Ерекше жандар ескерусіз қалмаса...
Ерекше жандар ескерусіз қалмаса...
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
657
оқылды
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде мүгедектігі бар адам саны 600 мың болатын. Енді бүгінде олардың саны 705 мың 500-ге жетіп отыр. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың артуы белгілі бір мағынада объективті процесс екені рас, әйтсе де қоғам мен мемлекет мүгедектік деңгейін төмендетуде дәрменсіз емес. Тіпті, қарсы шаралар қолдануға міндетті. Өз бетінше жүріп-тұруы шектелген жандардың санының артуы күллі қоғамға ортақ жауапкершілік жүктейді. Адамды жарымжан күйге түсіретін бұл жазатайым жағдайлардың себебі өте көп. Бірі денсаулығына салғырт қарап, ұзақ уақыт емделмей жүргендіктен, айықпас ауруға шалдықса, енді бірінде экологиялық фактордың рөлі бар. Тағы бір маңызды фактор өндірісте болатын жарақаттану оқиғалары. Қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтамау, материал­дар мен сақтандыру құралдарын үнемдеу және тағы да басқа жағдайлар өндіріс аймағы мен шахталардағы жазатайымның көбе­юіне себепші болады. Статистикаға сүйен­сек, 2019 жылы елімізде 1 430 өн­діріс­тік жарақаттану жағдайы тіркелген болса, 2020 жылы ол 1 503-ге жеткен. Бұл рет­те әдетте жауапты мемле­кеттік орган­дар мен жұмыс беру­шілер зардап шеккен­дер мен олардың отбасы­ларына өтем­ақыны белгіленген сомада ғана төлеуге ұмтылатынын атап кеткен абзал. Одан соң келесі осындай оқиға болғанға дейін ұмытып кетеді. Ал жұмыс беруші өзінің бұрынғы жұмыс­шысының жағдайына бас қатырмайды. Келесі бір фактор ретінде жол-көлік оқиғаларын айтуға болады. Елімізде жыл сайын 12-13 мың көлік апаты тіркеледі. Оларда 2 мың адам қайтыс болса, 18-20 мың адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алады. Зардап шегушілердің көпшілігі өмір бойы мүгедек болып қалады. Халық­аралық құқық қорғау ұйымдары­ның на­зарын қоғамдағы мүгедектер санын азайту проблемаларын шешуге аудару керек сияқты. Басқаша айтқанда, туабітті мүгедектіктің аз санын есептемегенде, жазатайым жағдайларды азайту біздің қоғам мен мемлекеттің күш салуына байланысты. Бұл тұста мемлекет неғұрлым кең жәрдем көрсетуі қажет. Зағиптар қо­ғамы, саңыраулар қоғамы сияқты ұйымдар арқылы мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етіп, мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды ұлғайту, мүгедектердің физикалық дерек­терінің ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы салынған күнделікті тұтыну үшін қажетті тауарларды өндіретін шағын фабрикалар құру, оларға тұрғын үйлердің бірінші қабатынан пәтер беру керек. Компьютерлер мен басқа ма­шина­лардың көмегімен әр мүгедек үшін функционалды, эстетикалық және адамға балдақсыз қозғалуға мүмкіндік беретін протездерді (бионикалық протездер, ки­бер­протездер, нейропротездер) құрас­тырып, бейімдейтін дамыған елдердің тәжірибесін зерттеу қажет. «Қазақстан Республикасында мүге­дек­­тердің құқықтарын әлеуметтік қорғау туралы» заң еліміз 2015 жылғы 21 сәуірде ратификациялаған БҰҰ-ның Мүгедек­тердің құқықтары жөніндегі конвен­циясымен сәйкесу үшін жетілдіруді қажет етеді. Атап айтқанда, қазақстандық заңда мүгедектің өмір сүру құқығының кепіл­діктері туралы, барлық мүгедектердің заң алдындағы және қазақстандық қоғамның барлық мүшесінің теңдігін қамтамасыз ету туралы нормалар жоқ. Қазақстан аталған халықаралық конвенцияны ратификациялағандықтан, жаңа заң әзірлеп қабылдағаны дұрыс. Осындай тәсілмен мүгедектердің жоғарыда кел­тірілген құқығын кеңейтілген форматта реттеуге, сондай-ақ конвенцияда көз­дел­ген басқа да құқықтарды келтіруге болады. Мүгедектердің өмір сүру деңгейін көтеру керек, олар толыққанды адам сияқты өмір сүруі қажет, оларды жоғары мақсаттарға қол жеткізуге толық жағдай жасау керек. Мен Нью-Йорктегі БҰҰ-ның 2012 жылы мүшесі ретінде жұмыс істеген кезімде Адам құқық­тары жөніндегі комитетке келген америка­лық мектеп оқушыларына, олардың ұлы отандасы Франклин Рузвельт туралы мысал келтірдім, ол мүгедектігіне қарамастан, қатарынан 3 мерзімде үлкен елдің Пре­зидентінің өкілеттіктерін жо­ғары кәсіби деңгейде жүзеге асырды. Осын­дай мысал­дармен біз қазақстандық мүгедектерді де шабыттандыруымыз керек. Біздің еліміз 2008 жылғы 11 желтоқ­санда қол қойған, бірақ осы күнге дейін рати­фикацияламаған осы конвенцияға Факуль­тативтік хаттама әлі де бар. Хат­таманы ратификациялаудың мәні мынада: Қазақ­стан оны ратификациялаған­нан кейін елдің барлық мүгедектерінде олар­дың құқығын қандай да бір дәрежеде бұз­ған мемлекеттік органдардың шешім­дері мен әрекеттеріне шағым жасау құқы пайда болады. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға өз құқығы мен заңды мүддесін қосымша қорғаудың тағы бір тәсілі болар еді. Бұл тағы бір халықаралық орган – БҰҰ-ның Мүгедек­тердің құқықтары жө­ніндегі комитеті мүгедектеріміздің істері мен мәселелеріне тереңірек үңіліп, оларға жан-жақты көмек көрсете бас­тайды деген сөз. Ендеше бүгінде Қазақстан мемлекеті атынан рати­фикациялық құжатқа қол қо­йылып, БҰҰ қарауына ұсыну ғана қалып тұр.

Марат СӘРСЕМБАЕВ, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы,  профессор