Көкшетауда «жыры» жылдан астам уақытқа созылған көпір жақында пайдалануға берілген. Он мыңдаған халық сарыла күткен нысан құрылысына қала бюджетінің қоржынынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда осынша зор қаржыға салынған көпірдің жанына суағар салу «ұмыт» қалыпты.
Естеріңізге сала кетсек, Қылшақты өзенін кесіп өтетін бұл көпірдің құрылысы былтыр сәуір айында басталған. Жергілікті атқарушы билік жыл соңына дейін аяқталатынын айтып ант-су ішкен. Алайда жұрт жылға жуық уақыт қоғамдық көлік қатынасынсыз қалған.
Жақында көптен күткен көпір де ашылды. Бірақ жаңа көпірдің жағдайы көпір пайдалануға берілгеннен кейінгі алғашқы жаңбырда-ақ белгілі болды. Суағар салынбағандықтан, көпірдің жаны үлкен көлшікке айналған. Тұрғындар көпірдің дұрыс салынбауының салдарынан жанындағы тұрғын үйлердің жертөлелерін су басқанын жеткізді.
«Жылдан астам уақытқа созылған көпір пайдалануға берілген. Бірақ жанына нөсер жаңбыр кезінде өзенге ағып кететін суағар салынуды қажет деп таппапты. Салдарынан Сүлейменов көшесі 6-үйдің жертөлесі суға толды. Өйткені дәл Сүлейменов көшесі 8-үйдің жанында өзенге баратын суағар жоқ. Көпір құрылысы кезінде ол салынбай қалыпты. Ұмытып кетті ме? Әлде осылай да болады деді ме? Ол жағы белгісіз. Элеватор ауданында суағар «Достар» мәдениет сарайынан көпірге дейін ғана салынған. Ал Абылай хан даңғылына дейін мүлдем жоқ. Адамдар кешегі сел жаңбырдан кейін элеватор аялдамасында жолды кесіп өте алмай қалды», – дейді қала тұрғыны Анна Жанарисова.
Тұрғындар көпір аяқталса да қоғамдық көліктердің жүрмей жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Бізде кез келген жолға асфальт төсегенде жаңбырдан кейін судың қайда кететінін ойламайды. Суағарлар жұмыс істемейді, яғни олар мүлде жоқ болады. Соңғы жаңбырдан кейін тұтас қала суда жүзді. Кеше балериналар сияқты жолды кесіп өту үшін және тротуардың өзінде секіріп жүрдік. Әлі күнге дейін автобус жоқ. Жаяулап жүргенімізге жылдан асты. Жалғыз №13 автобус бағытын қосқан. Бірақ оны күтіп болмайсың. Желіде бар-жоғы 2-3 автобус ғана жүреді», – дейді Элеватор ауданының тұрғыны Инара Қабдылмәлік.
Аталған мәселе бойынша қала әкімдігінен түсініктеме алмақ болдық. Әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшылығы мәселені нысанның әлі толықтай пайдалануға берілмегенімен түсіндірмек болды.
«Көпір әлі толықтай пайдалануға берілген жоқ. Мердігер «Бука» компаниясына кемшіліктерді жою үшін хабарлама жібереміз. Техникалық қадағалау мамандарымен бірге нысанға барамыз. Жолдағы кептелістерді азайту мақсатында нысан пайдалануға берілмегенімен, көліктерді көпірден жүргізе беруге шешім қабылданған. Мердігер компания кемшіліктерді түзететін болады. Автобус бағыты бойынша «Көкшетау автобус паркімен» келісім бойынша №13 бағыт қосылған. Автобустардың шығуы бойынша парк басшылығына ескертеміз», – дейді Көкшетау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Ерболат Серікпай.
Сонымен, әзірге миллиард теңгенің үстіне шыққан көпірдің жыры бітпей тұр. Жергілікті әкімдік мәселені қашан толықтай шешетіні әзірге беймәлім.