Тірі қалғаны үшін тергеліп жатыр ма?
Тірі қалғаны үшін тергеліп жатыр ма?
1,353
оқылды
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылысқа қатысты жаңа деректер мәлім болып жатыр. Бұған дейін тергеу орындары қоймадан соңғы шыққан төрт сарбазды қамауға алса, енді күні кеше апат орнына алғашқылардың бірі болып жеткен екі өрт сөндірушінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтыла бастады. Негізінен, жарылысқа се­беп­кер ретінде Құлан ауылындағы №42062 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың күдікті деп та­ны­лып, қамауға алынғаны көптің түсінбеушілігін туғызған. Шым­кенттік Әсет Әшірбайдың анасы Алмагүл Асанова «лауазымды әскерилер өздерін ақтап алу үшін бар кінәні жауынгерлерге артып жатыр» деп жанайқайын білдірген еді. Баласын қызғыштай қорғап шырыл қаққан ана тіпті әскери шенділер тарапынан «балаңызды көндіріңіз, кейін ақтап аламыз» деген ұсыныс та айтылғанын жет­кізген. Әзірге Әскери тергеу бас­қармасы сарбаздардың тағдыры­на қатысты ештеңе айтпай отыр. Алайда оның орнына тағы екі өрт сөндірушінің тергеле бастағаны отқа май құя бастады. «Қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылған Байзақ ау­даны өрт сөндіру бөлімінің қа­рауыл бастығы Асыл Мұхамет­жанов видеоүндеу арқылы Мем­лекет басшысынан араша сұрады. Ол әскери прокуратура тарапынан көрсетілген қысымға шыдай алмаған. Оның сөзіне сүйенсек, өрт сөндірушілердің іс-әрекетінде ешқандай салғырттық болма­ғанын куәгерлер дәлелдеп беріпті. Алайда соған қарамастан Әскери тергеу басқармасы қудалауды тоқтатпаған. Өрт сөндіруші қазір апат кезінде алған жарақатынан емделіп жатыр. Дәрігерлер оның денсаулығын жұмысқа жарамсыз деп таныған. Қызығы, алғаш­қы­лардың бірі болып тілсіз жауды ауыздықтауға аттанған Асылдың батылдығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалі табысталған. Бірақ соған қарамастан ол істі болған. Батыр ұлдың әкесі Жомарт Мұ­хаметжанов баласының тірі қал­ғаны үшін кінәлілердің қатарына қосылғанына аң-таң.
– Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілерге төрт адам басшы­лық жасаған. Соның екеуі қайтыс болып, екеуі тірі қалды. Енді тірі қалған екеуін неге тергеп жатыр? Сонда балам тірі қалғаны үшін кінәлі ме? – дейді әке.
Күдікке ілінгендердің бірі ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департа­мен­тінің басқарма басшысы – Ман­сұр Шайкрамов. Екі азаматқа қатысты да облыстық прокуратура нақты ақпарат бермей отыр. Тек тергеу амалдары жүріп жатқанын айтады.
– ҚР ҚК 371-бабының екінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір тергеуді Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу басқармасы жүргізіп жа­тыр, – дейді облыстық прокура­ту­раның бірінші басқармасының аға прокуроры Дархан Саты­бал­диев.
Ал облыстық Төтенше жағ­дайлар департаментінің басшы­лығы қызметкерлерінің құқығын қорғау үшін бар мүмкіндікті қа­растыруға дайын.
– Қазір тергеу жұмыстары жү­ріп жатқандықтан, оның жай-жапсарын ешкім айтпай отыр. Алайда біз қол қусырып қарап отырмаймыз. Қызмет­керле­рі­мізді қорғауға бар күшімізді саламыз, – дейді облыстық Тө­тенше жағ­дайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков.
Негізі, құзырлы органдар мұн­дай жағдайда барлығын құпия ұстайтыны белгілі. Сол себепті тергеу амалдарына қатысты бірде-бір мекеме ресми ақпарат бермей отыр. Алайда «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылған азаматтардың екеуі де өртке қар­сы күрес қызметіне барын берген қарапайым құтқарушылардың қатарында. Мәселен, Мансұр Шай­крамов «Төтенше жағдай­ларды жоюға белсенді қатысқаны үшін», «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін», «Өрт­ке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» медаль­дарымен наградталған. Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде тө­тенше жағдайдың салдарын жою­ға белсене қатысқаны үшін ІІ дә­режелі «Айбын» ордені мен «Тө­тенше жағдайдағы ерлігі үшін» медаліне ие болған. Асыл Жомартұлы да азаматтық қорғау саласында 13 жыл қызмет етіп, 40-қа жуық марапатқа ие бол­ған. Оның соңғысы – Прези­дент­тің Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалі. Алайда өз­гелердің өмірі үшін басын қатерге тіккен азаматтардың жанкеш­тілігіне құрмет көрсетіп, өздерін істі ету кімге керек болғаны бел­гісіз. Бұл жағдайда мәселенің мән-жайын анықтап, әділдіктің сал­танат құруы тергеу орган­да­рының кәсібилігіне байланысты болмақ.

Жамбыл облысы